Қоғам • 31 Қаңтар, 2022

Азық-түліктің сапасы сын көтермейді

558 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде қарапайым халықтың жағдайы туралы сөз болғанда, ең әуелі азық-түлік мәселесі айтылады. Яғни баға тұрақтылығы жұртшылық үшін аса маңызды. Жергілікті тұрғындарды қолжетімді азық-түлік түрлерімен қамту мақсатында Жамбыл облысында былтыр бірқатар әлеуметтік дүкен ашылған болатын. Әрине, Әулиеата халқы бұл бастамаға қуанған еді. Мұнда өңірдегі қорда қалыптасқан көпшілік күнделікті тұтынатын түрлі заттар қойылды. Бағасы да басқа дүкендерден қарағанда анағұрлым арзан. Бірақ бүгінде сол әлеуметтік дүкендердің әлеуеті нашар болып тұр.

Азық-түліктің сапасы сын көтермейді

Бастапқыда жұмысқа қызу қар­қынмен кіріскен нысандар қа­зіргі кезде жүрісінен жаңыл­ған­дай қалып танытып отыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ха­лық­қа өтірік әлеуметтік дү­кен­дердің керегі жоқ» деп, талай рет тиісті басшылардың жұмысын сынға алған. Алайда айтылған сыннан да нәтиже шығып жатқан жоқ.

Аймақта соңғы уақытта әлеу­­­мет­тік маңызы бар бес тауар тү­рінің бағасы да шекті көр­­­сет­кіштен жоғары болған. Бұл да әдетте қарапайым халық­тың қалтасын қағатын жайдың бірі. Десе де, көпшілік күн са­йын әлеуметтік дүкендерге бас сұқпай тұрмайды. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Ербол Жиен­құловтың айтуынша, қырық­қабат көрші Қырғыз Рес­пуб­ли­ка­сынан, қарақұмық өнімі Ресей мемлекетінен және Шығыс Қазақстан облысынан тасымалданады. Сондықтан да олардың бағасы шекті көрсеткіштен жоға­ры болады. Бірақ мәселе жалғыз бұл ғана емес. Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік дүкендегі азық-түлік бағасы талапқа сай болмай тұр. Мәселен, бір ғана 15-шағын аудандағы әлеуметтік дүкенде сәбіз, тұз, қант, картоп бағалары өсіп кеткен. Сол сияқты, Абай даңғылы мен «Қарасу» шағын ауданындағы әлеуметтік дүкендерде де айран, сүт және макарон сынды өнімдердің жетіспеушілігі бай­қа­лады. Мұндай өнім түрлері ха­лыққа күнделікті қажет бол­ған­дықтан, ол дүкен сөре­ле­рін­де күн­делікті тұруы керек еді.

Тараз қаласы, 15-шағын ау­дан­­­дағы №33 және №35 үйлер­дің жа­­нында орналас­қан әлеу­мет­тік дү­кеннің сатушы-кас­сирі Евге­ния Горбунова атал­ған дүкен қа­зір­гі таңда қа­лып­ты жұмыс істеп тұрғанын айтты. Мұнда күніне орта есеппен 200-ден аса адам келеді. Ол сұранысқа ие азық-түлік қоры жеткілікті екенін, тұрғындар тарапынан, әсіресе ұн, қант, картоп, пияз, сәбізге деген сұраныс жоғары екенін жеткізді. Сол сияқты, «Қаратау» шағын ауданы, №2 үйдің жанында орналасқан әлеуметтік дүкеннің сатушысы Айман Мажиова да дүкенге тауарлардың тұрақты жеткізіліп тұратынын айтады. Тек картоп қана жоқ болып шық­ты. Сенбі күні таусылған кар­топ сейсенбі күні бір-ақ жеткізіледі.

Жалпы, өңірдегі әлеуметтік дүкендерде қант көп саудаланады. Мәселен, бір дүкенге 100 кило қант келетін болса, сол күні түс ауғанша сатылып бітеді. Де­генмен қант әрбір келушіге бел­гі­лі мөлшерде ғана сатылады.

Бұл ретте «Тараз» ӘКК» АҚ» сауда және азық-түлік қауіпсіздігі депар­таментінің директоры Арман Түймебаев алдағы уақытта ай­мақта әлеуметтік дүкендердің санын арттыру жоспарда бар екенін айтты. Сондай-ақ облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бірқатар кешенді іс-шара қа­был­­данғанын, бүгінде облыс­та барлығы 33 әлеуметтік дүкен мен павильон жұмыс істейтінін, оның 22-сі Тараз қаласында болса, 11-і аудан орталықтарында орналасқанын, алдағы үш айдың ішінде облыс орталығында тағы 4 әлеуметтік дүкен ашылатынын жеткізді.

Алдағы уақытта тозығы жеткен әлеуметтік дүкендер де жөн­де­леді. Алайда «Самал» шағын ауданындағы бір әлеуметтік дү­кеннің есігінде қара құлып тұр. Тұрғындардың айтуынша, атал­ған дүкеннің шатыры былтыр болған қатты дауылдың сал­­да­­рынан зақымданған. Содан бері бір айдан астам уақыт өтсе де, дү­кен­нің шатыры әлі жөндел­ме­ген.

Өңір тұрғындары әлеуметтік дүкендердің жұмысына, жалпы, азық-түлік түрлерінің сапасына көңілі толмайтынын айтады.

«Көзбояушылықты қашан қояр екенбіз. Біріншіден, көр­се­тілген 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік түрі дүкендерде үнемі бола бермейді. Күріш алсаң, сәбізі жоқ. Сұлы алсаң, сүті жоқ. Екіншіден, тауарлар бір қолға тек 1-1,5 килодан ғана беріледі. Сондықтан да көпбалалы отбасылар килолап күнде тасып, жинап жүргені. 1 кило ұн немесе 1 кило қант көпбалалы отбасылар үшін қанша күнге жетеді деп ойлайсыздар?! Үшіншіден, дүкендердегі азық-түліктің сапасы өте нашар. Төртіншіден, әлеуметтік дүкендерге қатысты жұртшылық тарапынан сын айтылып, мін тағылса, сауда жасап, кәсіп қылып отырған саудагерлерге дүрсе қойып, «жанын шығаратын» түрлі тексерушілер табыла кетеді», дейді Тараз қала­сы­ның тұрғыны Маржан Рақай.

Ал тағы бір тұрғын Гүлнұр Бибазарова өзі тұратын «Қара­тау» шағын ауданындағы әлеу­мет­тік дүкеннің жұмысына мүл­дем көңілінің толмайтынын, қашан барсаң да әлеуметтік қолдау қорының тауары таусылып, орнында қымбат бағадағы өзге тауарлар тұратынын, сон­дай-ақ тауарларының көбі сапасыз екенін айтты. Өзге де тұрғындар әлеуметтік дүкендер­дің жұмысының нашар екенін, азық-түлік түрлерінің сапасыз екенін жеткізуде. Бір сөзбен айт­қанда, мұндағы тауар түрлеріне шағым көп.

«Тараз» ӘКК» АҚ» берген мәліметіне қарасақ, бұл мақсатқа миллиондаған қаржы бөлінген, мыңдаған тонна халық күнделікті тұтынатын азық-түлік қоры сатып алынған. Жалпы, өткен жылы 406,7 млн теңгеге 3 060 тонна азық-түлік тауары сатып алынған екен.

«Әрине, кейде тұрғындар тарапынан шағым түседі. Әсіресе жұртшылық бір адамға сатылатын тауардың көлеміне наразы­лығын білдіреді. Бір қолға бе­рі­летін тауардың күнделікті нормасы 1,5 кило қант пен 1 литр күнбағыс майы және 10 жұмыртқа болып белгіленген. Себебі алға­шында қантты, сәбізді, картопты қаппен алып кеткендер де болған. Сол үшін де сатып алудың күн­делікті нормасы белгіленген. Ал өнімдердің сапасына әрдайым ба­қылау жасап отырамыз», дейді А.Түймебаев.

Әрине, қазіргі кезде әлеумет­тік дүкендер шама-шарқынша жұмыс атқаруда. Қарапайым халық та өзіне керегін алып, тұтынуда. Дегенмен тұрғындар­дың да талабы орынды. Бұл ретте жауапты басшылар сапа мәселесіне көңіл бөлгені жөн. Әлеуеті нашар әлеуметтік дүкен­нің елге пайдасы жоқ.

 

Жамбыл облысы