ANTIKOR • 04 Қаңтар, 2022

Субсидиялар әділетсіз бөлінген

437 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент. Еліміз­дегі ең ірі үш мегаполис сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша алдыңғы үштікке енсе, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары өңірлердің «көшін» бастап тұр. Ал салалар бойынша жемқорлық фактілері ауыл шаруашылығы, білім, тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау ве­домстволарында көп тіркелген.

 

Субсидиялар әділетсіз бөлінген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Марат Ахметжановтың мәлімдеуін­ше, былтыр ауыл шаруашылығы саласы бойынша 960 қылмыс тіркелсе, оның жартысынан астамы субсидияны жымқырумен байланысты. Осыған орай Президенттің тапсырмасымен субсидиялау тәртібін қайта қарау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Ауыл шаруашылығындағы сыбайлас жемқорлыққа не ықпал ететінін ашық айтқан агенттік төрағасы: «Мемлекеттік бағдарламалар пайда болған кезде бөлінген қаражаттың ғылыми және экономикалық аспектілері ескерілмейді. Нысаналы индикаторлар нәтижеге емес, процес­терге бағытталған. Демек, бақылаусыздық осыдан шығады. Субсидияларды тиімді пайдалануға Ауыл шаруашылығы министрлігі де, әкімдіктер де жауап бермейді», дейді.

Қарапайым фермерлер үшін өтінімдерді қа­былдаудың басталғаны туралы ақпарат қолжетім­сіз. Себебі өтінімдер берілетін «Қолдау» базасында ке­зектілік ашық емес. Сондықтан да субсидиялар әділетсіз бөлінеді. Қазіргі таңда субсидиялау жүйе­сіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты 62 қыл­мыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Алайда М.Ахметжановтың айтуынша, «бұл тіркелген қыл­мыстық істер – айсбергтің жоғарғы жағы ғана».

Сондай-ақ былтырғы 11 айда ел көлемінде 1500-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 1 280 адам жауапқа тартылған. Жемқорлыққа бар­ғандардың 159-ы түрлі деңгейдегі басшы лауазы­мындағылар.

«Мемлекет бюджетіне 20 млрд теңгеден ас­там залал өтелді. Бірақ бұл құрғақ сандар мәсе­ленің шынайы бет-бейнесін ашық көрсете алмайды. Статистика бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны өткен жылға қарағанда 34 пайызға төмендеген. Оның белгілі бір себептері де бар. Биылдан бастап біз жаңа үш буынды модель жүйесінде жұмыс істеуді бастадық. Қазір азаматтардың құқықтарына қатысты бар­лық процес­суалдық шешімдер прокурордың келісі­мінсіз заңды күшіне енбейді. Яғни тергеудің алғашқы кезеңінен бастап тиісті сүзгі жасалады. Сондықтан әрбір қылмысты тіркемес бұрын істі мұқият қараймыз. Формальды негіздер бо­йынша қылмыстарды жаппай тіркеу тәжірибесі тоқтатылды. Азаматтарды қылмыстық орбитаға негізсіз тарту азайды», деді агенттік басшысы.

Агенттіктің рейтинг көрсеткіштерінен бас тарт­қанын айтқан М.Ахметжанов жұмыстағы жаңа әдіс-тәсілдер жайлы мағлұмат берді. Оның айтуын­ша, бұған дейін агенттік қылмыстық қудалау ор­га­ны ретінде құрылып, жұмыстың тиімділігі қылмыс саны және қоғамдық резонанс тудырған ұстау, қамаулармен бағаланатын. «Лауазымды адамдарды ғана ұстау жемқорлықтағы жүйелі мәселені түбегейлі шешпейді. Осы уақытқа дейін мұндай тәсілдер жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жойған жоқ. Мемлекет басшысы да бұған ерекше назар аударып, жемқорлықтың шарттарын жоймай, онымен күресу – жел диірменімен алысумен бірдей деп айтты. Сол себепті де қазіргі кезде агенттік жұмысы қайта бағдарлануда», деді бұл жайында ведомство басшысы.

Көп бағытта жүргізілген цифрландыру, жемқор­лық туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу жүйесін жетілдіру, мемлекеттік ұйымдарда жа­қын туыстардың бірлескен жұмысын шектеу, қол астындағы қызметкердің жемқорлығы үшін басшылардың жеке жауапкершілігін айқын­дау, жемқорлық қылмысы үшін құқық қорғау ор­ган­­дарының қызметкерлері мен судьяларға жа­за­ны күшейту – бұл осы бағытта жүргізілген жұмыс­тардың бір парасы ғана. Мәселен, бүгінде пара­қорлық үшін бас бостандығынан айыру мерзімі 15 жылға дейін ұзартылып, ауыр жемқорлық қыл­мыстары үшін түзеу мекемелерінен ерте босату алынып тасталды.

БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлық істе­рі­нің үштен бірі «пара беру» бабы бойынша тірке­летінін де мәлімдеді. Егер 2015 жылы «пара беру» бабы бойынша тіркелген фактілер барлық қыл­мыстардың 10 пайызын құраса, биыл бұл көр­сеткіш үштен бір бөлігін алып отыр.

«Адамдар шенеуніктерге саналы түрде пара береді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың бүкіл жүйесін қайта форматтау қажет. Қазір қолданыстағы салалық заң күресті емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды мақсат етіп отыр. Бұл біздің агенттіктің қазіргі атауында да көрініс тапты», деген спикер бұл кеселмен қоғам болып күресудің өзектілігін де сөз етті.