ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДА ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВТІҢ ЕСКЕРТКІШ-МҮСІНІ АШЫЛДЫ
Жеңіс мерекесі қарсаңында Тараз қаласындағы мектеп-интернаттың ауласынан дәулескер күйші, дарынды композитор Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіш-мүсіні ашылды.
Атақты сазгердің сонау 1943 жылы өзі сұранып майданға аттанғанын біреу білсе, біреу білмес. “Мен кешегі Ұлы Отан соғысына өзі тіленіп барған қазақтың бірімін. Жасым әскер жасына жетпесе де басты “бәйгеге” тіккенім бар”. Бұл – Нұрағаның өз сөзі.
Нұрағаң туралы сөз түзіп, сыр шерткендер, әдетте, оның музасы туралы айтады да, ал майдангер ретіндегі қаһармандық жолына мән бермей жатады.
“Жалғыздың жары – құдай”. Абырой болғанда, күйші болар баланы сарыауыз балапан кезінен жыға танып, үлкен өнер жолына салған Ахмет Жұбанов 1945 жылы соғыс аяқталуға небары екі ай қалғанда елге демалысқа келген Нұрғисаны сол кездегі республика партия ұйымының бірінші хатшысы Жұмабек Шаяхметовке алып барып, “Жеңістің төбесі көрініп тұр. домбырашыға қатпыз, Нұрғиса ауадай қажет боп тұр” деген қолқамен, алып қалады. Бірінші хатшының сөзіне Түркістан әскери округінің бас қолбасшысы да қарсы болмайды. Десек те, көкірегі күйге толы асыл аға 1943-1945 жылдары майдангер ретінде қаншама тар жолдан, тайғақ кешуден өтті деген сауал мазалай береді. Өйткені, 1925 жылы Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты Жамбыл ауылында дүние есігін ашып, Берлинге дейінгі жорық жолынан өткен Нұрғиса Атабайұлының соғыс туралы естеліктері де бір төбе болса керек еді.
Бүгінде Жамбыл облысының орталығындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернаттың құрылғанына 10 жылдан асып отыр. Мектеп директоры Кәмилаш Ахметжанова мектеп-интернаттағы оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар күш-жігерін жұмсауда. Жеңіс мерекесі қарсаңында ашылып отырған майдангер, сазгер ағаның ескерткіші де мектеп басшысы біліктілігінің жарқын мысалы.
Ескерткіш мүсіннің ашылу салтанатына Нұрғиса Тілендиевтің құдай қосқан қосағы Дариға Тілендікеліні мен қызы Дінзухра және күйші мұрасы жанашырларының бірі Оралжан Масатбаев бастаған қонақтармен бірге Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген қатысып, аяулы аға туралы тебірене сөз сөйледі.
Атақты күйшінің оркестр алдында шалқып тұрған сәтін еске салатын айшықты мүсіні бұған дейін тек қана Жамбыл баба бейітінің қасындағы күйші қабірінің басында болатын. Сондықтан Жамбыл облысының орталығындағы Нұрғисаның мүсінін еліміздегі алғаш рет ашылып отырған ескерткіш деуге толық негіз бар.
Мүсіншілер Болат Құсайынов пен Елдар Исақов күйші бейнесін асқан шеберлікпен сомадап шыққан.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз.