Әлем • 26 Қаңтар, 2022

Болмаған қырғи-қабақ соғыс

469 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ТЕЛЬ-АВИВ. Ақ үй басшысы Джо Байден АҚШ-тың Қытаймен бәсекелестігін демократия мен автократия арасындағы шайқас, яғни қырғи-қабақ соғысты еске түсіретін идеологиялық қақтығыс ретінде бірнеше рет сипаттады. Алайда мұндай пікір дұрыс емес. Америка Құрама Штаттары мен Қытай стратегиялық үстемдік үшін бәсекелеседі әрі шешім табуға ниетті емес. Материалдық активтер мен қауіпсіздік мәселелеріне қатысты талаптар орындалғанымен, идеологиялық күрестің әдетте бір ғана соңы бар. Тараптардың бірі сөзсіз жеңіледі.

Болмаған қырғи-қабақ соғыс

АҚШ Кеңес Одағынан басым түскені секілді Қытайды да «жеңуге» тырыс­пауы керек. Өйткені ең басты мәселе – Қытай бүкіл әлемге «қытайлық ерек­шеліктері бар социализмді» тарату­ға ұмтылмайды. Қытай басшысы Си Цзиньпин 2017 жылы «идеологиялық салада мылтық түтінін шығармай соғы­су барлық жерде бар, саяси са­лада қарусыз күрес ешқашан тоқта­майды» деп мәлімдеді. Ол осылайша шетел­діктер Қытай институттары мен мәдени дәстүрлерін құрметтеуін талап етті.

Бұл ішінара тарихқа сүйенетін қытайлық ұлтшылдықты көрсетеді. Әсіресе Қытай Батыс державалары мен Жапония елге басып кіріп, билігін жүргізген «қорлық ғасырын» (1839-1949) естен шығармақ емес. Бірақ бұл прагматикалық та қадам. Қытайдың Коммунистік партиясы кейбір ішкі үдерістер елді тұрақсыздандыруы ықтимал екенін, сайып келгенде, партия билігіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін мойындайды.

Мәселен, Қытайдың экономикалық өрлеуі білімді, көптен хабары бар және тез дамып келе жатқан орта тап қалып­тастырды. Күннен-күнге күшейіп келе жатқан тұтынушылар жеке сектордың қызметіне немесе еркін пікір білдіруге қатыс­ты шектеулерге бағынбаса, Ком­му­нистік партия қиыншылыққа тап келеді. Осыны ескере отырып, партия басшылығы АҚШ-тың Қытайдағы сая­си бостандық пен адам құқықтарын қорғауын билікті бұзу әрекеті ретінде қарастырады.

АҚШ-тың Азия мен Африкада либералды демократия орнату әрекеті Қытай үшін стратегиялық мәселеден гөрі идеологиялық проблемаға айналды. Қазіргі кездегі демократиялық елдер Қытайдың сауда серіктесі болуы екіталай. Тіпті АҚШ бастаған мемлекеттер Қытайға қарсы альянстарға қосылуы ықтимал.

Бұл мәселеде Қытайдың қорқыны­шы кейінгі оқиғалардан соң сейіл­гендей болды. АҚШ-тың сарбаздары Ауғанстаннан бейберекет түрде шығарылуы және «Талибанның» елді тез жаулап алуы нәтижесінде АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш айтқан Американың демократиялық «крест жорығы» сәтсіз аяқталды.

Бірақ АҚШ демократиялық жүйеге жаңа елдерді әкелмесе де, қазіргі альянс жүйесі өте күшті. Оның үстіне, Д.Байден оны одан әрі нығайтуға дайын. Мысалы, ол НАТО-ны жандандыруға барын салды. Ұлыбритания және Ауст­ра­лиямен жаңадан қорғаныс және технология альянсы AUKUS-ты құрды. Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы негізгі демократиялық елдердің («төрттік» деп аталатын Аустралия, Үндістан, Жапония және АҚШ) қауіпсіздік сала­сындағы ынтымақтастығын тереңдетті.

Одақтастармен тіл табысу – Байден мен экс-президент Дональд Трамп­тың Қытай саясатындағы басты айыр­машылық. Бұрынғы Ақ үй басшысы кезінде альянста қарама-қайшылық туындаған еді. (Д.Трампқа дейін АҚШ-тың президенттері негізінен Қытаймен жақсы қарым-қатынасты сақтауға тырысты. Өйткені олар елдің экономика­лық дамуы біртіндеп саяси өзгерістерге әкеледі деп есептеді).

Қытайды мұндай айырмашылық алаңдатады. АҚШ жалғыз өзі Қытайды еркіне жіберіп қоя алмаса да, басқа мемлекеттерді өз жағына шығарып, қуатты дипломатиялық қысым жасай алады. Оған қоса, Қытай АҚШ-тың альянсына төтеп бере алатын одақ құра алмайды. Әйтсе де ахуалдың бұлай өрбуі жағдайды тұрақтандыра алмай­­ды, бірақ мұндай теңгерімсіздік Қытай­­дың сенімсіздігін арттырып, конс­­­­труктивті түрде әрекет етуді одан са­йын қиындатуы мүмкін.

Американың позициясына да біржақты сенуге болмайды. Д.Байденнің «Демократия үшін саммитінің» Қытай­ға қарсы жаһандық коалицияға шақы­руы идеологиялық құрал ретіндегі кем­ші­ліктерді көрсетіп берді. АҚШ-тағы демократияның полярлануы, дағда­рысы және оған наразылық та ахуал­ға көмектеспейді. Бұған әлем бо­йынша коронавирустен өлгендер саны АҚШ-та көп екенін қосыңыз. Осы­лайша, «төбеден жарқыраған қала» бұрын­ғыдай сәулесін шашып тұрған жоқ.

АҚШ ежелгі Рим емес. Себебі қор­ғаныс пен дипломатиядан технология мен қаржыға дейінгі маңызды салаларда ерекше артықшылықтарын сақтап қалған. Бірақ тарихшы Эдвард Гиббон сипаттағандай АҚШ «шамадан тыс ұлылықтың табиғи және қашып құтылмас әсерінен» зардап шегеді. Америка демократиялық институттарын халқының қажеттіліктерін және әлемдік держава ретіндегі міндеттерін орындауға бейімдей алмады.

Түптеп келгенде, АҚШ күші кеткен держава. Оған енді өсіп келе жатқан мем­лекет қарсы тұр. Бұл қауіпті де, ұзақ­қа да созылады. Ежелгі тарихшы Фуки­дид түсіндіргендей, Афинаның дамуы мен Спартадағы қорқыныш қанқұйлы Пелопоннес соғысына алып келді. Гарвард университетінің қызметкері Грэм Эллисон кейінгі 500 жылда осындай 16 жағдай болғанын атап өтті. Соның 12-сінде соғыс басталған.

Г.Эллисон «Фукидид тұзағы» деп атаған дағдарыстан құтылу үшін АҚШ джингоистік пікірталас пен манихейлік ойлаудан бас тартып, мегафонды дип­ломатияны дана және жасампаз мемлекет қайраткерлігімен алмастыруы керек. Мәселе Қытайға тізе бүгу немесе оны талқандау емес. АҚШ Қытайдың заңды алаңдаушылығы мен талпынысын мойындауы керек. Сондай-ақ соған сәйкес келіссөздер жүргізуге дайын болуға тиіс. (Ерте ме, кеш пе, Украинаға және НАТО-ның кеңеюіне байланысты Батыс пен Ресей арасындағы шиеленіске қатысты да солай істеуге мәжбүр болады).

АҚШ америкалық гегемонияның аяқ­талғанын мойындауға тиіс. Қазіргі көп­поляр­лы әлемде әртүрлі саяси мәдениет­тер мен жүйелер қатар өмір сүруді үйренуі керек. Кеңес Одағының идеоло­гиялық жеңіліске ұшырауы либерал­дық демократияны алға сүйре­меді. Тіпті Қытай кенеттен либералды демо­кратияға айналса да, оның тарихи наразылықтары мен аумақтық ұмты­лыс­тары қазіргі Ресейдегідей секілді сақталып қалады. Бұл тұрғыдан алғанда идеологиялық бәсекелестіктің мәні жоқ.

 

Шломо БЕН-АМИ,

Израильдің бұрынғы сыртқы істер министрі. Prophets Without Honor: The 2000 Camp David Summit and the End of the Two-State Solution кітабының авторы

 

Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org