Сұхбат • 25 Қаңтар, 2022

Төрт тұлғаға перзент болу – тағдырдың сыйы

1510 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Адам баласына ата-ананы таңдау мүмкіндігі берілмеген. Қай әкенің кіндігінен өрбіп, қай ананың құрсағына бітеріміз бір Аллаға ғана аян. Десе де, құдіреті күшті Құдайдың назары түскен пендесін ұлыларға ұрпақ етіп, елден ерекшелейтіні және бар. Бұған бүгінгі кейіпкеріміз Мақпал МУСИНАНЫҢ тағдыр-талайы дәлел.

Төрт тұлғаға перзент болу – тағдырдың сыйы

– Мақпал Шаханқызы, тағдыр сізді Шахан Мусин, Бауыржан Момыш­ұлы және Рәбиға Сыздықова секілді қазақтың үш бірдей тұлғасына перзент етіпті. Бұл тағдырдың сыйы ма, әлде сынағы ма?

– Төртеу деңіз. Бұл қатарға туған анамды – Ғайникамал Баубекованы да қосар едім. Мен үшін ол да бірегей тұлға! Ел алдында жүрген екі бірдей мық­тының жүрегін жаулауы тегін емес әрі ол өнерпаздар ортасында танымал адам. Ал тағдырдың сыйы ма, сынағы ма дегенге келсек, сыйы дегеніміз дұ­рыс-ау. Төртеуі де танымал тұлға болды. Төртеуін де ерекше жақсы көрдім, бөліп-жармай бәріне бірдей қарадым. Әлбетте, ерлі-зайыптылардың ажырасуы отбасы үшін үлкен сынақ. Әсіресе мұндайда балаларға қиын. Сондықтан қос тараптың да баланың көңіліне, сезі­міне ерекше назар аударғаны маңызды. Қандай жағдай болсын, адами қарым-қатынасқа сызат түспеуге тиіс. Баланың әке-шешесімен көрісіп, сөйлесіп тұруы­на ешқандай кедергі болмауы керек. Жал­­пы, бір-бірінен екі бөлек өмір сүр­се де бала санасында «бұрынғы ата-ана» деген ұғым болмайды. Сол себепті бәрі­не разымын. Олар ақылды адамдар еді. Бәріне түсіністікпен қарайтын. Бізді махаббатқа, мейірімге бөледі. Олардан көп дүниені үйрендім.

– Белгілі актер, ақын, туған әкеңіз Шахан Мусиннің мінезінен тағдыр сал­ған тауқыметтің іздері байқалатын ба еді? Ол кісі қандай әке болды?

– «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» дейді. Дұрыс айтылған. Шынымен, ел­дің назарында жүріп, өмірден өткен соң, ұмытылып кететін жандар баршы­лық. Осы орайда ел газеті «Егемен Қа­­зақ­станның» марқұм әкелерім мен ана­ла­рымның есімін атап, еске алып, олар­дың өмір жолына қызығушылық танытып, ұрпақ жадында қайта жаңғыртып жатқанына қуандым. Бұл жақсылықтың белгісі. Тарихты ұмытуға болмайды. Тарихтың қайғы тұнған беттеріне де құрметпен қарауға тиіспіз. Әр заманның өз батыры болады. Олар ел жадынан ұмытылмайды. Ал менің әкем, 16 жол өлең жазып 18 жыл түрме тауқыметін тартқан, тағдыр қанша ауыртпалық салса да мұқалмаған, еңсесі түспеген, бүгілмеген, қайта өнерімен елдің сүйікті ұлына айналған Шахан Мусин – нағыз қаһарман!

7465

Ойлап отырсам, әкемнің тағдыры халқымыздың басына түскен тауқымет­пен бірдей екен. Ол кесе-көлденеңдеген қиындықтарға қарсы тұрды, адам төзгі­сіз жағдайларда да адам болып қа­лу керектігін дәлелдеді. Өзгелерге үлгі бол­ды. Қаншама ауыртпалық кездес­се де, адамгершіліктің ақ туын биік ұстады. Ол өлең жазуға ерте жастан құ­мар болыпты және өзін ақын санады. Өзінің айтуынша, дәл осы поэзия оны өмірге құштар еткен. Поэзия оның үміті еді. Сол бір үміт тығырықтан жол тапты, теперіштен мұқалмай, тауқыметті еңсеруге күш берді. Ауыр күндер, азапты жылдар өлеңге айналып, әкемді ажалдан құтқарды.

Ол репрессияға ұшыраған жылдары жазған өлеңдерін, лагерьде туған шумақтарын санасында ғана сақтаған. Оларды баспа бетінде жариялау былай тұрсын, қағазға түсірудің өзі мүмкін болмаған. Тек қайта құру басталған 1980 жылдардың ортасында ғана әкемнің өлеңдері газет-журналдарға басылып, оқырманымен қауышты. Дегенмен оның кейбір шумақтары, өлеңдері 1960-1970 жылдардың өзінде-ақ белгілі бір ортада кең таралған. Мәселен, Қали­жан Бекхожин, Ғафу Қайырбеков, Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, Хамит Ерғалиев секілді қаламгер дос­тары біз­дің үйге қонаққа келгенде мін­дет­ті түрде әкемнен қоржын түбінде жат­қан өлеңдерін оқып беруді сұрайтын. Әсіресе, «Терезе» деген өлеңі көп оқыла­тын. Әкем мұны 22 жасында түрмеде шы­ғарған екен. Отырғандардың оны ерек­ше толқыныспен, тебіреніспен тың­дайтыны есімде. Кейбірінің көзі­нен жас ыр­шып түсетін. «Терезе» тыңдау­шы­лар­дың көкейіндегі көп жайды қозғаса керек.

Әдетте түрме тауқыметін тартқандар өмірге өкпелі болады деген түсінік қа­лыптасқан. Бірақ мұның әкеме ешқан­дай қатысы жоқтай. Ол әзіл-қалжыңға жақын еді. Небір нәубеттен аман құтылуына даосы бір қасиеті септескен шығар деп ойлаймын. Ол тауқымет тартқан жандай емес, керісінше өмірге риза, құштар, көңілді адам еді. Қиындықтың өзін әзілге жеңдіретін және әрбір дүниенің жақсы жағын көруге тырысатын. Оның өмірге шағым айтқанын көрген де, естіген де емеспін. Пенде болған соң өзіміз де небір келеңсіздіктерге тап болып жатамыз ғой. Күйгелектікке салынған сондай сәттерде үнемі әкемді еске аламын. Біздің басымыздағы қиындық ол тартқан зардаптың қасында түк те емес.

– Өгей әкеңіз, батыр Бауыржан Момыш­ұлын қалай қабылдадыңыз?

– Оны «ата», «аташка» деп атадым және ата ретінде қабылдадым. Бірін­шіден, ол әкемнен әлдеқайда үлкен көрінетін. Екіншіден, бес жастағы мен үшін оны «ата» деу қолайлы бол­ды. Бауыржан Момышұлы анам Ғай­ни­камалға 1961 жылы үйленді. Олар 12 жыл, 1973 жылдың наурызын­да анам қайтыс болғанға дейін бірге тұрды. Анам туралы жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабында да айтылады. Батыр Бауыржан мен анамның үйленуі сол кезде үлкен шуға айналған. Шешем әкеммен ажырасты. Анам үш баласымен Баукеңнің қолына барып кірді. Батыр да өз әйелімен ресми түрде ажырасты. Баукеңнің онымен бірге тұрмағанына да біршама уақыт өткен екен әрі араларында бала болмаған. Сөйтіп шешем екеуі заңды некеге тұрады. Анамды Қамаш дейтін.

6465

Олардың қосылуы үлкен шуға ұлас­ты дедім ғой. Бұл іс Қазақстан Жазу­шы­лар одағының партбюросында қа­ралған. Оның шешімі бойынша коммунист Бауыржан Момышұлына қатаң сөгіс жарияланды. ЦК-ның сол кездегі бірінші хатшысы Исмаил Юсупов Баукеңе «біреудің әйелін неге тартып аласың» деп түсініктеме жазуын талап етіпті. Сөйтсе мұның алдында «Қазақ әдебиеті» газетінде батырды айыптаған мақала жарияланған екен. Баукең түсініктемені араб қарпімен қазақша жазыпты та, ләм-мим деместен шығып кетіпті. Араб қарпін білмейтін Юсупов көмекке Дінмұхамед Қонаевты шақырады. Ол бұл уақытта Министрлер кеңесінің төрағасы. Үш жолдан тұратын түсініктемеге үңілген Димекең әбден күліп алады да, алғашқы екі жолын оқып беріпті. Соңғысын оқымапты. Шатақтау дүние жазылған ғой. Мұны маған Мекемтас аға Мырзахметов айтты. Ол аспирантурада оқыған жылдары біздің үйде тұрды әрі Бауыржан Момышұлының жеке хатшысы және сенімді өкілі болды.

Батырға тұрмысқа шыққанда анам 40 жаста екен. Оның үстіне үш баласы бар әрі жүрек ауруына шалдыққан. Анам жүрек ұстамасымен ауыратын. Мұның бәрін Баукең білмеді емес, білді. Ендеше жер ортасы жасқа жеткенде олардың желігуіне не себеп болды деген заңды сауал туындайды. Меніңше, жауабы түсінікті. Мұның бәрі тектен-тек емес. Оларды ерекше бір сезім байланыстырып отыр және ол тұтқиылдан тұтанған сезім емес. Бұл сезім ертеде пайда болған. Анам Баукеңмен соғысқа дейін, 18 жасқа толар-толмас шағында танысқан екен. Кейін майданда кездесіп, табысқан. Анам концерттік бригадамен бірге майдан даласына барып, жауынгерлер алдында өнер көрсеткен. Өкінішке қарай, соғыстан кейін олардың жолы екіге айырылған. Тек жиырма жылдан кейін кездесіп, бір-бірінсіз өмірдің мәні жоқ екенін ұққан. Менің бар білетінім осы. Баукеңнің күнделіктерінде бұл туралы егжей-тегжейлі жазылған болуы мүмкін.

Әкем анамның бұл әрекетіне түсі­ністікпен қарады деп ойлаймын. Өйт­кені оның анам туралы жаман пікір айт­қанын, оның әрекетін талқыға салып, сынаған сәтін көрген емеспін. Колы­маның қиындығын көрген, Сібірдің суығын кешкен, түрменің тауқыметін тартқан әкем үшін әйелінің кетіп қалуы анау айтқандай трагедия да болмаған сияқты. Оның үстіне әкем перзент сүйгізіп, тәрбиелегені үшін анама үнемі риза екенін айтып отыратын. Кейін әкем Рәбиға Сыздықовадай тамаша адам­мен шаңырақ көтерді. Онымен өмі­рінің соңына дейін, яғни қырық жылдай бақытты ғұмыр кешті. Әкемнің Бауыр­жан Момышұлымен арадағы байланысы да жаман болған жоқ. Бір-біріне құрметпен қарады. Баукеңнің әкеме қолтаңба жазып сыйлаған кітап­тары соның дәлелі.

– Рәбиға Сыздықовамен арадағы қыл өтпес сыйластығыңыз туралы көп естідік. Бұл туралы Рәбиға апай­дың естелігінен де оқыдық...

489496

– Әкем Рәбиға апайға 1962 жылы үйленді. Рәбиға апай ол уақытта Ғылым академиясына қарасты Тіл білімі инс­титутында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейтін. «Абай тілі» тақыры­бында докторлық диссертация жазуға дайындалып жүрген кезі. Олардың жұп құрауын тағдырдың нағыз сыйы дер едім. Екеуіне ортақ дүние көп еді. Бір-бірін ерекше құрметтейтін. Әкем өз музасын сол кезде ғана тапқандай боп көрінеді маған. Олар бақытты ғұмыр кешті. Рәбиға апай шынымен тамаша адам еді. Үй шаруасына қаншалықты тиянақты болса, ғылыми жұмысына да соншалықты жауапкершілікпен қарайтын. Әкем оның әр жетістігіне қуанды. Бір-бірімен үнсіз ұғынысып, бір-бірін үнемі қолдап отыратын. Мен оны екінші анам деп қабылдадым. Одан көп дүние үйрендім. Жұмысқа ерекше жауапкершілікпен қарауды бойыма сіңірген де сол кісі.

– Анаңыз Ғайникамал туралы не айтар едіңіз?

– Анам 1921 жылы бұрынғы Се­мей облысында туған. Әкесі Бекбай Баисов 1860-1938 жылдары өмір сүр­ген. Ауқатты адам болыпты. Абай әуле­тімен жақын араласқан. 1940 жылы Семейдегі алғашқы Абай музейі дәл осы Бекбайдың үйінде ашылған. Бұл үйге Абайдың өзі де, ұлдары да жиі аялдаған екен. Абайдың алғашқы кітабының жа­рыққа шығуына қаржы бөлген де дәл осы Бекбай Баисов. Кітап 1909 жылы Петербургтегі И.Бораганскийдің бас­паханасында басылды. Байдың ұрпақ­тарына деген көзқарас теріс болса да, Бауыржан Момышұлы әйелінің текті жерден шыққанын мақтан ететін.

Ғайникамал әнге құмар болыпты. 1936 жылы Семейдегі облыстық өнер олимпиадасында топ жарып, Алма­тыдағы республикалық байқауға жолдама алған. Сөйтіп оны Алматыдағы музыкалық техникумның вокал класына қабылдайды. Бұған қоса мемлекеттік филармонияның хорында өнер көрсе­теді. 1941 жылы филармонияның солисі атанады. Соғыс жылдары концерт­тік бригадамен бірге майданда ән шыр­қаған. Өкінішке қарай, оқ пен оттың ортасында ән салып жүргенде дауыс желбезегін қатты зақымдап алады. Осылайша, оны 1945 жылдың наурызында әнші­ліктен әртістікке ауыстырады. Кейін Павлодардың облыстық драма театрына жіберілген. 1947 жылы Семейдің облыстық музыкалық драма театрына ауысады. Шахан Мусинмен осы жерде табысқан. Бұл әкемнің Колымаға 10 жыл «саяхаттап» келіп, өзінің сүйікті театрына оралған беті екен. Олар театр сахнасында қос ғашық Ақан сері мен Ақтоқтының рөлін ойнап қана қоймай, өмірде де жұп құрап, шаңырақ көтерді. Бірақ анам әуелде «халық жауына» тұрмысқа шығуға қорыққан екен.

1949 жылы әкем екінші рет сотталып, Сібірге айдалды. Анам бір жасар Шәпиғамен бірге әкемнің соңынан кетіпті. Кемел сол жақта 1950 жылы дүниеге келген. 1951 жылы анамның үлкен әпкесі олардың хал-жағдайын білу үшін Сібірге барады. Мұндағы тұрмыстың мәз емес екенін көрген ол Ғайникамалды балалардың болашағы үшін өзімен бірге Алматыға жүруге көн­діреді. Әкем қарсы болмапты. 1951 жылдың жазында Алматыға оралған анам Гоголь атындағы театр-өнер учи­­­­ли­щесіне қайта қабылданып, оны 1953 жылы тәмамдайды. Виноградов көшесіндегі «әртістер үйінен» пәтер алып, мемлекеттік филармонияға жұмыс­қа орналасады. Ол уақытта «байдың ұр­пағына», «халық жауының» әйеліне қырын қарайтындар көп еді ғой. Десе де анамның алдынан үнемі жақсы адамдар кездесіп отырған. Солардың бірі – Ахмет Жұбанов. Ол Ғайникамалдың талантын жоғары бағалаған. Анам 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігінде концерт жүргізген. 1960 жылы «Достық» жолының ашылуына арналған салтанатты концертке қа­тысқан.

Әкем Сібірден 1954 жылы оралды. Сөйтіп отбасының төрт көзі түгенделген. Ол бірден Жас көрермен театрына қабылданды. Біршама уақыттан кейін әкем Шәкен Аймановтың шақыруымен Әуезов атындағы қазақ драма театрына ауысты. 1955 жылы кинодан да рөл бұйырды. Оны бұл салаға жақын досы, режиссер Мәжит Бегалин шақырған екен. Дәл сол жылы мен туыппын.

– Шахан Мусин мен Ғайникамал Бау­бековадан туған үш перзенттің тағ­дыры қалай өрілді? Олар қазір қайда?

– Үлкеніміз Шәпиғаның 1948 жылы Семейде туғанын жоғарыда айттым. Өкінішке қарай, 2020 жылы өмірден өтті. Ол КСРО Кинематографистер ода­ғының мүшесі болды. 1977 жылы ВГИК-ті – Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын тәмамдады. «Қа­зақ­­фильм» киностудиясында жұмыс істеді. Қазақстандағы әйел кинематографистер қауымдастығын басқарды.

Кемел 1950 жылы Сібірде, дәлірек айтсақ Новосібір облысы Михайлов ауданы Чумаково селосында туған. Мектепті бітірген соң ҚазГУ-ға оқуға түсті. Бірақ тәмамдаған жоқ. Бұған оның ерекше мінезі әсер етті деп ойлаймын. Нағыз романтик еді, саяхаттауды ұнататын, үнемі тосын оқиғалардың ортасынан табылатын. Пошта таситын вагонның жолсерігі болып жұмысқа тұрып, Сібір мен Қиыр Шығысты тегіс аралап шықты. Тіпті Приморск өлкесіне дейін барып, Находка қаласында балық аулау траулерінде жұмыс та істеген. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті. Алматы қаласында қайтыс болды.

– Қазір Санкт-Петербургте тұрасыз ба?

– Иә. 1973 жылы Ленинград мем­лекеттік университетінің Шығыстану факультетіне оқуға түстім. Қытай филологиясы кафедрасында оқыдым. Университеттен кейін Ленинградта бір­­жола қалдым. Өйткені тұрмыс құр­­­ған едім, балаларым өмірге келді. Қызметім шет тілдерімен байланысты болды. Алдымен жапон және ағылшын тілдерінен ғылыми-техникалық әдебиет­терді аудардым. Кейін орта мектепте және медициналық лицейде ағылшын тілінен сабақ бердім. Бұдан кейін ағыл­шын тілінен көркем аударма жасау­ға көштім, баспалармен жұмыс істедім. Қытай тілін меңгергенімді қайтейін, сол күйі бұл қабілетімді кә­деге жарата алмадым. Ол уақытта Ке­ңес-Қытай арасы суып кеткен еді. Тиі­сін­ше, қытай тілінің де қажеті болмады. Тәжірибе болмаған соң, білетін дүниемнің бәрі ұмытылды.

Негізі екі қалада, Санкт-Петербург пен Алматыда қатар тұрдым десем де болады. Туған-туыстарымды көріп, әкемнің қасында көбірек болу үшін Алматыға жиі келетінмін. Әкем қайтыс болған соң келуім тіпті жиіледі. Өйткені екінші анам Рәбиға апайға барынша қолдау көрсетуге тырыстым. Екі қа­ланың ортасында жүріп тиімді іспен шұғылдануды көздедім. Айталық, Санкт-Петербургтен арнайы көрме әке­ліп, ұйымдастыруға болады. Сөйтіп құр босқа жүргенше пайдалы іспен айналысайын деп шештім. Достарым мен таныстарымның арасынан идеямды қол­дайтындар табылды. Осылайша, біз мәдени жобалармен айналыса бастадық. «Диалог культур» жеке коммерциялық емес ұйымы құрылды. Ұйымдастыру жұмыстарының бәрі осы ұйым арқылы реттелді. 2007 жылдан бері ұйымның бастамасымен Алматы мен Петербургте біршама көрме өткізілді. 

– Көрмелер қандай тақырыпқа арналған?

– Мәселен, ірі жобаларымыздың бірі 2009 жылдың желтоқсанында Ф.Дос­тоевскийдің әдеби-мемориалдық му­зейінде ұйымдастырылған «Қазақтар – Санкт-Петербургте: XVIII ғ. – ХХ ғ. басы» («Казахи в Санкт-Петербурге: XVIII в. – начало XX в.») көрмесі. Оның идеясы музей директоры, құрбым Наталья Түймебайқызы Әшімбаевамен бол­ған әңгіме барысында туындаған еді. Мақсат архивтік құжаттар мен түр­лі музейлер­дің жәдігерлерін пайдала­на отырып, қазақ қоғамы мен Ресей империясы­ның астанасы әрі мәдени-ғылыми орта­лығы Петербургтің зияткерлік элитасы­мен өзара байланысының тарихын көрсету болды. Бізді Қазақстанның сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігі бірден қолдады және оның қолдауынсыз мұның жүзеге асырылуы да қиын еді. Ол кезде бұл ведомствоны Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарды. Аталған көрмеге дайындық кезінде «Уәлиханов Санкт-Петербургте» деген тақырыпқа аңсарым ауды. Ресей ғылым академиясы архивінің Шоқан Уәлихановқа арналған қорында (№23 қор) бір жыл отырып, Шоқанның Нева жағалауындағы қалада өткізген өміріне қатысты материалдарды іздедім. Менімен бірге аталған тақырып бойынша белгілі достоевскийтанушы ғалым, Ф.Достоевский әдеби-мемориалдық му­зейі директорының орынбасары Бо­рис Тихомиров те айналысты. Осы жұ­­мыстың нәтижесінде «Шоқан Уәли­ха­нов Санкт-Петербургте» («Чокан Ва­лиханов в Санкт-Петербурге») кітабы жарыққа шықты. Бұл еңбектің Қазақстан Мәдениет министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққанын атап өту керек. 2020 жылы аталған кітап қазақ тіліне аударылды. Оны менің өтінішім бойынша Рәбиға апайдың шәкірті, Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлнар Мұратова тәржімалады. Енді осы кітап­ты жарыққа шығару керек. «Егемен Қазақстан» газеті арқылы кітапты қазақ­тілді оқырмандарға ұсынуға ниетті бас­­па­лар мен қызығушылық танытқан адам­дардың ұсыныстарын қуана-қуана қарастыруға әзір екенімізді жеткізгім келеді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш болар еді.

– Шахан Мусиннің Павлодар об­лы­сының Май ауданында туғанын көпшілік біле бермейді. Әкеңіз туған топырақта болдыңыз ба?

– Павлодар өңірінде бала күнімде болдым. Бірақ ол сапардан есімде қалғаны шамалы. Қателеспесем, әкемнің Дариға есімді туған әпкесі Лебяжі ауылында тұрды. Өкінішке қарай, әкемнің өмірі мен шығарашылығы терең зерт­теліп жатқан жоқ. Ғаламторда ол туралы аздаған жазба ғана бар. Бұрын ол туралы мақалалар жиі жарияланатын. Алматының шағын көшелерінің бірі Шахан Мусиннің атымен аталады. Енді Павлодардағы көшелердің немесе мәдени ордалардың біріне әкемнің аты берілсе деген тілегім бар.

– Тұщымды әңгімеңізге рахмет.