Қазақстан • 20 Қаңтар, 2022

Сот сегіз мыңнан астам іс қараған

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін нақты іс-шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

Сот сегіз мыңнан астам іс қараған

Спикердің айтуынша, Бас прокуратура мен жергілікті прокурорлар еліміздің әр өңірінде болған митингілер мен жаппай тәртіпсіздіктің алғашқы күннен бастап жиналғандарға заңнама талаптарын орындау қажеттілігі
туралы бірнеше рет түсіндірген. «Біз алаңға жиналған халықты заңсыз әрекеттерден сақтандырдық. Себебі заң бұзушылық болған жағдайда құқық қорғау органдары кінәлілерді қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін шаралар қабылдауға міндетті», деді ол.

Мемлекет басшысы да халыққа үндеу жасап, парасаттылық та­ны­туға және арандатушылыққа ермеуге шақырды. Өкінішке қарай, кей азаматтар ортақ талап пен тәртіпке мойынсұнған жоқ. «Бастапқыда бейбіт жиналыс­тар өткізудің заңмен белгі­лен­ген тәртібі бұзылды. Осы­ған қара­мастан, наразылық акциялары бейбіт сипатта болған­дық­тан бұзушыларға шаралар қол­да­нылған жоқ. Қарақшылар жағдай­ды пайдаланып, қылмыс жасай бастады: күш пен қару қолданды, бұған басқаларды ша­қырды, ғимараттар мен көлік­терді басып алып, өртеді, адамдар­ды өлтірді. Осыдан кейін қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз ету және қыл­мыстың жолын кесу мақ­сатында тәртіп бұзушылар ұста­лып, полицияға жеткізілді. Іс-әре­кет­­терінің сипаты мен салдарына қарай олар әкімшілік жауап­­ты­лыққа немесе қылмыстық жазаға тар­тылуда», деп мәлімдеді А.Сарғазин.

Бас прокуратура өкілі бұл ретте әрбір құқық бұзушының іс-әрекеті объективті және мұқият тексеріліп, жауаптылық шаралары жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен кінәлінің жеке басы ескеріле отырып қабылданатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Бас про­куратураға осы күндері әртүр­лі құқық бұзушылықтар үшін ұсталған адамдардың кінә дәре­жесін анықтап, ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда жазаны жеңілдетуді тапсырды. Осыған орай елдегі жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестік оқиғаның статистикасы мен сипатына тоқталған А.Сарғазин соттардың қазіргі таңда 8 354 әкімшілік іс қарағанын да айтып өтті.

«3 337 құқық бұзушыға қамаққа алу немесе айыппұл түрінде жаза қолданылмай, ескерту ғана жасалды. Ал 1 653 іс бойынша сот айып­пұл салды. Қазіргі таңда мыңнан астам адам қамақта. Олар­дың әкімшілік жазасын жеңіл­дету мақсатында прокурорлар апелляциялық сотқа
1 758 өті­ніш хат енгізді. Қазіргі таңда про­курорлардың өтініш хаттары бойынша 676 адам қамақтан бо­сатылып, 344 адамның айыппұлы ескертуге ауыстырылды. Про­курорлардың жазаны жеңіл­детуге және айыппұлды ескертуге ауыс­тыруға бағытталған 738 өтініш хат қаралу үстінде. Бұдан бөлек тағы 358 әкімшілік іс материал­дарды сотқа жіберілмей тоқтатылды. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 695 сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Оның ішінде: 44-і – терроризм актісі, 15-і – кісі өлтіру, 6 іс насихаттау фактілері және билікті басып алуға шақыру бойынша. Күдікті ретінде 780 адам ұсталып, оның 695-ін сот қамаққа алды», деді Бас прокуратура өкілі.

Азамат Серғазин барлық іс бойынша прокурорлар аза­мат­тардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Қыл­мыстық істердің айыпталушыларына, оның ішінде ұсталғандарға уақтылы заң көмегі көрсетілуде. Сөзінің соңында ол азаматтарды арандатушылыққа ұрынып қалмай, ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және құ­қықтық тәр­тіпті сақтауға шақырды.