Экономика • 19 Қаңтар, 2022

Жедел іс-қимыл жоспары әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған 51 іс-шараны қамтиды

408 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, Әлеуметтік-экономи­ка­лық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары және инфляцияның өсуіне, азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының көтерілуіне жол бермеу шаралары қаралды.

Жедел іс-қимыл жоспары әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған 51 іс-шараны қамтиды

Санитарлық талаптар қатаң сақталуы қажет

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі санитарлық-эпидемия­лық жағдайдың нашарлағаны туралы баяндады. Оның айтуынша, ауру көбей­се де, соңғы айда өлім-жітім аз, 2,3 есе төмендеді. Ковидтік стационарларда ем ала­тын пациенттердің саны 2 есеге, амбула­тория­лық деңгейде сырқаттар саны 5 есеге артты. «Елімізде COVID-19-бен тәуліктік сырқаттану­дың 60%-дан астамы үш аймақта тіркеліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында ауру 32 есе өсіп, бұл ретте тесті­леу деңгейі ел бойынша ең жоғары және тәулігіне 10 мыңнан астам тесті құрап отыр» деді А.Ғиният.

Бұған дейін жасалған бол­жам­дарға сәйкес, барлық өңір­де коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың күрт өскені байқалады. Жыл басынан бері індет­ті жұқтыру деңгейі 21 есеге өсті. «Сары аймақта» ор­на­ла­сқан Түркістан облы­­сы­нан басқа өңірлер «қызыл ай­мақ­та» тұр. Тәулігіне вирус­тың ең көп таралу жағдайы елор­­дада, Алматы қаласында, Қара­ған­ды және Атырау облыстарын­да тіркелген. Үкімет басшысы Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ве­дом­ст­во­аралық комис­сия қабыл­да­ған қосымша шектеу шара­­лары­ның мүлтіксіз орындалуын қам­тамасыз ете отырып, бар­лық өңір­дегі санитарлық-эпи­де­миялық жағ­дай­ды қатаң бақылауды тапсырды. «Не­гізгі алдын алу шаралары – бетперде тағу, әлеуметтік ара­қа­шықтықты ұстану бұл­­жыт­­­пай сақталуы керек. Адамдар сани­тар­­лық талаптарға неғұрлым салғырт қарау­дың соңы, ауру­дың соғұрлым өсуіне әкеп со­ға­­тынын түсінулері керек» деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр монито­ринг­тік топ­тар­дың жұмысын жандандыруды, адам­дардың көп жиналуына жол бермеуді және ауырғандарды уақтылы оқ­шаулауды тап­сырды. Денсау­лық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге науқастардың саны ұл­ғайған жағдайда ауруха­на­ларда қосым­­ша төсектік орын қорын дайындау тапсы­рылды. ПТР-тестілеу деңгейі төмен өңір­­лерге, әсіресе Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл, Қостанай және Түркіс­тан облыстарына оның санын арттыру тапсырылды. «Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркіс­тан, Алматы, Қызылорда және Маң­ғыс­­­­тау облыстарын­да ревакциналау қар­­­­қы­ны жақ­сарған жоқ. Демек, әкімдер бұл мәселеге дұрыс қара­май отыр. Сон­дық­­тан аталған өңір­лер бұл жұмысты жедел­детсін» деді Ә.Смайылов.

Жедел іс-қимыл жоспары қабылданды

Үкімет отырысында елдегі Әлеу­мет­тік-экономикалық жағ­дайды тұрақ­тан­дыру жөніндегі жедел іс-қимыл жос­пары қарал­ды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баян­дама жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы әлеу­мет­­тік-экономикалық жағ­дайды тұрақ­тандыру жөнін­дегі же­дел іс-қимылдар жос­парын бекіту туралы» Үкімет қаулы­сы­ның жобасын әзірледі. «Жоспар қоғам­дық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына кел­тіру, әлеуметтік және басқа да инф­ра­­­­құ­ры­лымдар, әлеуметтік мәсе­­лелер, баға­­ның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіп­керлікті қолдау және ұйым­дастыру қаржы мәселелері бойынша 51 іс-шарадан тұрады» деді Ә.Қуантыров.

Оның айтуынша, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша жоспарда 11 іс-шара көзделген. Осылайша, Мемлекет басшы­сы­ның күш құрылымдары қызмет­кер­лерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру және моралдық рухын қолдау, зақым­далған жылжымайтын мүлік объек­ті­лерін, сондай-ақ күш құры­лым­дары­ның, денсаулық сақтау, білім беру және ком­муналдық шаруашылық салалары­ның материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру жөніндегі тапсыр­ма­ларын іске асыру көзделген. «Әлеу­мет­тік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-ша­раны іске асыру жоспарлануда. Олар жарақат алған тиісті органдардың қыз­мет­керлеріне өтемақы төлеуді, қаза тап­қан осы органдар мен бейбіт аза­мат­тар­дың отбасыларына көмек көр­сетуді, биз­нес пен халыққа борыш жүктемесін азай­ту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұр­ғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды» деді Ә.Қуантыров.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру, халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағы­ты бойынша 7 іс-шараны іске асыру көз­делген. Ұйымдастыру-қаржылық мәсе­лелер бағыты бойынша 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар теңгеге деген сенім толық қалпына келгенше валюта нарығының тұрақтылығын қам­тамасыз етуді, батыс өңірлер үшін Әлеу­меттік-экономикалық дамудың кешен­ді жоспарларын әзірлеуді немесе өзек­тілендіруді, жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды қамтиды.

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев ведомствоның 3 іс-шара бойынша негізгі орындаушы екенін баяндады. Қазіргі уақытта ішкі істер органдары ерек­ше режімде қызмет атқарады. Поли­ция­­ның патрульдік топтарының саны мен ты­ғыз­дығы артты. Аса маңыз­ды мем­ле­кет­­тік нысандардың күзеті күшей­тіл­ді. Дипло­матиялық миссиялардың ғима­раттарына қосымша қарулы бекеттер қойылды. Мамандандырылған күзет қызметімен 73 дипломатиялық миссия күзетіледі.

Е.Тұрғымбаев қызметтік міндетін атқару барысында қайтыс болған қызмет­кердің отбасына 5 жылдық қызмет­тік қаржысы және жерлеу үшін 3 айлық өтемақы төленетіндігін айтты.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр елдегі Әлеуметтік-экономи­калық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірлен­генін атап өтті. Құжат азаматтар мен бизнес субъектілерінің қауіпсіздігі мен оларды жан-жақты қолдауға, сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық жағ­дайды тез арада тұрақтандыруға бағыт­талған бірқатар шұғыл және қыс­қа мерзімді шараларды қамтиды. «Жоспарды іске асыру барысында, бірінші кезекте, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау ор­ган­дарының қызметкерлеріне де тиіс­ті мем­лекеттік қолдау көрсетіледі. Жоспар­дың ІІМ-ге қатысты барлық тармақтары өте маңызды және олар сапалы әрі жедел орындалуы тиіс» деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы жаппай тәртіпсіз­дік­тер салдарынан зардап шеккен азамат­тар мен заңды тұлғалардың банктегі қарыз­дары мен микрокредиттерін өтеу мерзімі тө­тен­ше жағдай режімі аяқталғанға дейін кейінге шегерілгенін атап өтті. «Атамекен» ҰКП мародерліктен зардап шек­кен бизнес субъектілерінің тізілімін жаса­ды. Жаппай тәртіпсіздіктердің салдарын жою жөніндегі үкіметтік және өңірлік комиссиялар жұмысының қорытындылары бо­йынша келтіріл­ген залалдың орнын тол­тыру үшін республикалық және жер­гілікті бюджеттерден тиісті қаражат бөлінеді. Бизнеске түскен ауыртпалықты азайту үшін 2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдарының салық­тық және кедендік тексерулері, сон­дай-ақ камерал­дық бақылау бойын­ша хабарлама­лар­ды беру уақытша тоқта­тылады. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, қабылдау жоспарланған. «Біз үшін ең басты мақсат – ол халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама, бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыс тиімділігі дәл осы көрсеткіш бойынша бағаланатын болады» деді Ә.Смайылов.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде жалақы мөлшері мен жобаларға қатысу мерзімі ұлғаяды. Жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры мұқтаж балаларға заманауи және қымбат тұратын медициналық қызметтерді, дәрі-дәрмектерді алуға мүмкіндік береді. Премьер-Министр мемлекеттік орган­дардың бірінші басшылары мен өңір­лердің әкімдеріне елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарының іс-шараларын жүзеге асыруды жеке бақылауға алуды тапсырды.

п

Инфляцияға жол бермеу жұмысы күшейтіледі

Үкімет отырысында инфляцияның өсуіне, азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының көтерілуіне жол бермеу шаралары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Ә.Қуан­тыров өткен жылдан бастап инфля­цияның өсуі негізгі макроэкономикалық үрдістердің бірі болып табылатынын хабарлады. 2021 жылы инфляцияның жеделдеуіне азық-түлік тауарлары, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары негізгі үлес қосты. Бағаның өсуін тежеу мақсатында былтыр қыркүйекте 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені қабылданды. Шаралар кешенін іске асыру қорытын­дылары бойынша экономикаға инфля­циялық қысымды төмендетуге қол жет­кізілді, соның нәтижесінде 2021 жылғы желтоқсанда инфляция 0,5 п. т. баяулады. Ал басқа елдерде инфляция қарқыны өсу үрдісін жалғастырды.

2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет бас­шысы Үкіметке Ұлттық банкпен бір­лесіп, инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет келесі шараларды қабылдады: коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі тоқтатылды; Қазақстан Республикасының аумағынан кейбір та­уарларды әкетуге тыйым салынды; жанар-жағармай материалдарына шекті бағалар белгіленді және бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын әрі қарай орындау шеңберінде тауарлардың нақты қолжетімділігін жақсарту, бағалық реттеу, мемлекеттік бақылау шараларын енгізу бойынша бірқатар шараларды, сондай-ақ инфляцияны төмендету бойынша жүйелі шараларды жүзеге асыру ұсынылады.

Бірінші бағыт шеңберіндегі шаралар көктемгі егіс жұмыстарын қаржы­ландыруды ұлғайтуды, агроөнер­кәсіп кешенін субсидиялау тетігін жетілдіруді, бірқатар салада импорт алмастыратын жобаларды іске асыруды және басқа да іс-шараларды қамтиды. Екінші бағыт шеңберіндегі шаралар көмір бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларды қолдануды, коммуналдық қызметтер бағасын көтеруге мораторийді, шекті бағалардың болжамды дәлізін айқындауды қамтиды. Үшінші бағыт шеңберіндегі шаралар белгілі бір на­рық­тардағы бағалар мониторингінің нәти­желері бойынша монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдауды, мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы делдалдық буынды қысқартуды және биржалық сау­даны дамытуды қамтиды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен ішкі нарықты молықтыру үшін мынадай бірқатар жедел және жүйелі шаралар қабылдауда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мен бағаны тұрақтандыру мақсатында ведомство тауарлар экспортын тарифтік емес реттеу шараларын қабылдауда, олар: 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге күнбағыс дәндері мен күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер; 3 ай мерзімге картоп пен сәбіз экспортына тыйым салу; ірі қара мен ұсақ малды шығаруға 6 ай мерзімге тыйым салу; жем-шөп шығаруға тыйым салу.

Маусымаралық кезеңде импорттық жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Ішкі нарықта азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, бірінші кезекте, көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу қажет. «Облыстардың деректері бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақыл­дарын 22,9 млн гектар алаңға орналас­тыру жоспарлануда, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға артық» деді Е.Қарашөкеев. 

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, оның ішінде ерте пісетін көкөністер мен ӘМАТ өндіру үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен фермерлерге жеңілдікті кредит беруді 140 млрд теңгеге дейін ұлғайту мәселесі пысықталуда. Ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге арзан­да­тылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде инфляция мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, бағаны тұрақтандыру міндетін қойғанын атап өтті. «Инфляция деңгейі былтыр қыркүйектегі 8,9%-дан желтоқсанда 8,4%-ға дейін төмендеді. Бірақ бұл да жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабі­летін төмен­детіп, жалақыларының құн­сыз­дануы­на әсер етеді. Тұтастай алғанда, мем­лекет­тің экономикалық және әлеу­мет­тік саясатының тиімділігін төмен­дете­ді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақ­тылығына ерекше маңыз беріліп отыр» деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға, ішкі нарықта тауарлардың жеткілікті болуына, энергия көздеріне баға белгілеу тетігі мен ақылы қызметтердің тарифтерін қайта қарауға мүмкіндік беретін жүйелі шара­лар қабылдау қажеттігін атап өтті. Бәсе­ке­лес­тікті қорғау және дамыту агент­тігіне моно­полияға қарсы шара қолдану және дел­далдық схемаларды тексеру бо­­­йын­ша жұмысты күшейту тапсырылды. «Біз жауап­сыз сатушылар мен алыпсатарларға ба­ғаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет» деді Ә.Смайылов.

Өңірлердің әкімдіктеріне үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейту, Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бір­лесіп, нақты тауарларды импорттау неме­се өндіру кезінен бастап оларды сату­ға дейін міндетті түрде электронды шот-фактураларды жазып беру бо­йын­ша қанатқақты жобаны жүргізу мәсе­лесін пысықтау тапсырылды, бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеулер қою тапсырылды.

Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындау тапсырылды. «Мұнай өнімдерін жеткізу тізбегін қысқартып, баға белгілеу практикасын талдау қажет» деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігімен бірлесіп, көмір баға­сын өткен жылғы деңгейде сақтап қалу үшін заңға сәйкес шаралар қабыл­дау­ды тапсырды. Индус­трия және инфра­­­­құрылымдық даму ми­нистр­лігіне то­­лық жұмыс істемей тұр­ған немесе тоқ­­тап тұрған тамақ өнеркә­сібі кәсіп­орын­­­дарына мониторинг пен талдау жүр­гізіп, олардың толықтай жұмыс істеуі үшін шараларды іске асыру тапсырылды.

Ұлттық экономика министрлігіне мем­лекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1 ақпанға дейін Үкіметке Инфля­цияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізу тапсырылды.