Үкімет • 02 Ақпан, 2022

Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері

436 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, тұрғын үй саясатындағы және баспананы жалға алу ақысын субсидиялаудағы жаңа механизмдер мен білім мен ғылымды дамытудың жаңа тәсілдері талқыланды.

Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Кәсіпкерлер санитарлық нормаларды қатаң сақтауға тиіс

Бірінші мәселе бойынша сөз алған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда коронавирус инфекциясымен сырқаттану жағдайы тұрақ­талмағанын, вирус жұқтыру дең­гейі әлі де жоғары болып тұрғанын баян­­дады. Өңірлердің көбі «қызыл» аймақ­та тұр. Аурудың ең көп өсімі Пав­ло­дар, Ақмола, Қостанай және Солтүс­тік Қазақстан облыстарында байқалады.

Кәсіпкерлерге қатысты карантиндік шектеулердің төмендегенін ескере оты­рып, Үкімет басшысы «Атаме­кен» ҰКП-ға бизнеспен санитарлық-эпиде­миялық талаптарды сақтау бойынша әлеу­меттік жауапкершілік мәселесін пы­сық­тауды тапсырды. «Кәсіпкерлер жұ­мысына аса жа­уапкершілікпен қарауға тиіс. Сауда немесе тамақтану орын­­дарында, өн­діріс алаңдарында ко­ро­­на­вирус инфек­ция­сының таралуына жол бермеу үшін бар­лық қажетті шара қатаң сақталуы керек. Мұны бизнес­тің өзі қадағалауы тиіс, өйткені әлеумет­тік жауапкершілік, бірінші кезекте, биз­нес­тің өзі үшін қажет», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр елдегі сани­тар­лық-эпидемиялық жағдайды бақылауда ұстауды, оқу орындарында санитарлық талаптардың мүлтіксіз сақталуын қам­та­масыз етуді, халықты вакциналау және ревак­циналау жұмыстарын барынша кү­шейтуді тапсырды. Бұған дейін берілген тапсырмаларға қарамастан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында екпе алуға тиіс халықтың жартысы ғана вакцина салдырған. Сондай-ақ ел астанасы мен Алматыда және Маң­ғыстау облысында ревакциналау қарқы­ны жақсарған жоқ.

Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысын жақсы мысал ретінде келтірді, онда вакцинамен қамту 100%-ға, ревакциналау 80%-ға жеткен, сондай-ақ Жамбыл облысында вакцинамен қамту 100%-ға жуықтаған, ал халықтың
66%-ы ревакциналанған.

70 мың отбасының тұрғын үй жалдау ақысы субсидияланады

Үкімет отырысында тұрғын үй сая­сат­ындағы және тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялаудағы жаңа тәсілдер қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.Өскенбаев атап өткен­дей, азаматтардың жекелеген санат­тарының мәселелерін жедел шешу мақ­сатында Мемлекет басшысы тұрғын үйді коммерциялық нарықта жалға алғаны үшін төлем тетігін әзірлеуді тапсырды. «Бү­гінгі күні елімізде шамамен 590 мың адам кезекте тұр, соның ішінде 210 мың адам халықтың әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған тобына жатады. Бұл көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар», деді Қ.Өскенбаев.

Соның ішінде, министрдің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі базасының деректеріне сәйкес табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен шамамен 70 мың азамат қысқа мерзім ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етілуге тиіс. Осы мақсатта жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленді, онда «Отбасы банкі» оператор болып белгіленді. Банк кезекте тұрған адамдарды тұрғын үйге мұқтаждығын ақпараттық жүйе арқылы тексереді. Министрдің айтуынша, атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген: жалдау ақысының 50%-ы мемлекеттік субсидия­лар есебінен жабылады, қалған 50%-ын жалға алушы өз қалтасынан төлейді. «70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет, бұл ретте көрсетілген қара­жат жыл сайын кезекте тұрған адам­дардың санына байланысты өзгеруі мүм­кін», деді Қ.Өскенбаев.

Оның айтуынша, өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар мыналар: Қазақстан Республикасының азаматы болуы, отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселенген шамасынан аспауға тиіс. Бұған қоса, азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдіктің кезегінде тұрғанын растауы қажет және жалдау ақысын субсидиялау үшін тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарт болуы керек. Ал оператор банкке бірнеше құжат тапсырылады: төлемдерді тағайындау жөніндегі өтініш (ЭЦҚ қажет), тұрғын үйді жалдау туралы шарт, қалған құжаттарды банк ақпараттық жүйе­­лерден өзі алады. Өтініш берушінің құжа­­ты түгел және дұрыс болса, үйдің жал­­дау ақысы мемлекет тарапынан 10 жұмыс күнінің ішінде аударылады, дейді Қ.Өскен­баев.

Тұрғын үйді жалдау құнын субсидия­лау үшін бөлінетін қаржыны респуб­ликалық және жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыру қарастырылып отыр. Яғни бұл мақсатқа республикалық бюджеттен жыл сайынғы шығындар 40 млрд теңгені және жергілікті бюджеттер үшін 10 млрд теңгені құрайды.

Төлем тетігін іске асыру үшін қадам­дық іс-қимыл жоспары жасалды. Бірін­шіден, өлшемшарттар мен талаптар, сондай-ақ жалдау мөлшерлемесінің шекті құны көрсетілген қағидалар әзірленді. Екіншіден, республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау қажет. Үшіншіден, Отбасы банк мем­ле­кеттік органдардың ақпараттық жүйе­лері­мен интеграциялануды аяқтауға тиіс. Тұрғын үй төлемдері бағдарла­масын толық іске қосу мамыр айына жоспарланған. Жоға­рыда көрсетіл­ген тәсілдер мақұлданған жағ­дайда ми­нистрлік өз бұйрығын бекі­туге дайын.

Министрдің айтуынша, азамат­тардың тұрғын үй мәселесін шешудің негізгі тәсілдері субсидиялар, тұрғын үйді жалға алуға арналған тұрғын үй төлемдері, құрылыс салушылардан дайын тұрғын үйді сатып алу, «ескі орамдарды» рено­вациялау, проблемалық объектілерді аяқ­тау арқылы мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері болады. Осыны ескере оты­рып, биыл тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық көлемін 17 млн шаршы метр деп белгілеу ұсынылады. «Бү­гінгі таңда құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді, онда жұмыспен қамтылғандар саны – 641 мың. Біз жұ­мыс орындарын сақтау және ұлғайту жөніндегі саясатты одан әрі жалғастырамыз», деп сендірді Қ.Өскенбаев.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төр­ағасы Айдар Әріпханов облигация­лар­ды сатып алу тетігі арқылы кредиттік тұрғын үй салу бағыты бойынша әкімдіктерге жалпы сомасы 163,7 млрд теңге қор­ландыру ұсынылғанын айтты, бұл бекітілген жоспардың 100%-ы. Тұрғын үй құрылыс жинақтары бағыты бойынша 2021 жылы халыққа жалпы сомасы 1,235 трлн теңгеге 82,2 мың жеңілдікпен қарыз берілді. Отбасы банк жүйесінде 1,5 трлн теңге болатын 2,2 млн шарт бар. Үлестік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша жалпы сомасы 372 млрд теңгеге ауданы 2 млн шаршы метр тұрғын үй болатын 70 жоба кепілдендірілді. Жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 28 млрд теңге болатын жобалар мақұлданды, ал жоспар бойынша 20 млрд теңге болған.

Мәселені Үкімет басшысы Әлихан Смайы­лов қорытындылады. «Азамат­тардың әл-ауқатын жақсарту – мемле­­кеттік сая­саттың ең маңызды міндеті. Осы мін­дет­ке жетудің басым бағыттарының бірі – ол тұрғын үйдің қолжетімді болуы», деді ол.

Үкімет басшысы жалпы құрылыс саласы жыл сайын оң динамика көрсетіп, өсіп келе жатқанын атап өтті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 17,1 млн шаршы метр үй салынды. Тұрғын үй құрылысына шамамен 2,4 трлн теңге инвестиция тартылды. Бірақ осыншама өсімге және бас­пана салу жоспарларының орындалуына қарамастан, қарапайым азаматтардың басым бөлігінің баспанаға қолдары жетпей жүр. Үй кезегіне тұрғандардың саны көбейіп жатыр.

Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленді. Мұнда Отбасы банкіне ерекше орын беріледі, ол баспанаға мұқтаж адамдардың кезегін қалыптастыру және оларға тұрғын үйлерді жеңілдікпен сату бойынша бірыңғай оператор қызметін атқарады. Қазіргі таңда азаматтарға үй сатып алу мақсатында өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін Отбасы бан­кіндегі депозиттерге салу мүмкіндігі берілді. Заңнаманы реформалау аясын­да тұрғын үйді кірісіне қарай сату, арен­далық төлемдердің бір бөлігін субсидия­лау және ауылды жерлерде тұрғын үй салу тетіктері енгізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арендалық төлемнің бір бө­лігін субсидиялау механизмін енгізу туралы шешім қабылданды. Баспанаға мұқтаж 70 мыңға жуық отбасы осы тетік арқылы баспанамен қамтылады, олар жалдау ақысынан үнемделген қаражатты үй сатып алуға жинай алады. «Жалпы, жаңа тәсілдер мен механизмдер 10 жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған жарты миллионнан астам адамның баспана мәселесін шешуге және мемлекеттік қолдаудың әділетті, ашық әрі қолжетімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, аренданы субсидиялау тетігін енгізу бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері мен рәсімдерді аяқтап, осы жылдың 1 мамырына дейін нақты іске асыруды тапсырды. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сапасын арттыру және одан әрі жеңілдету үшін жоғарыда аталған министрлікке құрылыс саласын реттеуге цифрлы технологияларды енгізу жөніндегі заң жобаны осы жылдың 1 сәуіріне дейін Үкіметке енгізу тапсырылды. «Құрылыс маусымын уақтылы бастаудың маңызы зор. Ол үшін өңір әкімдері күн жылынған соң құрылыс жұмыстарын барынша тездетуге мүмкіндік туғызып, ерте бастан жер телім­дерін бөлуді, жобалық құжаттарды әзір­леуді, қажетті инфрақұрылымды жүр­гізуді қамтамасыз етуге тиіс», деді Ә.Смайылов.

Халықтың жаппай сапалы білім алуына жағдай жасау – негізгі міндет

Үкімет отырысында білім мен ғылым­ды дамытудың жаңа тәсілдері қаралды.

Мәселені қорытындылаған Үкімет бас­шысы: «Біздің басты міндетіміз – білім берудің барлық деңгейінде халық­тың жаппай сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Осыған орай балаларды сапалы білім беру арқылы жан-жақты дамытатын маңызды іс-шараларды қарастыру қажет», деді.

Үкімет басшысы мектепке дейінгі білім беруде сапаны бағалау құралдарын күшейтіп, балалардың ерте кезден дамуының әлемдік көрсеткіштерін енгізген жөн екенін айтты. Орта білім беруде қала мен ауыл мектептеріндегі оқыту сапасын теңестіруге, мектеп оқу­шыларының функционалдық сауат­ты­лығына, баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға баса мән беру керек.

Премьер-Министр педагогтерді әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында әкімдіктер мен білім министрлігіне кадрлар тапшы өңірлерге ұстаздарды тарту үшін қосымша ақы төлеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу жөніндегі шараларды қарастыруды тапсырды.

Ә.Смайылов жақын орналасқан мектептен тыс ұйымдарды, тегін мектеп үйірмелерін, спорттық секцияларды, аула клубтарын көбейту жұмысын жүргізу қажеттігін атап өтті. «Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Оның сапасын, тәсілдері мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін түбегейлі өзгерткен жөн. Барлық жерде кәсіпорындардың колледждерді өз қамқорлығына алуын жолға қою керек. Колледждер тек жастарды ғана емес, жұмыс берушілер мен инвесторларды да өзіне тартып, дәстүрлі бағдарламалармен қатар, қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын ұсынуға тиіс», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр мемлекеттік тап­сы­рысты қалыптастыру барысында әр өңір­дегі белгілі бір жұмысшы мамандықтарға деген қажеттілікті ескеруді тапсырды. «Кол­ледждер мен университеттердің түлек­тері еңбек нарығында сұранысқа ие бо­луы керек. Қазіргі таңда дәл осы еңбек на­рығындағы сұраныс пен оның перспек­тивалық болжамы кадрлар даярлаудағы негізгі факторлар болып табылады», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы жоғары білім беру жү­йесін, әсіресе, техникалық жоғары білім беруді қайта қарауды, танымал университеттердің филиалдарын, кампустарын ашу ісінде нақты шаралар қа­былдауды тапсырды. Жастардың жоға­ры білім алу мүмкіндігін кеңейту үшін мем­лекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, оның ішінде еліміздің батыс өңірлері­нің студенттері үшін техникалық маман­дықтар бойынша қосымша 10 мың грант бөлу жоспарланып отыр. Жоғары білім саласында гранттар арқылы мемлекеттік тапсырыстарды бөлу кезінде өңірлердің ерекшеліктері мен облыстардағы кадр­ларға деген қажеттілік ескеріледі.

Премьер-Министр техникалық ғылым­­дарды дамытуға басымдық беру, E-lab бірыңғай платформасын құру, ғы­лымды базалық қаржыландыруды ке­ңейту арқылы ғылыми инфра­құ­ры­лымды жаңғырту жөніндегі шаралар кешенін қарастыруды тапсырды. Білім және ғылым министрлігіне «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын қайта қарау, Ұлттық экономика, Қар­жы министрліктерімен бірлесіп, Үкі­меттің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасының жобасына Балаларды балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай цифрлы базасын құру, Тәрбие жұмысы тұжырымдамасын қабылдау, Қосымша білім берудің бірыңғай ұлттық порталын құру жөніндегі іс-шараларды енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Үкімет басшысы осы жылғы 10 ақ­панға дейін кәсіпорындардың кол­ледж­­дерді қамқорлыққа алуын дамыту жөнін­дегі кешенді жоспардың жобасын, осы жылдың 7 ақпанына дейін жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі Жол картасын енгізу керектігін айтты. «Салалық мем­лекеттік органдармен бірлесіп, техни­ка­лық бағыттағы ғылыми кадрлар­ды даярлауға басымдық беру қажет, оның ішінде жас ғалымдарға гранттар бөлу және жыл сайын жетекші шетел­дік ғылы­ми орталықтарға жіберу жұмыс­тарының аясында да ұйымдастыру керек», деді Ә.Смайылов.