СОЛ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ ЖОЛ АШАДЫ
Адами капитал дегенде – әңгіме жаңа заман талабына сай келетін адам жөнінде болып отыр. Өткен ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ – ғасырдың басы біздер үшін жаңа заман болып табылады. Иә, жаңа қоғам, жаңа қоғамдық қатынастар қалыптаса бастады. Президент Н.Назарбаевтың және халықтың қажырлы еңбегінің, бірлігі мен ынтымағының арқасында жаңа Қазақстан аз уақыттың ішінде бүкіл әлемге танылды.
Жаңа заман жаңа адамды дүниеге әкелетіні тарихтан белгілі. Есімізге түсірейік, қайта өрлеу дәуірінен басталатын жаңа капиталистік заман, Ф.Энгельстің сөзімен айтсақ, “алыптарды қажет етіп, алыптарды туғызған заман” болды. Сол заманның алыптары кім болғанын және қандай болғанын біз мәдениет, философия, ғылым тарихынан білеміз. Сондай жаңа дәуірді тәуелсіздік алғаннан кейін біз де бастап жатырмыз.
Жаңа заманның жаңа адамы қандай болуы керектігін біз Елбасының ҚазҰУ-де оқыған дәрісінен, соңғы кезде сөйлеген сөздерінен, “Қазақстан жолы” деген еңбегінен, “Известия” газетінде жарияланған мақалаларынан анық аңғарамыз.
Жаңа адамның тұрпаты мен болмысы отбасында, мектепте және жоғары оқу орындарында қалыптасады. Демек, бұл тарихи міндетті ойдағыдай атқаруға біздердің де тікелей қатысымыз бар. Көп нәрсе тәрбиеге және білім беру ісіне байланысты. Қоғам, мемлекет тарапынан жаңа адамды қалыптастыруға қажетті шаралардың бәрі істеліп жатыр. Бар мәселе, бізге, ата-аналарға, мұғалімдер мен оқытушыларға және оқитын, тәрбие алатын ұрпаққа тіреледі.
Қазір елімізде ұстаздардың біліктілігіне және дайындық деңгейіне айрықша мән берілуде. “Білім берудің сапасы, – деп атап көрсетті Елбасы, – көп жағдайда оқытушыға – оның біліміне, қабілетіне, машықтарына, педагогикалық шеберлігіне және рухани ізгілік позициясына байланысты. Бәсекеге қабілетті, білікті мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға, оларды, былайша айтқанда, “қолдан баптап” өсіруге кім тікелей жауапкершілікті сезінсе, оқытушы – сол”. Жасыратын несі бар, әлі де арамызда өзінің білімін, шеберлігін жетілдіруге тырыспайтын, жаңа әдебиеттердің бетін ашпайтын, бұрынғы ескі қормен келе жатқан оқытушылар кездеседі. Немістің ұлы ақыны Гетенің бір сөзі бар еді: “Біздерді оқытатын, үйрететін адамдарды біз орынды түрде ұстаздар деп атаймыз. Бірақ бізді оқытатындардың бәрі бірдей бұл атқа лайық емес”. Ендеше, әңгіме оқытушылардың біліктілік және адамгершілік деңгейінде болып отыр.
Оқу-тәрбие жұмысында бірінші кезекте ескерілетін нәрсе – оқушылардың, студенттердің білімге ынта-жігерін қалыптастыру. Тәжірибеден алынған мынадай қағида бар: талабы кем адамды сырттан күштеп, қорқытып ынталы, білімді, мәдениетті ете алмайсың. Егер оқушының, білімгердің өзі қаласа, талпынса, ізденсе, ұстаздардың айтқаны оған қонады, сөйтіп, екі жақтың да талабы бір жерден шығады. Абай айтады: “Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын” деп. Ұстаз міндеті – әрбір баланың санасына осындай түсінікті енгізу, Елбасы айтқандай, оқуға деген “шексіз қызығушылықты” туғызу.
Неміс философы И.Кант мынадай тәлімгерлік мысал келтіреді. Ағылшын королі І Яковке кезінде оны тәрбиелеп өсірген күтуші әйел менің баламды джентельмен етіп шығаршы, сенің қолыңнан келеді ғой деп өтініш айтады. Бұған король бұл менің қолымнан келмейді, мен оны граф ете аламын, ал джентельмен болу – оның өз ісі, – деп жауап береді. Сол сияқты ұстаз баланы үздік оқушы ете алмайды. Оның қолынан келетіні – оқушыға қажетті білімді беріп, оны оқуға ынталандыру.
Әңгіме жай білуде, жаттап алуда емес, білгенді түсінуде, игеруде, бойға сіңіруде. Сондай білім ғана ертең пайдаға асады. Көп нәрселерді танып, біліп қою жеткіліксіз, оларды түсіну керек. Осы мәселеге оқу-тәрбие ісінде әлі жете көңіл бөлінбей келеді. Елбасы өзінің дәрісінде бұған да назар аударды.
Ата-ана, ұстаздар қауымы адамды жастайынан “Қазіргі заманғы әлемде іс істеуге, білім ала білуге, өмір сүре алуға, бірлесіп өмір сүре білуге” үйретуі қажет. Бұл Елбасы атап көрсеткен ЮНЕСКО қалыптастырған “білім берудің төрт тағаны”.
Қазіргі жастар жан-жақтан құйылып жатқан ақпараттар заманында өмір сүріп жатыр. Тек ұстаздар да, олар оқытатын балалар да сол ақпараттар теңізінен өздеріне қажетті мағлұматтарды ала білуі керек. “Қазіргі заманғы білім берудің перспективалық міндеті, – дейді Елбасы, – ол сындарлы ойлай білетін және ақпараттар ағынында бағдар ала білуге қабілетті адамдарды даярлау”. Осыған орай, Елбасы жастардың креативті, яғни жаңаша, жасампаз ойлау қабілетін дамытуға назар аударады.
Бізге қазір ел ішінде және халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын білікті, намысты, рухты, алғыр, жан-жақты жетілген, интеллектуалды және эрудициялы адамдар қажет деп атап көрсетеді Елбасы.
Өткен жылы Президенттің тапсырмасы бойынша Астана мен Семейде интеллектуалдық мектептер ашылды. 2011 жылға дейін мұндай мектептер еліміздің әр аймағында ашылатын болады. “Олардың міндеті – дарынды балаларды, олардың таланттарының бағытын тауып, мақсатты дайындықтарын бастау”. Мұндай дарынды балалар бізде бар және оларды, Диоген құсап, күндіз шам алып жүріп іздеу керек.
Қазір бізде не көп – университеттер көп. Алдымызда тұрған қиын да күрделі міндеттерді шешуге қол жеткізетін осы университеттер болмақ. “Университет” деген сөз “универсал” деген сөзбен астарлас, яғни университеттердің міндеті жан-жақты жетілген мамандарды даярлау. Осыны есте ұстаған жөн.
Адами капиталдың сапасы дегенде әңгіме тұлға, тіпті дара тұлға жөнінде болып отырғанын айта кетуіміз керек. Қазіргі заман – тұлғаға сұраныс туған заман.
Кеңес дәуірінде тұлға жөнінде көп айтылды, көп жазылды. Бірақ ол кезде адамның тұлға болып қалыптасуы көптеген саяси, идеологиялық, экономикалық, әлеуметтік кедергілерге тап болып отырды. Тіпті социалистік қоғамға тұлғаның қажеті де болмады. Өйткені, тұлғаға дербестік тән: оның өз ойы, пікірі, көзқарасы бар. Ол идеологиялық үгіттеуге, икемдеуге көне бермейді. Кеңестік қоғамға сенгіш, көнбіс, ұжымшыл, бұқарашыл адамдар керек болды. Тұлғаның қалыптасуына ол кезде кедергі болған тағы бір нәрсе – жеке меншікке деген теріс көзқарас болды. Қазақ айтады: “Өзім дегенде өгіздей қара күшім бар, басқа дегенде бітіп болмайтын ісім бар”. Тұлғаның қызметін кеңес кезеңінде қоғаммен байланыстырып, қоғам мүддесін қанағаттандыру деп түсіндік. Бұл – дұрыс, бірақ жеткіліксіз. Капитализм алдыңғы қатарға жеке адамның мүддесін қояды. Өзі жөнінде, өзінің отбасы, жақын-жуықтары, абыройы, мұраттары жөнінде қам жемейтін, далақтап босқа шаба беретін адам тұлға болып ештеме бітірмейді. Адамның табиғи тіршілігі – адам болып өмір сүруге қажетті нәрселердің бәрімен өзін өзі қамтамасыз ету. Сонда ғана ол елдің де, қоғамның да қамын ойлап, қолынан келген нәрсенің бәрін істейді.
Адамның тұлға болып өмір сүруіне кесел болатын тағы бір нәрсе – жалған кішіпейілділік, өзінің орнын, бағасын білмеу, өзінің болмысына немқұрайды қарау. Баланы жасынан жігерлілікке, намысқойлыққа, еркіндікке баулу – бізде әлі қолға алынбай келе жатқан тәсіл. Өзін өзі сыйламайтын адамды басқалар да сыйламайды.
“Заманына қарай адамы” дейміз. Тәуелсіз елдің жастары да тәуелсіз ойлайды, анаған да, мынаған да жалтақтап, алаңдамайды. Олар өзіне өзі сенеді, ертеңіне үміт артады. Істің тиімділігін көздейді. Бұрынғыларға қарағанда қазіргі жастар прагматик болып келеді. Бұл да – заман талабы. Адам баласы адам болып өмір сүру үшін өзіне не керек екенін, алдымен, тап осы кезде не қажет екенін білуі керек. Естілік деп осыны айтамыз.
Жаңа заманның жаңа адамын даярлау үшін қоғамда әртүрлі саяси, экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық жағдайлар болуы керек дедік. Мұнсыз жаңа адам идеясы идеалдық жоба болып қалар еді. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары аз уақыттың ішінде осы бағыттағы шаралар қолға алынып, жүзеге аса бастады.
Бізде 90-шы жылдардағы өтпелі кезеңнен өту және бүгінгі таңдағы дағдарысты еңсерумен байланысты қарекеттер елімізді ілгері дамытуға бағытталған шаралармен бірге қатар жасалып жатыр. Елбасының өткен жылғы халыққа Жолдауының “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” деп аталуы тегін емес-ті. Дағдарысты да жеңу керек, сонымен бірге, алға да жылжу керек. Тоқтап қалуға болмайды. Елбасының оқушы жастарға қаратып айтқан “Ешқашан бастауды тоқтатпа, ешқашан тоқтауды бастама” деген үндеуінің саясатқа да тікелей қатысы бар.
Біз, Құдайға шүкір, уақыт талабынан кеш қалып жатқан жоқпыз. Кей бағыттарда біз оның алдын алып жатқандаймыз. Елбасының ұтымды саясатының арқасында Үкімет кездесер қиындықтарды жеңуге алдын ала қамданып жатты. “Егер ісім өнсін десең, – дейді Абай, – ретін тап”. Қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын шешуші қадамдар жасауда Президент істің ретін табудың озық үлгілерін көрсетіп келеді.
Қысқа мерзім ішінде дер кезінде елде түбегейлі экономикалық реформалар жүзеге асты. Нарықтық экономиканың негізі қаланды. Өзіміздің ұлттық валютамыз енгізілді. Экономика құрылымында қызмет көрсету және тұтыну секторының үлесі артты. “Тапшылық” деген бәлекет ұмыт болды. Елімізде жаңа жағдайға бейімделіп болған шағын және орта бизнес өкілдері еңсе тіктеді. Солардың негізінде өз өмірі үшін өздері жауапты, дербестіктің дәмін татқан, білім мен біліктілікті бағалайтын орта тап қалыптаса бастады. Қазіргі жаҺандық дағдарыстың да біз алдын ала білдік. Сондықтан да болар, халқымыз дағдарыстың салқын салдарын әзірге сезе де қойған жоқ. Елбасы атап көрсеткендей, “дағдарыстың әлеуметтік құны қазақстандықтар үшін барынша төмен болатын” түрі бар. Оған қарсы елімізде дер кезінде тұрақтандырушы шаралар пакеті қабылданды. Ұлттық қордан қосымша 10 миллиард доллар қаржы бөлінді “Мемлекетіміздің әлеуметтік міндеттемелері сақталып қана қойған жоқ, – деп атап көрсетті Президент студенттерге оқыған дәрісінде, – сонымен бірге ұлғайтылды”. “Жол картасы” және өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Осы шаралардың бәрінің басы-қасында Елбасымыз тұр.
Адами капиталдың сапасын арттырудың перспективалық қадамы ретінде елімізде интеллектуалдық төңкеріс жасалатыны, сол үшін “Интеллектуалды ұлт-2020” жобасы қабылданатыны туралы Елбасының дәрісінен біліп отырмыз. Бұл жобада утопиялық ештеңе жоқ. Кезінде Елбасының кейбір бастамаларына, батыл ойларына бос қиял болар деп сенімсіздікпен қарағандар елімізде де, шетелде де болды. Атап айтқанда, “Қазақстан-2030” Стратегиясына, жаңа астананы құру идеясына, оншақты жылдың ішінде Қазақстанды дамыған, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосу жөніндегі жобаға жұртшылық солай жеңіл-желпі қарады. Көп уақыт өткен жоқ, аталған бастамалар кешенді түрде жүзеге аса бастады.
Ендеше, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның “Елбасымыз – біреу, қалғанымыз – оған тіреу” – деген қанатты ойына әрқайсымыз қосылуымыз керек деп білемін.
Біз көп жағдайда күнделікті күйбең тіршіліктің қамында жүріп, еліміздегі, жеке өміріміздегі оңды өзгерістердің, жағымды жаңалықтардың түп тамырына үңіліп жатпаймыз. Солай болуға тиісті, басқаша қалай болуы мүмкін деп ойлаймыз. Газет-журналдардан, теледидардан еліміздің кейбір маңызды позициялар бойынша ТМД елдерінің ішінде алда келе жатқанын оқимыз, естиміз. Бірақ мұны да үйреншікті нәрседей көреміз. Қашан біз мұндай жағдайды бастан кешіп едік? Шын мәнінде, осындай жетістіктердің артында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты, қажымас жігері, кемеңгерлігі жатқанын айтпасқа болмайды. Біз – болашағымызды болжап отырған елміз. Ойға алған жобаларды іске асыру үшін, дейді Президент, “бізге тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіміз керек”.
Біз осыны мүлтіксіз орындасақ тұлғаға зәрулік шешіліп, келешегіміз кемел, ел еңсесі биіктен көрінері шүбәсіз.
Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы.