Үкімет • 27 Қаңтар, 2022

Жазықсыз жандар жауапқа тартылмасын

180 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығма­тулин­нің төрағалығымен өткен Пала­таның жалпы отырысында депутат­тар Еуразиялық экономикалық комис­сияның бәсекелестік қағидаларына қатысты құжатты мақұлдады.

Жазықсыз жандар жауапқа тартылмасын

Атап айтқанда, «2014 жылғы 12 қара­шадағы Еуразиялық экономикалық комис­сияның бәсекелестіктің бірыңғай қағида­ларының сақталуын бақылау жөніндегі өкі­леттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария етке­ні үшін жауаптылық туралы келісімге өзге­рістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Құжат Еуразиялық экономикалық комис­сияның бәсекелестіктің бірыңғай қағи­да­ларының сақталуын бақылау жөніндегі өкі­лет­тіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпа­ратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімді 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эконо­ми­калық одақ туралы шарттың ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған.

Тақырып бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин баяндама жасады. Оның айтуынша, ЕАЭО-ның тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия құрылғалы 10 жылға жуық уақыт өтті.

«Осы кезеңде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үшін монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру бөлігінде бірыңғай саясаттың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді. Комиссия трансшекаралық нарықтардағы бәсе­келестіктің жалпы қағидаларының сақта­луын бақылау жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыру аясында өтініштерді қарау, тергеп-тексерулер жүргізу мен істерді қарау сияқты қажетті ақпаратты, оның ішінде мемлекеттік билік органдарынан, заңды және жеке тұлғалардан құпия ақпаратты сұратады әрі алады. Осы Келісім құпия ақпаратпен жұмыс істеу тәртібін реттейді және Комиссия қызметкерлерінің құпия ақпаратты алған кезде оны жария еткені үшін жауапкершілігін регламенттейді», деді Серік Жұманғарин.

Агенттің басшысының айтуынша, ратификацияланатын Хаттама редакциялық сипаттағы өзгерістер енгізу арқылы Келісімнің мәтінін ЕАЭО туралы шартқа сәйкес келтіруге бағытталған. Осы орайда «та­раптар» деген сөз «мүше мемлекеттер», «бірыңғай» деген сөз «жалпы», «қызмет­керлер» деген сөздер «лауазымды адам­дар мен қызметкерлер» деген сөздер­мен ауыс­тырылды. «Осылайша, Хатта­маны ратификациялау және қабылдау Еура­зия­лық экономикалық комиссияның Еуразия­лық экономикалық одақ туралы шарттың ереже­леріне сәйкес бәсекелестіктің жалпы қағи­да­ларының сақталуын бақылау жөніндегі өкі­леттіктерін толық іске асыруды қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді», деді С.Жұманғарин.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Депутат Аманжан Жамалов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына са­уал жолдап, «Самұрық-Қазына» қорының басшылығының шешімдеріне қатысты мәселе көтерді. «Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын қайта қарау туралы тапсырма берді. Қоғамда қордың тағдырына қатысты пікірталас басталды. Осы жағдайда қордың басшылығы пысықталмаған әрі асығыс шешімдер қабылдай бастағанын көріп отырмыз. Бұл өз кезегінде теріс салдарға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты қорды жаңғыртуға қатысты жоспарлы, нақты жұмыстарға оралу керек деп санаймыз», деді А.Жамалов.

Депутат Жамбыл Ахметбеков Премьер-Министрге жолдаған сауалында мүгедектігі бар жандардың зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін көтерді. Оның айтуынша, мүгедектігі бар зейнеткерлер міндетті түрде зейнетақыны да, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да алуға тиіс. «Мүгедектігі бар қазақстандықтардың еңбек етуге құқығы бар және олардың кейбіреулері зейнет жасына жеткеннен кейін жұмысын жалғастырғысы келеді. Дегенмен мұндай адамдар аз. Зейнетке шығу қарсаңындағы мүгедектігі бар адамдарға жұмыс істеу денсаулығына байланысты физикалық қиындық туғызады. Бұрынғы Үкімет мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасы төмендеген кезде тағайындалған ынтымақты зейнетақы мөлшері мүгедектік бо­йынша ай сайынғы жәрдемақыдан төмен бо­лады деп жауап берді. Неліктен зейнетақы жүйе­сін мүгедектігі бар адамдар үшін ерек­ше жағдай жасауға өзгертпеске», деді Ж.Ах­мет­беков

Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауа­лында функцияларды мемлекеттік опера­торға берудің рәсімдерін аяқтағанға дейін утиль жинауға мораторий жариялауды сұ­рады. Оның айтуынша, кейінгі бес жылда авто­көліктер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алушылар, жеке операторға са­тып алынатын техниканың мақсаты мен үлгі­сіне қарай, 400 мыңнан 13 миллион теңгеге дейін утиль алымын төлеген. Мұндай заңды «бопсалаудың» нәтижесі елімізде көліктердің қымбаттауына әкелді. 2015 жылдан 2021 жылға дейін жаңа көліктердің бағасы екі есеге жуық өсті. Осының салдарынан ескі көліктердің де бағасы көтеріліп кетті. «Көр­ші елдермен баға айырмашылығы елге шетел­дік көліктердің белсенді түрде тіркеусіз әкелінуіне мүмкіндік берді. Қазақстанға шетелдік нөмірлері бар 200 мыңнан астам көлік кірген. Олардың көпшілігі ескірген, ал кейбіреуі тіпті қылмысқа қатысы бар мүлік. Сонымен қатар 2021 жылдың маусымынан бастап кабель мен сым өнімдерінің құнына да 5 пайыз утиль жинау қарастырылған. Осы мәселелерге қатысты Президенттің тапсырмасын халық зор ықыласпен қабылдады.

Бірақ қазіргі таңда тапсырмалардың басқаша атқарылып отырғанын көріп отырмыз. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жеке оператордың құқықтарын мемлекеттік акционерлік қоғам «Жасыл Дамуға» дереу беруді көздейтін қаулының жобасы орналастырылды. Бұл қаулы жобасына сәйкес бес жыл бойы жеке оператордың ақшаны белсенді түрде жинау процесінің ашықтығы ұмытылып қалатын сияқты. Жал­­пы, утиль жинаудан түскен қаржы тура­лы әртүрлі цифрлар айтылып жүр. Жеке опе­ратордың бұқаралық ақпарат құрал­дарына берген мәліметіне қарасақ, 2016 жыл­дан 2021 жылдың қыркүйек айына дейін түскен қаржы 600 млрд теңгеден астам. Бұл қыруар қаржы қайда кеткен? Ол жөнін­де толық дерек жоқ. Біз тәуелсіз аудит нәти­же­лерінің орнына Экологиялық кодексте жеке оператордың ақшаны «идея бойынша» неге жұмсау керек екені туралы ақпарат аламыз», деді Е.Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, ашық көздерден алған мәліметтер бойынша 300 млрд-қа жуық қаражатын автокөлік өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталандыруға берілген. 30 млрд-қа жуық теңге ескі көліктерді тапсырған халыққа төленген. 29 млрд-қа жуық теңге ескі техникаларды жинақтауға және утилизациялауға жіберілген, ал 181 млрд-тан астам қаржының қайда кеткені белгісіз.

Депутат Қазыбек Иса Бас прокурор Ғи­зат Нұрдәулетов пен Президент жанын­дағы Адам құқы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімо­ваға депутаттық сауал жолдады. Депу­тат мемлекеттік төңкеріс жасауға тал­пын­­ғандар толық анықталып, жауапқа тар­ты­луға тиіс екенін айтты. «Басында әлеумет­тік әділеттіліктер сұрап, бейбіт митин­­гіге шыққан шерушілерді кейін Алма­ты­дан бастап, көптеген қалада арнайы дайын­далған бүлікшіл топтар пайдаланып кетіп, заңды шерудің соңы қанды шеруге айналды. Қаңтардағы қырғында 227 адам қаза тапты. Жалпы, 4 500-ден астам адам зардап шегіп, 4 353 адам түрлі жарақат алған. Мұндай қасиетті қазақ тарихына қара таңба салған қанды қасірет қайта қайталанбауы үшін, Мемлекеттік төңкерісті жасамақ болған кімдер, басшысы кім, қосшысы кім, орындаушылары кімдер, бәрі толық анықталып, түгел жауапқа тартылуға тиіс!

Ереуіл кезінде бейбіт шеруге шыққаны үшін ғана көп адам, әсіресе, жастарымыз жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азап­талып жатқандары туралы нақты мәлі­меттер мен видеолар таралып жатыр. Әлеу­меттік желілерде де жиі жазылады. Тек қыл­мыс жасағандар ғана жауапқа тартылуы тиіс! Бұндай жазықсыз жандарды тұтқын­дап, азаптау нағыз арандату, мемлекетке, Президенттің саясатына қарсы қасақана жасалып жатқан қастандық деп санаймыз. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір істің әділ тергеліп, тіпті ауырлататын мән-жай болмаса, жазаларын жеңілдету керек деген талап қойды», деді Қ.Иса.

Сондай-ақ жалпы отырыста Елнұр Бейсенбаев, Құдайберген Ержан, Екатерина Смышляева, Серік Ерубаев, Азат Перуашев, Ғани Хамзин, Айқын Қоңыров, Ерлан Смайлов депутаттық сауал жолдады.