Осындай себептен соңғы бір аптада күн сайын вирусты жұқтырушылар саны 500-ден түспей тұр. Мәселен, 19 қаңтарда мұнайлы өңірдің 568 тұрғынынан қауіпті індеттің белгісі анықталып отыр. Оның ішінде Атырау қаласында – 396, Теңіз кен орнында жұмыс істейтін 61 жұмысшы бар. Сондай-ақ Қызылқоға ауданында – 30, Жылыойда – 21, Индерде – 20, Құрманғазыда – 16, Махамбетте – 15, Исатайда – 14, Мақат ауданында 5 науқас тіркелді.
«Қазір «қызыл аймақтағы» Атырау облысында 3 443 адам үй жағдайында емделіп жатыр. Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз» кен орнындағы инфекциялық стационарда – 501, модульдік ауруханада – 171, аудандардағы стационарларда – 48, ал №2 облыстық ауруханада – 42, фтизиопульманологиялық орталықта 30 адам хаттамаға сәйкес ем-дом алу үшін оқшауланған», деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Өңірдегі 2 360 төсектік орын инфекциялық стационарларда 801 адам (жүктеме – 33,9%) жатыр. Стационарлардың 106 орынға есептелген жансақтау бөлімшелерінде коронавируспен ауырып жатқан 12 науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Оның ішінде екі пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл бөлімшелердегі жүктеме – 11,3%. Соңғы екі күнде қауіпті вирусты жұқтырған 3 науқас қайтыс болған.
Дәрігерлер бір елді ғана емес, жаһан жұртын қауіптің қауызына сыйдырған жұқпалы індеттің таралуын вакцина салдыру ғана тежей алатынын жоққа шығармайды. Осы орайда өңірде COVID-19 инфекциясына қарсы вакциналардың бірінші компонентін 262 250 адам салдырғаны белгілі болып отыр. Вакциналардың екінші компонентін ектіргендер саны 245 198 адамға жетіпті. Алайда Pfizer екпесін алғандар мен қайтадан вакцина салдырудың көрсеткіші әлі төмен екені байқалады. Мәселен, жүкті әйелдер мен бала емізіп отырған аналарға, 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған Pfizer вакцинасын 3 891 адам ектірген. Ал 16 560 адам ғана реавкциналаудан өткен.
«Қызыл аймақтағы» тұрғындардың қауіпті вирусқа шалдығуын тежеу үшін карантиндік шектеулер талабы күшейтілді. Бас санитар дәрігердің міндетін атқарушы А.Бекешеваның қаулысымен 600-ден аса оқушысы бар мектептердегі сабақ онлайн форматқа көшірілсе, 600-ге дейін оқушы оқитын мектептер сабақты штаттық режімде өткізіп жатыр.
«Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін оқыту аралас оқыту форматына – барлық дәріс онлайн, тәжірибелік, зертханалық, семинарлық сабақтар икемді кесте бойынша штаттық режімде, вакциналанған оқушылар мен толық вакциналау курсын аяқтаған студенттерді оқу орны әкімшілігінің қарауы бойынша штаттық режімде оқытуға жол беріледі. Эпидемиялық тәуекел аймағына қарамастан мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында жеке сабақтар штаттық режімде, топтық – 10 адамға дейін, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер үшін түзету (коррекция) орталықтарында, бөлмелерде жеке және 8 адамға дейінгі топтық сабақтар штаттық режімде өткізіледі», делінген жаңа қаулыда.
Мұндай шектеу оқушылардың коронавирус инфекциясын жұқтырмауы үшін қолға алынып отыр. Демек «қызыл аймақтағы» оқушыларға оңтайлысы – онлайн оқу.
Атырау облысы