Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Бас прокуратура таратқан хабарламаға сәйкес адам шығыны тіркелген оқиғаларды тергеп-тексеруге ерекше назар аударылып жатыр. Ел бойынша олардың жалпы саны анықталуда. Әрбір факт тиісті құқықтық баға беру арқылы мұқият тергеп-тексеріледі.
Төтенше жағдай режімі кезінде жасалған құқық бұзушылықтар үшін 6 966 әкімшілік іс қозғау туралы хаттамалар толтырылды, 4 918 адам әртүрлі әкімшілік жауапқа тартылды, оның ішінде 1 978 адам қамаққа алынды. 791 адамға айыппұл салынды және 2 149-ы ескертілді. Соттардың қарауында 2048 материал бар.
Бүгінде жедел-тергеу топтары 494 қылмыс-
тық істі, оның ішінде 44 – терроризм актілері бойынша, 34 – жаппай тәртіпсіздіктер бойынша, 15 адам өлтіру және басқалары бойынша тергеп жатыр.
Қылмыс жасады деген күдікпен 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалды. Соттың санкциясымен 412 адам қамауға алынды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғандар соттың санкциясынсыз 48 сағаттан аспайтын мерзімге ұсталады (ҚПК-нің 14-бабының 2-бөлігі).
Бірақ аса ауыр, террористік немесе экстремистік қылмыс, жаппай тәртіпсіздік барысында, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде қылмыс жасады деген күдікпен 72 сағаттан аспайтын мерзімге ұстау қарастырылған (ҚПК-нің 131-бабының 4-бөлігі).
Әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу, оны жасаған күдіктінің жеке басын анықтау, хаттама жасау және өзге мақсаттарда 3 сағатқа дейін ұстауы мүмкін.
Егер әкімшілік іс қозғалған баптың санкциясы жазалау шараларының бірі ретінде қамаққа алуды көздейтін болса, онда 24 сағатқа дейін ұсталуы мүмкін (ӘҚБтК-нің 789-бабының 3-бөлігі).
Коменданттық сағаттың енгізілуіне байланысты белгіленген тәртіпті бұзуға жол берген адамдар коменданттық сағат аяқталғанға дейін, ал өзімен бірге құжаттары жоқ адамдар – олардың жеке басын анықтағанға дейін, 48 сағаттан аспайтын уақытқа ұсталуы мүмкін (ӘҚБтК-нің 789-бабының 2-бөлігі).
Бұл ретте жеке басы анықталмауы себепті ұсталынғандар соттың санкциясымен қабылдау-тарату орындарына орналастырылады. Жеке басын анықтағаннан кейін, егер олардың іс-әрекеттерінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері байқалмаса, оларға қандай да бір шаралар қолданылмай, дереу босатылады.
Бас прокуратура барлық жеткізілген және ұсталған адамдардың қорғалуға және білікті заң көмегін алуға деген конституциялық құқығы орындалып жатқанын атап өтті.
Азаматтар мен олардың өкілдері аумақтық полиция және прокуратура органдарына сәйкес арыз беруге құқылы. Әрбір өтініш бойынша тексеріс жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарды заңдылықты сақтауға, жалған ақпаратқа сенбей, ресми ақпарат көздеріне жүгінуге шақырады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Осы істің шеңберінде билікті күшпен басып алуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер фактілері бойынша қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.
Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен К.Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК Төрағасының бұрынғы орынбасары Д.Ерғожин ұсталды.ф