Саясат • 10 Қаңтар, 2022

Билік пен бірлік

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда, қазақ халқы құрбан болады» деп ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның әулиелікпен айтқанына соңғы күндері тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Билік пен бірлік

Билік пен бұқараның арасында ынтымақ болмаса, ел тілегі ескерусіз қала берген күнде мемлекеттілікке, тəуелсіздікке қатер төнуі əп-сəтте-ақ екен. Əлеуметтік əділетсіздіктің ақыры шиеленіске ұласатынын басқа елдердің өмірінен көріп жүргенімізбен, сол ахуалды өз басымыздан өткіземіз деп ойладық па?

Алдыңғы жылы ғана 175 жылдық мерейтойын тойлаған ұлы Абайдың ұлағатты сөздерін қазақ қауымы, оның ішінде билігі əлі санасына сіңіріп, көкірегіне түйіп үлгермегені байқалады. Биліктегі шенеуніктердің жазып берген баяндаманы судырлатып оқығаны жадына тоқығаны емес екенін, ұлы ақынның қара сөзі қоғамдағы идеологиялық темірқазықтың ұстынына айналған күнде ғана өміріміз де өзгеше сипат алатынына көз жеткізіп отырған жайымыз бар. Қазақ өркениетінің бастауы Абайдың даналығымен астасып жатыр. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын дала данышпаны қазаққа ғана емес, жалпы адамзатқа тағылым боларлықтай төмендегіше тұжырым жасаған еді: «Енді адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып өрге баса алады. Ал ақылдылықтың өлшемі – əділеттілік. Əділет ешкімді кемсіт пейді, ештеңенің обалына қалмайды», дейді ақын.

Абай айтқан əділеттілікті заңдық тұрғыдан өз билігінен талап етуге, наразылығын жеткізуге халықтың құқығы да бар. Ал «ақылдылықтың өлшеміне» қатысты ұсынысын, талап-тілегін билікке айтуға жиналған шерушілердің бейбіт жиынын бұзақылар мен лаңкестердің өз мүддесіне пайдалануы, оның үстіне бейбіт халыққа, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне оқ атып, мемлекеттік мекемелерге өрт қойып, сауда орындарын тонауы ақтауға келмейтін, заңдық тұрғыдан қатаң жазаланатын əрекет екені сөзсіз. Бүлікшілердің артында белгілі бір ұйымдастырылған күштердің тұрғаны да белгілі.

Сорлатқанда, сырттан ел аумағына аттандап енген ашық жаулар емес, қай кезде де өз ішімізден шыққан шұбар жыландар сорлатады ғой. «Іштен шыққан жау жаман» деп бабаларымыз бекер айтты дейсіз бе? «Жау жоқ деме, жар астында» дегені тағы бар халықтың. Бұл жолы да солай болды. Дұшпанды, Қазақстанның тыныштығын, қазақ халқының ынтымағын көре алмай жүргендерді алыстан іздеп жүргенде, бүлікшілердің іштен шыққаны отаншылдықты кейбіреулердің өзімшілдік, жеке билік турасында түсінетіні жанымызға батады.

Бүлікке не түрткі болғаны, оны кімдер ұйымдастырғаны əлі зерттеліп, зерделене жатар. Бүлікшілер де тиісті жазасын алар. Ал біздің бүгінгі айтпағымыз, сын сағатта сабырлы болу өз алдына, тəуелсіздікті, мемлекеттілікті қорғау міндеті тұр алдымызда. Ел болып, бүкіл халық болып. Əлеуметтік кикілжіңнен гөрі азаматтық татулық қымбатырақ болып тұр қазір. Əлеуметтік талаптарға бола, өзінің арам пиғылдарын іске асыруға жанталасып, көлденеңнен киліккен бүлікшілердің кесірінен ғасырлар бойы бабаларымыз ат үстінде күреспен өткізген ел тəуелсіздігінен, мемлекет тұтастығынан ендігі жерде айырылатын болсақ, ең үлкен қасірет сол болар еді.

«Мың өліп, мың тірілген қазақтың» шежіресі оған ендігі жерде «мың бірінші мəрте өлуге» мүмкіндік бермейді. Тарихтың ащы сабағы осыған мəжбүрлейді. Кезекті «өлімге» бет бұрған күннің өзінде «мың бірінші рет тірілуіне» ешқандай кепілдік жоқ» деп жазған болатынбыз ілгеріректе жазған «Соңғы мүмкіндік» атты мақаламызда. Осы тұжырымды оқырманға қайталап ұсынғанды жөн көрдік.

Билік халықтың көңілінен шығатын шешім қабылдай алмаса, екеуара ортақ мəмілеге келе алмаса, яғни билік басындағы топтардың ымыраласуы арқылы халықтың əу басындағы қойған талап-тілегі сырт қалған күнде, ол нағыз саяси авантюризм болып шығар еді. Басқалай айтқанда, абыздардың айтқанына ден қояр болсақ, «Кез келген ситуацияда ел басын қатерге тікпей ел мүддесіне жете алу – саясат, ал өз мүддесі жолында ел мүддесін құрбандыққа шалып жіберуден тайынбау – сыпайылап айтқанда ғана саясатшылдық, расына келсек – саяси авантюризм».

P.S. Тарих сахнасында сан рет алданып, сан рет сан соққан Алаш баласын бұл жолы саяси авантюризмнен сақтағай! Бүгінгі билік пен халықтың бірлігі үйлесім табатынына сенгіміз-ақ келеді.