Әлем • 26 Қаңтар, 2022

«Басқару 4.0» жүйесіне болжам

167 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ЖЕНЕВА. 2022 жылы коронавирус пандемиясы мен одан келген дағдарыстар біртіндеп баяулай бастауы мүмкін. Бірақ тіпті ахуал жақсы жағына өрбісе де, климаттың жылынуына қарсы әрекеттің сәтсіздігінен бастап әлеуметтік бірліктің құртылуына дейінгі жаңа сын-қатерлер цунами секілді әлемді басып қалмақ. Оларды шешу биліктен өзгеше басқару үлгісін қабылдауды талап етеді.

«Басқару 4.0» жүйесіне болжам

Қолда бар институттар тиім­ді бас­қарылған кезде оған көңіл бөл­геніміз жоқ. Бұл эко­номи­каны және әлеуметтік тәртіп­­тің іс жүзінде барлық аспектісін қолдап отыратын көрін­бей­тін инфрақұрылым. Ал ХХ ға­сыр­дың екінші жартысындағы «ай­тар­лықтай жақсы басқару» та­быс­тың өсуіне және әлеуметтік ты­ныштыққа жол ашты.

Дегенмен қазіргі таңда көп­те­ген адам басшылыққа сені­мін жоғалтты. Түрлі түйткіл­дер­дің көбейіп, оны шешу­дегі ұжымдық сәтсіздікке тап кел­­ген­діктен, кінәлілерді із­дей бас­тадық. Кейбіреулер орашо­лақ саяси көшбасшыларды нұс­қай­ды. Енді бірі «Давос адамын», бас директорларды айыптайды. Ал шарасыз, көбейіп келе жат­қан азшылық қазіргі апат пен қараңғылықтың артында эли­талық қастандықты көреді.

Бірақ шындық өте күрделі. Жаһандық тәуекелдерді болжай алмауымыз бен басқара алмауымыз негізінен жаһандық бас­қарудың шешілмеген мәсе­лесіне қатысты. Мәселен, климат­тың өзгеруі және әлеуметтік жік­те­лудің тереңдеуі ғана емес, со­нымен қатар жұқпалы ауру­лардың қайта пайда болуы, қарыз дағдарысы және технологиялық реттеудегі сәтсіздік бұған дәлел. Институттарымыз және олардың басшылығы өз міндетіне сай келмей тұр.

Біз тарихты жер сілкінісіне ұқсас үлкен оқиғалар тізбегі ретін­де қарастырамыз. Бірақ жа­һандық басқарудың деградациясы біртіндеп құлауға айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейінгі «Басқару 1.0» кезе­ңінде мемлекеттік және кор­по­ративтік басқару «бір адамның» – сайланған немесе сайланбаған «күшті көшбасшы» және «бастықтың» ережесімен белгіленді. Көшбасшылықтың бұл түрі ақпарат құны жоғары, иерархиялық билік пен басқару салыстырмалы түрде біркелкі қызмет ететін, технологиялық және экономикалық жетістіктер бәріне пайда әкелетін қоғамда жақсы жұмыс істеді.

60-жылдардың аяғында пайда болған «Басқару 2.0» моделі материалдық байлыққа басымдық берді. Экономист Милтон Фридман айтатын «акционерлік капитализмі» мен прогрессивті жаһандық қар­жы­ландырудың өркендеуі­мен тұспа-тұс келді. Тек акцио­нерлер алдында есеп беретін жаңа басқарушы тап үстемдікке және жаһандық деңгейге шықты. 2008 жылғы жаһандық қар­жы дағдарысы «Басқару 2.0» жүйесіне ауыр соққы бергенімен, оған қатысты біржақты көзқарас коронавирус пандемиясы бас­талғанға дейін күн тәртібінен түспей тұрды.

Коронавирус індеті әкелген әлеуметтік және экономикалық сілкініс «Басқару 3.0» жүйесіне жол ашты. Қазіргі таңда дағ­дарысты еңсеру шешім қабыл­дауда басымдыққа ие. Көш­бас­шылар операциялық ойлауға назар аударып, болуы ықтимал мәселелерге салыстырмалы түрде мән бермейді. Мұндай қысқа мерзімді, «сынау және қателесу» тәсілі пандемия мен оның әлеуметтік-экономикалық құлдырауын басқаруда кездей­соқтыққа иек артты.

Бірақ пандемия аяқталған соң бізге басқарудың жаңа мо­делін енгізу қажет. «Басқару 4.0» жүйесі алдыңғы басқарудан бір­неше іргелі мәселеде ерекше­ленеді. Біріншіден, қысқа мер­зім­ді дағдарысты басқаруды ұзақ мерзімді стратегиялық жос­парлаумен алмастырады. Пандемия, әлеуметтік-эконо­микалық дағдарыстар және адам­дардың психикалық ден­сау­лығы секілді қазіргі проб­лемаларға көңіл бөліп қана қой­мауы керек. Сондай-ақ кли­маттың өзгеруімен күресу, био­алуан­түрліліктің жоғалуы және адам әрекетінің салдарынан қоршаған ортаға келген зиянды жою және еріксіз көші-қон секілді әлеуметтік мәселелерді шешуге де күш салған жөн.

Екіншіден, «Басқару 4.0» бұрын басымдықты иеленген «туннельді көзқарас» пен жоғарыдан төмен көзқарасын ал­м­ас­тыруға тиіс. Біз өте күрделі және өзара байланысқан әлемде өмір сүріп жатырмыз. Сондай-ақ қоғамдағы әрбір мүдделі тарап­тың рөлі мен жауап­кершілігі өзге­руі керек. Бизнес бұдан бы­лай әлеуметтік салаға және қор­ша­ған ортаға тигізетін әсерін елеу­­сіз қалдыра алмайды. Ал үкі­мет ендігі жерде барлық мәсе­ле­де жалғыз өзі нәтиже бере алмайды.

Үшіншіден, экономиканың тар концепциясына және қысқа мерзімді қаржылық мүдделерге екпін беру тоқтатылғаны жөн. Оның орнына бизнес немесе үкімет үшін қоғам мен таби­ғаттың басымдылығы кез келген жаңа басқару жүйесінің негізі болуы керек. Қаржы мен бизнес өте маңызды. Бірақ олар қоғам мен табиғатқа қызмет етуі қажет.

Әлем өзгерді, сонымен бірге мемлекеттік және корпора­тив­­тік басқару да өзгеруге тиіс. Қазіргі таңда «Төртінші өнер­кәсіптік революция» және климаттың өзгеруі секілді  ірі құрылымдық өзгерістер әрбір сала мен билікке әсерін тигізеді. Блокчейн секілді технологиялар орталықтандырылған және иерархиялық ұйымдардың орнына орталықтандырылмаған, автономды құрылымдарды алып келеді. Әлеуметтік, эко­но­микалық және цифрлы теңсіз­діктер артып келеді.

Әзірге көптеген көшбасшы «Басқару 2.0»-нің акционерлік капи­тализм менталитетінде қа­лып қойған. Ал кей қоғамда әлі күнге дейін «Басқару 1.0» жү­­йесі бар. Коронавирус қаупі се­йіл­ген­ше «Басқару 3.0» жүйе­сі дағ­да­рыстық менталитетпен күре­су­де басымдыққа ие болады.

Бірақ көптеген көшбас­шы басқарудың жаңа дәуірі тура­лы ойланып, әрекет етуге көш­ті. Оларға экологиялық, әлеу­мет­тік және басқару (ESG) өл­шем­дерін жақтайтын бизнес бас­шылар, Франция президенті Эммануэль Макрон, Италия премьер-министрі Марио Драги секілді саяси көшбасшылар кіреді. Ең бастысы, жастар жақ­сы болашақты талап етеді.

Бұрынғы дәуірдің басқару жүйесін әлі де қолданатындар мұн­дай көшбасшыларды өзгер­гені үшін сынға алады. Бірақ біз белгісіз салаға көз жіберіп, өздерінің мүддесін күйттемейтін, климаттың өзгеруімен күресу және әлеуметтік әділетсіздікті жою үшін нақты әрекетке баруды талап ететін көшбасшыларды жақтауымыз керек.

XXI ғасыр бұрын-соңды болмаған көптеген сынақ әкеледі. Егер ХХ ғасырдың аяғында жеткен жетістіктерімізге масат­тан­ғанымыз секілді біз балалары­мыз бен немерелеріміз де қуан­ғанын қаласақ, онда басқару моделі дамуға тиіс.

 

Клаус ШВАБ,

Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы және атқарушы төрағасы, The Great Narrative: For a Better Future кітабы авторларының бірі

 

Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org