Әлем • 16 Қаңтар, 2022

Германия кәсіпорындары «Омикроннан» қауіптенеді

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирустың «Омикрон» штамы вирустың ең қауіпті нұсқасы екендігі туралы нақты зерттеулер жасалып үлгермесе де, ғалымдар бір ауыздан оның тез таралатынын мақұлдады. «Ауруға шалдыққандардың жағдайы ауыр болмаса да, саны рекордтарды жаңартатынын қазірден ескертеміз» дейді ғалымдар. Германия үкіметі бұл тұжырымды растап отыр. Өйткені карантинге жабылып, денсаулығына байланысты демалыс алған қызметкерлер саны күн сайын артып жатыр. 

Германия кәсіпорындары «Омикроннан» қауіптенеді

Бұл жұмыс берушілерді қазір­­ден қынжылтып отыр. Өйт­­кені демалысқа кетіп, ауру­ха­на­­ға түскен қызметкерлер са­ны артса, жұмыс күші кеми­ді. Өн­ді­ріс қарқыны сөзсіз теже­леді, тіпті тоқтап қалу қаупі жоғары.

ГФР-дың жаңа үкіметіне қарасты сарапшылар кеңесі «Омикрон» нұсқасының жедел таралуынан төніп тұрған пан­демияның бесінші толқы­нына қатысты болжамымен бөлісті. Желтоқсанның аяғына қарай жарияланған құжатта инфрақұрылымға да қауіп төніп тұрғаны туралы айтылған. Яғни сарапшылар ауруханалар, полиция бөлімшелері мен құт­қару қызметтері, қоғаммен бай­ланыс мекемелері, электр энергиясы, сумен қамтамасыз ету желілері мен логистика жұмыстарын үлкен тәуекелдер күтіп тұрғанын хабарлайды.

Бұл құжат халық назарына ұсынылғаннан кейін Гер­ма­ниядағы бірқатар кәсіп­орын мен бірлестіктер қызмет­керлері жаппай ауырған жағ­дайда қандай шаралар қабыл­дайтынын ортаға салды. Олар негізге Ұлыбританиядағы жағ­дайды мысалға алғанын да жа­сыр­мады. Өйткені Ұлыбри­танияда «Омикрон» вирустың ең кең таралған түріне айналып, жұмыс күші тапшылығына алып келді. Мәселен, жақында по­йыздар жұмысы тоқтауға мәж­бүр болды.

Германиядағы кәсіпорындар енгізген алғашқы ереже – қыз­мет­керлер арасындағы бай­ла­нысты азайту. Яғни кезек­шіліктегі жұмысшылар кезек­тері ауысқанда бір-бірімен мей­лінше азырақ байланысуы қажет. Осылайша, жұмыс топ­тары арасында инфекция та­ралуын тежеуді көздеп отыр. Одан бөлек кезекті тапсыру­шы мен қабылдап алушы қыз­меткер FFP2 сияқты қор­ға­ны­сы мықтырақ бетперде тағуы тиіс. Әлеуметтік арақа­шық­­тықты сақтауға міндетті. Кәсіп­­орындар қызметкерлері вирус­­ты анықтау үшін күнде­лікті тест тапсырады. Осылар­дың бар­лығы компания қаражат­ы­нан өтеледі.

Германиядағы электр энерге­тикасы бойынша алпауыт E.on компаниясы «дағ­да­рыс­қа арналған жоспарын» әзірлеп қойғанын да хабарлады. Жоспарда компания қыз­меткерлерін жұмыс орнына көшіру де қарастырылған. Көшіру арқылы үйде, жолда инфек­ция жұқтыру қаупін азай­та­мыз деген ойды алға тар­та­ды. Аталған компания қызмет­керлерінің 80-90 пайызы вакцина салдырғанын ескерген жөн.

Тамақ өнеркәсібі де үлкен қауіптің алдында. Германия тамақ өнеркәсібі бірлестігі қауіпсіздік шаралары толықтай сақталатынын хабарлады. Олар да «Омикрон» нұсқасының таралуын тежеу үшін бірқатар шара қабылдаған. Қаржы секторы да дағдарысқа дайын. Бұған дейін де елдегі қаржы секторы қызметкерлерін әртүр­лі қалаларға жібергені хабар­ланған еді. Пандемия бір нүкте­де өршісе, екінші, үшінші қала­лардағы қызметкерлер оларды ауыс­тыра алуы үшін осындай қадамға барған. Енді ескі жоспар жаңартылып, сақтық шаралары одан да күшейтіледі дейді.

Мұндай жоспарлар мен шараларды сынаушылар да табылуда. Өйткені «Омикронның» жедел таралуын аса үлкен қауіп деп санамайтындар тобы да бар. Мәселен, Der Spiegel басылымы белгілі бір профессордың «Омикроннан» қауіптенудің қажеті жоқ деген мақаласын жа­рия­лады. Ғалым вирустың бұл штамы небәрі үш миллионға жуық адамнан анықталады, сон­дықтан үрейленудің қажеті жоқ деген ой айтады.