12 Мамыр, 2010

БАҒАНЫ РЕТТЕУ – БАСТЫ МІНДЕТ

777 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық кеңес режіміндегі Үкімет отырысы болып өтті. Астана, Алматы және барлық облыс әкімдерінің қатысуымен өткен отырыста үш мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мә­селе бойынша еліміздің Кеден ода­ғына интеграциялануына байла­нысты биылғы жылдың 1 шілде­сі­нен бастап күшіне енетін жаңа ұлт­тық Кеден кодексінің жобасы тал­қы­ланды. Жаңа Кеден кодексі жо­ба­сының негізіне Киото конвен­циясы, халықаралық құқықтық нормалар және Кеден одағында кедендік қатынастарды реттейтін халықаралық нормалар алынған. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Б.Жә­мі­шев Кеден кодексінің жобасы елі­міздің оған қатысты барлық ор­ган­дары мен ведомстволарында жан-жақты талқыланып, қабылданғалы отырғандығын атап көрсетті. – Біз бұл маңызды мәселені барынша ұзақ және ыждаһатты түрде талқыладық. Еліміздің сырт­қы экономикалық қызметіне қаты­сушылардың барлығы жаңа Кеден кодексінің қабылдануынан тиім­ді­лікке қол жеткізуі үшін біздің атал­мыш құжатты дер кезінде қабыл­дауымыздың маңызы зор, – деді Үкімет басшысы. Отырыста Үкімет мүшелерінің дауыс беруі барысында жаңа Кеден кодексінің жобасы бірауыздан қа­былданды. Үкімет басшысының мә­лімдеуінше, бұл жоба бүгін Пар­ламент қарауына жіберіледі. Экономикалық даму және сауда министрлігі Үкімет отырысына “Биз­нестің жол картасы-2020” бағ­дарламасын іске асыру жөніндегі кей­бір шаралар туралы” қаулының жобасын ұсынды. Қаулы жобасы негізінде төмендегідей ережелер бекітілмек: бағдарламаның үш ба­ғы­ты бойынша банктер беретін несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялау. Атап айтқанда, жаңа бизнес бастамаларға қолдау көрсету, кәсіпкерлік саланы сауық­тыру және экспортқа өнім шығара­тын кәсіпорындарды қолдау бағыт­тары бойынша несиелердің пайыз­дық ставкалары субсидияланады. Сонымен бірге банктердің берген несиелеріне “Даму” қоры арқылы ішінара кепілдік беріледі. Қаулы жобасы бойынша белгіленіп отыр­ған үйлестіру тетіктері бағдарла­ма­ларға қатысушылардың барлығына бірыңғай жағдай жасап, мемлекет­тік қолдау шараларының транс­парент­ті және мөлдір болуын қам­тамасыз етеді. Министр Ж.Айтжа­нова­ның атап көрсеткеніндей, аталмыш қаулы жобасы барлық ми­нистрліктермен, ведомство­лар­мен және қаржы бақылау орган­дарымен келісіліп жасалған. Отырыста бұл қаулы жобасы да бірауыздан бекітілді. Үкімет отырысында жан-жақты әрі қызу талқыланған мәселе, елі­мізде соңғы кезде өсіп бара жатқан тұтыну тауарлары бағасы туралы болды. Бұл мәселе бойынша Эко­но­микалық даму және сауда ми­нистрі Ж.Айтжанова, Ауыл шаруа­шылығы министрі А.Күрішбаев және басқалар баяндама жасады. Өңірлерге шаққанда тұтыну тауар­ларының өсуі Шығыс Қазақстан облысында 5,8 пайыз, Қарағандыда – 5,3, Ақмолада – 5,1, Жамбыл облысында – 5,1 пайыз көлемінде болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген сараптау нәтижесі көрсеткеніндей, көкөніс бағасының қымбаттауы негізінен төмендегідей себептерге байла­ныс­ты болған. Біріншіден, импорт­тау­шы­лардың қызметінде ашық­тық­тың жоқтығы және қажетті бақы­лаудың жасалынбауы, екіншіден, рыноктағы уақытша қалыптасқан жағдайды алыпсатарлардың өз қал­таларын қалыңдату үшін пайда­лануы. Мәселен, биылғы жылдың сәуір айында Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында картоп тиісінше 38 және 19 пайыз­ға өсіп кетсе, Алматы облысында бұл көрсеткіш 10 пайызға ғана артқан. Осы уақытта Ақтөбе облы­сында қырыққабат 44 пайыз қым­баттаса, Батыс Қазақстан облы­сында оның бағасы 6 пайыз ғана өскен. Үшін­шіден, әлі де қаптаған делдалдардың бағаның реттелуіне барынша кедергі кел­тіріп отыр­ған­дығы. Мәселен, Үрімші қаласынан шыққанда қы­занақ бағасы 80 теңге болса, қап­та­ған делдалдардың қо­лы­нан өткеннен кейін Астана қа­ласында оның бағасы 350 теңгеден асып түседі. Сол сияқты тұрғындарға ком­муналдық қызмет көрсету мекеме­лері де бағаны шектен тыс асырып барады. Мәселен, биылғы жылдың өзінде электр энергиясы 12,5 пайыз, суық су 10,6 пайыз, кәріз 3,8 пайызға қымбаттаған. Сонымен бірге тұрғындарға байланыс қыз­метін көрсету 8,4 пайыз, амбула­то­риялық қызмет түрлері 6,7 пайыз, шаш қию қызметі 3,2 пайызға өскен. Отырыста соңғы кезде шектен шығып бара жатқан бағаны ауыздықтау үшін бұрын оң нәтиже берген тәжірибелерді пайдалану, тиісті мекемелермен меморандум жасасу және басқа да тетіктерді тиімді пайдалану ұсынылды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мов отырысты қорытындылап, қа­ралған мәселелер бойынша тиісті Үкімет органдары мен өңір әкім­дерінің шұғыл шешімдер қабыл­дауын тапсырды. Биылғы жылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша елімізде ІЖӨ-нің өсуі 7,6 пайызды құрап отыр, бұл жаман көрсеткіш емес. Қол жеткізген осы жетістіктерді тұрақтандыру, соны­мен бірге тұтыну тауарларының бағасын ретке келтіру біздің басты міндетіміз, – деді Премьер-Министр. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.