Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Десек те, ел болып есімізді жиып, тарихымыздағы қасіретті кезеңнен сабақ алып, жаңа Қазақстанды құруға бел будық. Ендігі міндет – оқиғаның салдарымен қатар себебімен де күресу.
Ел басына түскен бұл сынақты толығымен еңсеру үшін не істемек керек? Жемқорлық, әлеуметтік теңсіздікті жою, өмір сүру сапасын арттыру секілді жекелеген шаралар ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Алайда қаңтардың қаралы күндері қоғамға тереңірек үңілу керектігін аңғартты. Бетінде қалқып, барлығымыз көріп тұрған мәселелердің тамыры әлдеқайда тереңде. Қоғам тұтастығы жайлы көп айтамыз. Сол Қазақстан қоғамы шынымен тұтас па? Әрине, пікір алуандығы – кез келген қоғамға тән құбылыс. Алайда қала мен ауыл тұрғыны, кәрі мен жас, қазақ және орыс тілді азаматтар, орталық пен қала шетінде тұратын отбасылар арасындағы алшақтық осы жолы анық көрінгендей. Алауыздық тудырады деген желеумен бұл мәселелерді жабулы қазан жабулы күйінде қалдыруға тағы болмайды.
Өз ұстанымын білдіруге шыққан бейбіт азаматтар неге арандап қалды? Бейбіт митинг неге басбұзарлыққа ұласты? Іріткі салғысы келгендердің ойы неге оңай іске асты? Сол қасіретті күндерден кейін бірнеше апта өтсе де, көкейіміздегі сұрақтар әлі толастар емес.
Алаңға шыққандар арасында өрімдей жастар толып жүрді. Түрлі видеолардан көргеніміздей, көшеге шыққандардың арасында біреудің мүлкін қиратып, ұрып-соғып, көлігін өртеп жүргендер де болғанын көрдік. Ең сорақысы, осы дөрекілікті жақтап, басбұзарларды ақтап алғысы келетіндер көп. Бір қоғамда өмір сүретін адамдардың заңға бағыну, мораль туралы түсініктері қалайша қарама-қайшы болуы мүмкін?
Қазақ жастарының арандатушыларға, радикалды идея мен бүлдіргі күштерге қарсы ұлттық иммунитеті неге төмен деген сұрақтың пайда болғаны бүгін емес. Алайда бұл бағытта нақты шаралар мен түбегейлі өзгерістер болмай келді. Нәтижесінде, «екі қолға – бір күрек» таппаған жастар жат ағымдардың, өзге күштердің жетегінде кете барды. Алайда оны бақылап, зерделеп отырған орган жоқ.
Жалпы, әлемде тұрақсыздық пен көтерілістердегі жастардың рөліне арналған зерттеу көп. Ғалымдар кез келген елде жастардың көбеюі артықшылықтарымен қатар, қауіп-қатер де ала келетінін айтады. Осло бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының директоры, саясаттанушы (PRIO, Норвегия) Хенрик Урдал 2006 жылғы зерттеуінде жас азаматтар саны көп елдерде қақтығыстардың болу ықтималдылығы жоғары деп тұжырымдайды. Демография саласындағы youth bulge түсінігі елдегі жастар санының күрт өсуін білдіреді. Дәл осы жастардың көбеюімен көптеген әлеуметтік мәселе туындайды.
Қоғамдағы тұрақсыздыққа демография ғана әсер етеді деген түсінік қате болар еді. Басқа да ғалымдар оған қоса сол жастардың білім алуы, жұмысқа орналасуы, саяси оқиғаларға қатысуы шектелсе, жағдай ушыға түседі дейді. Бұл жалғыз Қазақстанды ойландыруға тиіс мәселе емес. Мұны жастар үлесі жоғары дамушы елдердің барлығына ортақ жағдаят деуге болады.
– Соңғы жылдары зерттеулер көрсеткендей, жастардың бойынан қарсылықты көңіл күй байқалады. Жастар арасында саяси және құқықтық нигилизм басым, өйткені олар өз пікірінің қоғамдық рөлі барына, бір нәрсені өзгертетініне сенбейді. Жастардың құқықтық, саяси, экономикалық сауаты төмен. Қоғамдағы өзекті мәселелер мен жаңалықтар оларды аса қызықтырмайды, – дейді БҒМ Ғылым комитеті Экономика институты Заманауи зерттеу әдістері бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Тұрсынбайқызы.
2021 жылғы Халық санағының алғашқы нәтижелері Қазақстан халқының 19,72 пайызы 14-28 жас аралығындағы жастар екенін көрсетті. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елдегі 250 мыңнан астам жас не жұмыссыз, не білім алмайды. Ол жастар жұмыс іздеп ірі қалаларға ағылады. Осылайша, ішкі мигранттар саны артады. Миллиондаған халықпен салыстырғанда бұл көрсеткіш аз болып көрінуі мүмкін. Ал қоғамда өз орнын таба алмай жүрген жастардың жартысы көшеге шықса не болатынын елестетудің өзі қиын. Алаңға әділеттік іздеп мыңдаған адамның шығуының соңы неге ұласқанын күні кеше өзіміз де көрдік.
Жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік мүмкіндіктер мүлдем жоқ деуге келмес. Алайда олар тиімсіз. Неге десеңіз, жастар ұйымдарының қызметі көбіне жастар шоғырланған оқу орындарында жүзеге асады. Ал жас азаматтар оның біреуіне де қатыспайды.
Әлеуметтанушы Айсұлу Тұрсынбайқызының айтуынша, елдегі мемлекеттік идеология, жастар саясаты бағытындағы жұмыстар білім алатын жастар аудиториясына бағытталған, яғни, басты аудитория – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері. «Білім алуды жалғастырмаған жастар назардан тыс қалған. Жылына 150 мың бала мектеп бітірсе, солардың үштен бірі оқуын жалғастырмайды. Міне, сол жастармен байланыс орнатылмайды», дейді Айсұлу Тұрсынбайқызы.
Ал жүргізіліп жатқан жастар саясаты қазақстандықтарды қандай да бір игі мақсатқа жұмылдыра алды ма деген сұрақ туындайды. «Массовкаға» қатысудан әбден шаршаған белсенділер жастар ұйымдарын айналып қашады. Жүйеде жүрген мамандар бұл пікірмен келіспеуі мүмкін, әрине. Алайда қанша уақыттан бері айтылып келе жатқан шындық – осы.
Қазақстанның түрлі идеологиялар полигонына айналуының бір ғана себебі болуы мүмкін емес. Дегенмен мақаланы жазу барысында мәселенің бір ұшы – жастардың радикалды күштердің жетегінде кетіп, жат көзқарасты бойына тез сіңіріп алуы мен арандатушыларға оңай ілесіп кетуінің себептерін қарастырдық.
UNICEF жүргізген сауалдама бүгінгі жастардың өздері өмір сүретін ортаның болашағына көбірек алаңдай бастағанын, демократия құндылықтарын ілгерілетіп, әлеуметтік әділеттілікті орнатуда белсенді екенін көрсеткен. Сондай-ақ БҰҰ жүргізген 2021 жылғы зерттеу бойынша қоғамдық институттарға деген сенімнің азайып кеткені байқалады. Мұндай керағар нәтижелер жастардың белсенді болуға дайын екенін, алайда қалыптасқан институттарға сенбейтінін білдіреді. Сенімсіздік, әсіресе пандемия кезінде арта түскен болуы мүмкін. Жоғарыда Қазақстан жастарының арасында саяси және құқықтық нигилизм жайлы айттық. Жастардың саясатқа араласудан бас тартуы ғаламдық деңгейде де көріне бастаған. 181 елдегі өзгерісті бақылайтын Global Youth Development Index көрсеткіші бойынша жастардың саясатқа араласуы төмендегені анықталған. Ал сарапшылар дәл осы жастардың саяси белсенділігін – демократия мен азаматтық қоғамды нығайтудың негізгі факторы деп түсіндіреді.
Қазақстан жастарының саясатқа немқұрайды қарауы өз пікірінің өзгеріс алып келетініне сенбеуінен деп атап өттік. Бұл тенденция әлемнің басқа елдерінде де бар екенін көруге болады. 180 елде 18-35 жас аралығындағы 25 мың адам қатысқан Global Shapers сауалдамасына жауап бергендердің 55,9 пайызы маңызды шешімдер қабылданар кезде өздерінің пікірі ескерілмейтініне сенімді болған.
Маңызды мәселелердің тағы бірі – жастар арасындағы құндылықтардың өзгеруі болып тұр. Әлеуметтанушы Айсұлу Тұрсынбайқызы жастар гуманистік қасиеттерден гөрі материалдық дүниеге көбірек маңыз беретінін айтады.
– Құндылық тұрғысынан жастар арасында деградацияның бары рас. Материалдық құндылықтар алға шығып, адамгершілік, еңбекқорлық секілді құндылықтар аз насихатталады, отбасы тәрбиесімен де берілмейді. Адалдық, еңбекқорлық, жауапкершіліктен бұрын, қазіргі жастар материалдық табыс, мансап секілді практикалық дүниелерді бірінші орынға қояды, – дейді Айсұлу Тұрсынбайқызы.
Кез келген адамның өзіндік ой-пікірі отбасындағы тәрбиемен, біліммен, қоғамдағы құндылықтармен, айналасына үлгі көрсететін тұлғалардың әрекетімен қалыптасатыны белгілі. Жастар қоғамда арқа сүйейтін дұрыс ұстанымдардан айырылды. Қоғамымызды жемқорлық жайлап, үлгі болар азаматтар жастарға игі істері арқылы бағдар бере алмады. «Жетістікке еңбекпен емес, ақшамен жетуге болады» деген көзқарас қалыптасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар арасында адал еңбекті насихаттау керек, заңгер-менеджерлер емес технарь мамандар даярлау керек деуі осыны білдіреді.
– Жастардан бірнәрсе талап етуден бұрын, оларға дұрыс әлеуметтік старт беруіміз керек. Көпшілігі кәсіби білімнен бұрын, орта білімнің өзін сапасыз алады. Оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу қиын, біліктілігі мен тәжірибесі жеткіліксіз. Жастар қоғамдағы орнын табуы үшін жағдай жасалуы керек. Ол – материалдық қолдау емес, сапалы орта және кәсіби білім мен жеткілікті жұмыс орындары секілді әлеуметтік капитал, – дейді сарапшы А.Тұрсынбайқызы.
Ендігі міндет – популистік, радикалды идеялар арасында адасып, теріс пиғылды адамдардың соңынан ерген жастарымыздың бетін бері бұрып, олардың бойына ұлттық құндылықтарымыз бен адамгершілік, адалдық, әділеттілік, еңбекқорлық секілді игі қасиеттерді сіңіру болмақ. Отбасындағы тәрбие мен құндылықтар әр адамның ой мен бой түзейтін қазығына айналуға тиіс.