Қазақстан • 20 Қаңтар, 2022

«Утильдік алым» ақпан айында қайта қаралады

548 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған мәлімдеме­сін­де утилизациялық алым мәселесін сынға алып, ӨКМ опе­раторының тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қыз­метін тоқтатуды тапсырған еді. Осыған байланысты Үкімет 2022 жылдың 18 қаңтарында арнайы Қаулы қабылдап, өндіру­ші­лердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функция­сын мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ-ға тапсырды.

«Утильдік алым»  ақпан айында қайта қаралады

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «ЕQ»

«ӨКМ операторы» деп аталатын компанияның қызметі кәсіпкерлер тарапынан ғана емес, тұтастай қоғам тарапы­нан үлкен дау туғызғаны бел­гілі. Әсіресе кәдеге жарату алымының мөлшері көптің көкейінде жүрген түйт­кілді мәселе еді. Оның соңы қоғам­дық қозғалыстардың пайда болуы­на да әкелді. Осы жайттан хабардар Пре­зи­дент: «Үкіметке утилизациялық алым­ды тоқ­та­туды және оған «ӨКМ операторы» ЖШС-ның иелік етуіне қатысты шара қолдануды тапсырамын. Бұл іспен шетелдердегі сияқты мем­лекеттік ұйым айналысуға тиіс. Ал алым­дардың өздеріне кел­сек, олардың мө­л­­шерлемесін қай­та қарау қажет. Бұл мә­селе биз­нес және қо­ғам өкілдерімен конс­трук­тивті түрде талқылануы керек. Утиль­­алым есебінен отан­дық авто­мо­биль және ауыл шаруа­шы­лығы техникасын сатып алу­шы­ларға ваучерлер беру мәсе­лесі қарастырылсын», деген еді.

Осыдан көп ұзамай Үкімет «ӨКМ опе­ра­торына» қатысты қаулы қабылдады. Мұны Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы» Қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес «Жасыл даму» АҚ мем­­лекеттік ұйымы өндірушілердің (им­­порттаушылардың) кеңейтілген мін­дет­темелерінің операторы болып ай­қындалды. «ӨКМ Опе­рат­оры» ЖШС-нің утилизациялық алымды әкім­шілен­діру және тиісті қара­жаттар­ды басқару шеңберіндегі қызметі тоқ­татылды. Ути­лизациялық алым қа­ражаты есебінен құрылған актив­тер мемлекет меншігіне берілді. Өндіру­шілердің кеңей­тілген міндеттемелерін әкімші­лен­ді­ру функцияларын мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ орындайтын болды» делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бүгінге дейін халықты шулатып, қалтасын қағып келген «ӨКМ Опера­торы» ЖШС-нің қызметіне келсек, елі­міздің автокөлік нарығында пайда болған бұл алым әп-сәтте шетелден машина сатып әкелушілерді тығырыққа тіреді. Шамасы, халықтың «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дейтін сөзі осындай оқиғаларға арналып айтылса керек. «ӨКМ» «өктемдігіне» тап болғандардың бірі – Рауан атты азамат.

«Біз Армениядан көлік әкелген кезде «ӨКМ Операторы» құрыла қалды. Әрине, сапарға шықпас бұрын бәрін зерделеп алдық. Ең алдымен, шетелден машина сатып әкелуге қатысты Қазақстанның заңдарын тексердік. Бұған қоса, Қазақстанның әкімшілік тәжірибесі полициясының бастығы, полковник Тұяқбаевтың, Еуразиялық экономикалық комиссиядағы еліміздің өкілі – комиссия министрі Серік Жұманғариннің сөйлеген сөздерін мұқият тыңдадық. Олар «ӨКМ Операторының» қызметі туралы, кәдеге жарату алымы туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Керісінше, «Жеңіл көлік сатып әкелуге ешқандай кедергі жоқ» деп мәлімдеді. Біз осыдан кейін өзі­мізге нық сенімді болып, Арменияға көлік әкелуге аттандық, яғни біздің тарап­тан ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Бірақ «ӨКІМ Операторы» ЖШС деген аяқ астынан шыға келді де, жоспарымыз­ды күрт өзгертіп жіберді. Бізден көп қар­жы төлеуді талап етті. Олардың есебі бо­йынша мен сырттан әкелген жеңіл көлігім үшін 3 млн 48 мың теңге төлеуге тиіс болдым. Бұл сұмдық қой», дейді Рауан.

Шынын айтқанда, мұндай қомақты алым Қазақстаннан әлдеқайда бай, айы­на 8-10 мың доллар айлық алатын өр­ке­ниетті елдердің өзінде жоқ екен. Мәсе­лен, Еуропа елдерінде сол кездегі утильалымның бағасы ары кеткенде 100 еуро еді. Ал Канадада ескі машина тап­сыр­ғаныңыз үшін 500-800 доллар аралы­ғында ақша береді.

Елімізде Рауан сияқты опық жеп қалған азаматтар қаншама?! «ӨКМ операторының» қызметіне мыңдаған адамдардың ашынғаны анық. Оның соңы қоғамдық қозғалыстарға ұласты. Қаң­тар­дағы ереуілге шыққандардың ара­сында осы утилизациялық алым мәсе­лесін көтергендер де бар. Осындай оқиға­лардың ақыры елімізде орын алған жаппай митингілерге ұласып, оны бүлікшілер пайдаланып кетпек те болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тегеурінді әрекеттерінің ар­қа­сында еліміз бұл сыннан аман өтті.

Иә, «ӨКМ операторы» ЖШС қызметі­н­ен туындаған еліміздегі утиль­алым бағасы Батыстың бай елдеріндегі бағадан 25 есе көп болғанын сарапшылар да айтып отыр. Міне, осындай ешбір елде жоқ жосықсыз баға негізінде «ӨКМ операторы» ЖШС жұмысын жүргізген бес жыл ішінде халықтан 650 млрд теңге түсіріп үлгерген. Бұл қазіргі бағаммен алғанда 1,5 млрд долларға тең қаржы. Енді Үкіметтің жоғарыдағы қаулысына сәйкес қаржы мемлекет қазынасына түседі. Яғни жеке қалталарға кетпейді. Бұдан былайғы кезеңдерде алынатын утильалымның пайдалану тиімділігі әлдеқайда жақсарып, оның бюджет үшін көмегі көп болады және экологиялық жағдайды жақсарту ісіне қызмет етеді деген сенімдеміз. Өйткені Үкімет бұл іске операторлық етуді «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымына бекер тапсырып отырған жоқ.

Сондай-ақ утильалымның көлемі де қайта қаралмақ. Президент бұл мә­селе бизнес және қоғам өкілдерімен конс­­труктивті түрде талқылануы қа­жет екенін атап өтті. Сонымен қатар «Утильалым есебінен отандық автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер беру мәсе­лесі қарастырылсын» деп Үкіметке нақты тапсырма да берді.

Утильалым көлеміне қатысты талқылаулар қазірдің өзінде қоғамда қызу жүріп жатыр. Сарапшы Нұрад­дин Садықовтың айтуынша, Прези­дент бірден екі мәселені қатар шешті. «Бірінші, утильалымды жеке компаниядан алып, мемлекеттік компанияға берді. Бұл – өте қуанарлық және құптарлық іс. Екінші мәселе, утилизациялық алымның ставкаларын қайта қарау керек деді. Мәселен, бұл сома Бельгияда 84-208 еуро айналасында болса, Норвегияда – 45 еуро, Жапонияда 80 долларды құрайды. Сол сияқты бізде де 80-100 доллардың айналасында болу керек. Сонымен қатар жүк көліктеріне және ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утильалымды да алып тас­тау керек. Сонда бұл жергілікті авто­парк­тің жаңаруына алып келеді. Әрі жүк тасымалындағы логистиканы кеш болмай тұрған кезде өз қолымыз­ға алып алуға мүмкіндік бермек. Мәсе­лен, 2020 жылдан бастап елімізде жүк көліктеріне арналған утиль­алым енгізілді. Негізінен, бұл алым сол салада өндіріс болған жағ­дайда ғана енгізіледі. Бізде ешқандай жүк көлігі құрастырылмайды. Бірақ ауа­дан ақша жасап, утильалым алынып келді. Соның кесірінен елімізде жүк көлік­терінің паркі ескіріп кетті. Сол себеп­ті де біз оны қайтадан жаңартпасақ, бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігі деген өте үл­кен проблемаға тірелмек» дейді сарапшы.

Сонымен қатар Нұраддин Садықов утильалым туралы айтқан кезде оған балама ретінде жүретін «бастапқы тіркеу» дегенді де ұмытпау керегін айтады. Өйткені оның мөлшері де өте жоғары. Егер қайта қарап, оның да көлемін 100-200 долларға түсірер болса, бұл халыққа арналған көліктердің бағасының арзандауына ғана емес, орта және шағын бизнестің де дамуына, азық-түлік бағасының арзандауына, агросекторға тың серпін бермек.