Экономика • 02 Ақпан, 2022

Абылай Мырзахметов: «Атамекеннің» трансформациясы әлдеқашан басталған

1413 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

– Абылай Исабекұлы, елі­мізде орын алған соңғы оқи­­ға­­лардан кейін «Атамекен­ді» де реформалау туралы әң­гіме айтыла бастады. Тран­сфор­ма­цияға дайынсыздар ма?

– Өзгеру – өмірдің талабы. Бірақ ұлттық палата өзгерісті әлдеқашан бас­тап кеткен. Мұны «Атамекеннің» жұмы­сымен жақсы таныс адамдардың бәрі біле­ді. Біз трансформация мәсе­лесі­не қаңтар оқиғаларынан кейін ғана назар аударған жоқпыз. Бұл процесс екі-үш жыл бұрын бас­талған. Ол үшін сәл шегініс жасап, ұйымның жүріп өткен жолына үңілу керек.

Абылай Мырзахметов: «Атамекеннің» трансформациясы әлдеқашан басталған

«Атамекеннің» арнайы заң­мен құрыл­­ғанына 8 жыл болды. Ел кәсіпкер­лерінің басын бірік­тіріп отырған мұн­дай ұйымды құру тәжірибесі ТМД аумағын­да алғаш рет Қазақстанда қолға алынды. Мақсат – бизнес пен билік арасына алтын көпір орнату. «Атамекен» құ­рыл­ғанға дейін елімізде бизнестің мүд­десі мен құқығын қорғайтын 800-ге жуық түрлі қауымдастық бол­ған. Олар шама-шарқынша жұ­мыс істеді. Бірақ олардың би­лік­пен бетпе-бет отырып, тең жағ­дайда сөйлесе алатын құ­зы­реті, мүмкіндігі болған жоқ. Биз­нес­тің мүд­десін де тиісті дең­гейде қорғай алмады. Осы бір ол­қы­лықтың орнын толтыру мақ­сатында «Атамекен» дү­­ниеге келді. Ұлттық палата – сая­си мекеме емес, бұл – үкі­мет­­тік емес қоғамдық ұйым. Сон­­­дық­тан оны қаржыландыру Үкі­­­­­мет­ке жүктелмеген. Ұйым өзін өзі қар­жы­лан­дыруы керек. Яғ­ни ірі кәсіп­керлерден түсе­тін ерік­ті жарналар есебі­нен қаржы­ландырылып келе жатыр.

Жалпы, «Атамекенді» құрар­да әлем­дік тәжірибені мұқият зер­де­ледік. Оның ішінде Гер­мания мен Фран­цияның тәжіри­бесі­не терең үңілдік. Бұл елдер­дегі кәсіпкерлер де біздің «Ата­мекен» секілді ұйымға топ­тас­қан. Ұйым билікпен тең жағ­дай­да байланыс орнатып, би­знес өкіл­дерінің мүддесін қор­ғай­ды. Дәл осы модельді бауыр­лас Түр­кия мемлекеті жақсы да­мыт­қан. Біз негізінен Түркия­ның жү­ріп өткен жолын бағыт етіп ал­дық. «Атамекен» – әлемдік тәжі­рибе­нің жемісі.

Рас, әу баста «Атамекенге» күмәнмен қарағандар болды. Олардың қатарын­да депутаттар да бар. Сондықтан заң қабылдаған уақытта «Атамекенге» 5 жылдық өтпелі кезең белгіленді. Яғни ұйым бес жылда аяқтан нық тұр­ма­са, бизнестің мүддесін тиісті деңгейде қорғамаса, қысқасы бизнес пен билік­тің арасына алтын арқау бола алмаса, Үкі­метке «Атамекенді» таратып жібе­ру мүмкіндігі берілді. Ал егер бел­гілен­ген мерзімде бәрі ойда­ғыдай өріліп, көз­­делген нәти­желерге қол жеткізілсе, «Атаме­кен­­нің» құзыретін кеңейтіп, оның жеке ұйым ретінде дамуына жағдай жасау керек деген келісім болды. Ұйым бес жылда өзінің тиімділігін, қажеттілігін дәлелдеді. Мұның бәрін егжей-тегжей айтып отырған себебім, біз осы бір өт­пелі кезеңнен өтісі­мен-ақ өзгеруге бет бұрдық. Яғни «Атамекеннің» транс­фор­­ма­циясы Үкімет ұлттық пала­таның құрамынан шыққан сәттен басталды. Ұйым заң аясында өз болашағын ай­қын­дап, бағыт-бағдарын белгіледі.

– Бұл қандай бағыт еді?

– Негізгі бағыт – елдегі әр­бір кә­­сіп­кермен тығыз байланыс ор­нату. Тиісінше, саласына, құ­ры­лы­мына, орналасқан аумағына қара­мастан олардың мұң-мұқта­жына құлақ асып, мәселесін шешуге ықпал ету. Біздегі бизнес түрлерінің мәселесі де сан алуан, бір-біріне ұқсамайды. Айталық, ірі бизнес мемлекеттік органдармен көп қарым-қатынас жасайды. Мұндағы салық саласының жұмысы да күрделі. Ал кішігірім дүкені, шағын кафесі бар кәсіп­кер­лердің мемлекеттік орган­дар­­мен қарым-қатынасы мүл­дем басқа сипатта болады. Қазақ­стан­да 1,3 млн-нан астам кәсіп­кер бар. Оның 90 пайыздан астамы микро және шағын бизнеске тие­сілі. Олардың 30 пайызы сау­да саласында шоғырланған. Едәуір бөлігін қызмет көрсету сала­сы құрап отыр. Өкінішке қарай, өн­ді­ріс­тің үлесі аса көп емес. 280 мың­ға жуық шаруа қожа­лығы бар.

Мен «Атамекен» туралы заң жазы­лып, қабылданған сәттен бастап осы ұйым­ның басшы­лы­ғында жүрмін. Сондықтан «Атамекеннің» идеологиясын, негізгі мақсатын өзімнің ішкі жан дүниемнен өткіздім деп ашық айта аламын. Біздің негізгі мақсатымыз қазір жарна төлеп отырған ірі компаниялардың, ірі банктердің қаржысын шағын және орта бизнестің дамуына бағыттау болды. Оның ішінде ауыл бизнесіне басымдық беріл­ді. Қысқаша айтқанда, ірі компа­ния­­лардың көмегімен елдегі шағын және орта бизнесті да­мыту­ды көздедік. Қазақтың жал­пақ тілімен түсіндірсек, «Ата­ме­кен­нің» бар мақсаты осы­ған келіп саяды.

– Трансформация өтпелі кезеңнен кейін басталды дедіңіз ғой. Одан бері де үш жыл өтіпті. Нақты не өзгерді немесе нені өзгертпексіздер?

– Біз цифрлы заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан осыдан үш жыл бұрын «Атамекенді» өзгертудің бір ғана жолы бар еке­нін анық ұғындық. Ол – ұйым­ға цифрлы тұрғыдан транс­фор­ма­ция жасау. Бұл туралы талай рет ай­тылды, жазылды. Бы­лайша айт­қанда, Kaspi.kz-тің дең­гейіне жету. Жасыратыны жоқ, қазір Kaspi.kz кәрі-жасқа тегіс қол­же­тімді, ұғынықты әрі қара­пайым. Біз де «Атамекеннің» жұ­мысын дәл осындай цифрлы фор­матқа кө­ші­руді мақсат тұттық және сол жолда бірнеше жыл бойы қы­руар жұмыс тындырылды. Әсі­ресе, соңғы бір жылда осы жоба­мен мық­тап айналыстық. «Ата­ме­кен­нің» әрбір кәсіпкерге цифр­лы қыз­мет көрсететін ұйым­ға айналуы үшін тер төктік. Оның ішінде ең ал­ды­мен, негізгі ба­сым­дықты ша­ғын және орта бизнеске беріп отырмыз.

Цифрлы жобамызды 2022 жылы іске қосып, елдегі кәсіп­кер­лердің кем дегенде 70-80 па­йы­зын, яғни 1 млн-ға жуығын цифр­лық қызмет көрсету форматы­мен қамтуды жоспарлаған едік. Жобаның тұжырымдамасын өткен жылдың 29 желтоқсанында аяқтап, бекіттік. 2022 жылдың басын­да жұртшылыққа жария етуі­міз керек еді. Бірақ қаңтар­да­ғы оқиғалар килігіп кетті. Қазір ұлттық палатаның кезектен тыс съезіне дайындалып жатыр­мыз. Осы шараның алдында біздегі жаңашылдықтардың таныс­ты­рылымын жасаймын. Съезге кел­ген кәсіпкерлер өз баға­сын береді, ойларын ортаға салады деп сенемін. Бұл ретте «Ата­ме­­кеннің» трансформация­сы­на қатысты әңгіме соңғы уақыттағы оқиғалардан кейін басталмағанын баса айтқым келеді.

– Сіз айтып отырған цифрлы жоба қалай жұмыс істейді? Артық­шы­лығы неде?

– Жоба деп отырғаным Kaspi.kz се­­кілді мобильді қо­сым­ша. Ол ауыл­­дағы, қала­дағы кәсіп­кер­лер­дің бәріне қолжетімді бол­мақ. Қосымша әркім­ге қа­жетті қызметті ғана ұсынады. Кәсіп­кер қосымшаға тіркеледі. Қа­жетті де­рек­терді енгізеді. Міне, сол дерек­тер­дің негізінде кәсіп­керге қажетті мем­лекет­тік қызмет­тер­дің бәрі цифрлы фор­матта ұсы­ны­лады. Бұл жерде басы артық дерек, қызмет болмайды. Екін­ші жағынан кәсіпкермен кері байла­ныс жолға қойылады. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үн­де­сіп жатыр. «Атамекеннің» осы­нау цифрлы эко­жүйесін Пре­зидент тұжырымдамасын іске асырудың нақты тетігі десек те болады. Яғни кез келген кәсіп­кер билікке өз ойын қосымша арқылы жеткізе алады.

Осы орайда «Атамекеннің» кәсіп­керлерге арналған тағы бір жобасы туралы аз-кем айта кету­дің реті келіп тұр. Қазақ­станда «Азаматтарға арнал­ған үкі­мет» жұмыс істейтіні белгілі. Біз халық пен кәсіпкер­лерге көрсетілетін қызмет­ті қа­бат­тастыр­мау үшін «Кәсіп­кер­лерге арналған үкімет» жобасын ұсындық. Мұны Президент қол­дады, тиісті тапсырмалар берді. «Кәсіп­керлерге арналған үкімет» биз­нес­ке қатысты қыз­мет­тердің бәрін қам­тиды. «Даму» қоры, «Бәйтерек» хол­дингі ұсынатын қызметтер де осында шо­ғыр­ланбақ. Осылайша, бизнес өкіл­дері артық жүгірістен арылып, алтын уақытын үнемдеуге мүмкіндік алмақ.

Әлбетте, «Атамекен» кәсіп­кер­лер­­дің ұйымы болған соң, біз дайындаған цифр­лы қосым­шаның игілігін ең алды­мен, палата мүшелері көреді. Дегенмен бұл жоба арқылы 2-3 млн адамды қамтуға болады. Яғни сер­висті кәсіпкерлер ғана емес, биз­нес бастауға ниетті адамдар, оның қыр-сырын үйренгісі келе­т­індер де пайдалана алатындай етіп іс­теуге мүмкіндік бар. Қосым­ша­­да кәсібін әлі бастамаған аза­мат­тарға да тиісті ақ­па­рат­тар ұсынылады.

Жалпы, Қазақстанда бизнеске ар­­нал­ған мемлекеттік қолдау шаралары көп. Өкінішке қарай, соның бәрі діттеген жерге жетпей жатыр. Айталық, жұмысқа тұру үшін Жұмыспен қамту ор­та­­­лық­тарына бару керек. Бірақ қа­ла­ның қиыр шетінде тұра­тын адам қаланың екінші бір бұры­шын­­да орналасқан мекемеге бар­­май­ды. Мұндай мекеменің бар еке­нін, қайда орналасқанын біл­­мей­­тіндер көп. Орталықты із­д­еп бар­ған күннің өзінде тиісті ақ­­­­па­­­рат­ты ала алмай, алса да түсі­­­­не алмай қиналатындар бар. Міне, біз ұсынып отырған сервис жұ­­­­­мыс­­­­сыздардың, өзін өзі жұ­мыс­­­пен қам­тығандардың, жеке қо­сал­­­­қы ша­руашылық иелері­нің, кә­­сі­п­­­кер­лер­дің тиісті ақпа­рат­тар­­­­ды және мемлекеттік қызмет­тер­­­­ді алуын жеңілдетеді әрі же­дел­­­­­де­­теді. Мақсат – әр адамға ғана ке­­рек­ті деректі жинақтап ұсы­­ну. Цифр­­лы қосымшадағы із­деу те­тік­­­тері де қара­пайым әрі ұғынықты.

Жоғарыда «Атамекен» ұсын­ған қо­сым­шаның кәсіпкерлермен кері байланыс орнатуда маңызы зор екенін айттым. Осыны нақ­ты мысалмен түсіндіріп өтейін. Айталық, ауылдағы кәсіпкердің бірі мемлекеттік мекемеге цифр­лық қосымша арқылы салық­тық есебін тапсырды делік. Бірақ мұ­ны­мен іс бітпеуі мүмкін. Са­лық инспекторы кемшілік тауып, құжатты кері қайтаруы ықти­мал. Мұндай кезде тиісті ақпарат қо­сымшаға келіп түседі, кәсіпкер бір­ден хабардар болады. Яғни бүкіл процесс ашық жүреді. Кім­нің немен, қалай айналысып жат­­қаны ашық көрсетіледі.

Қазақстандағы сауданың шамамен 30-40 пайызы «көлеңкелі айналымда» екені белгілі. Әсіресе, базар­дағы сатушылар сауданы қолма-қол ақша­мен жасайды. Соның бірден-бір себебі сатушылардың салыққа үрке қарай­тындығы. Олар салық органдары­­­мен қарым-қатынасқа түсуге қорқады. Қағаз толтырудан қашады. Сондықтан олар­­ды сүйемелдеу керек. Кәсіпкерді салық органдарымен, нақтырақ айтсақ шенеу­нікпен бетпе-бет қал­­дырмауымыз керек. Міне, осын­дай жағдайларда «Атаме­кеннің» жер-жердегі мамандары қос тараптың жұмысын рет­тей­ді. Ұсынылып отырған мобиль­ді қо­сым­шада кәсіпкердің кез келген ша­ғы­мы ескеріледі, соған сәйкес көмек те бері­леді. Ол үшін бір ғана тетікті басып, проб­­леманы баяндау жеткілікті. Кәсіп­кер­дің шағымы автоматты түрде біз­дің базаға келіп түседі. Кәсіпкер мұны қо­сым­шаның көмегімен бақылап отырады.

– Жоғарыда сіз айтқан 1,3 млн-нан астам кәсіпкердің қаншасы қазір «Атамекенге» жарна төлеп отыр? Мұны сұрап отырғаным, желідегі жұрттың дені дәл осы жарна мәселесіне наразылық білдіруде.

– Әлеуметтік желі – жақсы құ­рал. Бірақ мұндағылардың көбі іс­тің байыбына бармай байбалам салады. Эмоция басым. Бір қызығы, жарна мәселе­сін көтеріп отыр­ғандар кәсіпкер­лер­дің өз­дері емес. Ал шындыққа жүгінсек, 1,3 млн-нан астам кәсіп­кер­дің 2 пайызы ғана, яғни 20 мың­нан астамы заңға сәй­кес жар­на төлеуге мәжбүр. Әлбет­те, бұ­лар­дың бәрі – ірі бизнес субъек­­тілері. Жарна мөлшері заңға сәйкес ұлттық палатаның құрыл­та­йында бекітіледі. Соңғы үш жылд­ағы жағдайға назар аударсақ, жылдық қаржы айналымы 170 млн теңгеден асатын кәсіп­кер­лер ғана жарна төлеуге мін­дет­телген. Бұл санатқа жата­тын­­дар көп емес. Онда да «жар­наны неге төлемедің» деп қысым жасал­майды. Салық инспектор­лары қадағаламайды. Бұл жұмыс жер­гі­лік­ті орындардағы «Атаме­кен­нің» маман­дары­ның хабарласуы, еске салуы ар­қылы жүргізіледі.

– Өкінішке қарай, Тәуелсіз­діктің 30 жылында қазақтар, оның ішінде ауыл адамдары отандық бизнеске еркін бойлай алмады. Нарық бәріне бірдей қолжетімді болған жоқ. Біздің елдегі кейбір келеңсіздіктерге осы бір фактор да белгілі бір деңгейде кері әсер етті деп ойламайсыз ба?

– Сұрақтың төркінін түсіндім. «Қаң­тар қасіретін» айтып отырсыз ғой. Иә, өкі­­ніш­ке қарай, бұл жолы адам қаны тө­гіл­­­ді. Кейде қоғамның, елдің дамуы үшін мұн­дай жағдайлардың серпіліс әке­­ле­­­тіні бар. Қаза болған адам­дар осы жол­­­да өздерін құр­бандыққа шалғандай көрі­­­неді. Әрине, мұндай әңгімемен бала­сы­­нан айырылған ата-ананы жұбата ал­ма­сы­мыз анық. Бірақ тарихи тұрғыдан қа­ра­­ғанда осы пікірге илануға тура келеді.

Қазақтың жақсы қасиетінің бірі – соңғы малын сойса да, баласын оқуға жібереді. Өзім ауылда қалсам да, балам ел қатарлы азамат болса екен деп армандайды. Бұл өте жақсы қасиет. Мен де ауылда өстім, шал-кемпірдің қолында тәрбиелендім. Мен де ауылдан әке-шешемнің жолыма деп жинаған сүт-майын, құрты мен етін арқалап қалаға келген көп қазақтың бірімін. Зырғып жылдар өтсе де, дәл осы жағдай әлі өзгер­­ген жоқ. Себебі қаңтарда қаза тап­қан­­дар­дың, жапа шеккен­дердің дені білім алуды көздеп, жақсы өмірді аңсап ауыл­дан қала­ға келген жастар. Бірақ қа­ла­­ға келген ауыл жастарының көбі жұмыс таба алмайды, кәсіп аша алмайды. Қаланың қызығы баурап алған соң, ауылға да қайт­қысы келмейді. Қала­ның өмірі ауылмен салыстырғанда әлде­­қайда қызықты. Бірақ қалада бәрі қым­бат қой. Тұрақты жұ­мыс болмаған соң, күн көрудің өзі үлкен мәселеге айнала­ды. Кешегі қаңтарда талап-тілек­терін ай­тып көшеге шыққан да солар. Өкі­ніш­ке қарай, үнін билік­ке бей­біт түрде жет­кізгісі келген­дерді теріс пиғыл­ды топ­тар өз мақ­сат­тарына, өз мүддесіне пай­­да­­ланып кетті. Сондықтан жас­тар мәсе­ле­сіне ерекше көңіл бөлу керек. Соның бір жолы – біз ұсы­нып отырған жоба. Ол жас­тар­дың кәсіпті меңгеруіне жаңаша серпін бермек.

Рас айтасыз, 30 жыл ішінде қаракөз­деріміздің көбі бизнес нарығы­нан өз орнын таба алмады. Әрине, жағдай жаман деп те айта алмаймыз. Жетістіктеріміз де жетерлік. Президент айтқандай, өт­кенімізге балта шабуға болмайды. 1,3 млн кәсіпкер аспаннан сал­бырап түскен жоқ. Олардың ішінде Кеңес өкіметі құлағаннан кейінгі қиын кезеңдерді еңсеріп, қазіргі күнге жеткендер де бар. Дамыған елдерде экономиканың 60-70 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Біз де осы­ған ұм­тылуымыз керек. Сонда ел эко­номикасы да тұрақ­ты әрі мы­ғым болмақ. Қазір Қазақ­стан экономикасындағы кәсіпкер­ліктің үлесін 30 пайызға енді ғана жеткіздік. Көрсеткішті әлі екі-үш есе өсіруіміз керек. Біздің елге 3-4 млн кәсіпкер көптік етпейді. Мұншама кәсіпкер қайдан келмек дейсіз ғой. Олар өз ішімізде жүр. Соларға мүмкіндік жасалуы керек. Көбі «бизнес – байлардың қолы» деп ойлайды. Кәсіп ашуға қажетті қаражаттың жоқтығынан, бойдағы қорқынышты билей алмағандықтан адам осындай ойға қалады. Цифрлы экожүйе мәселелер­дің бәрін реттемек. Адамдарға кәсіп ашқан кезде сүйемелдейтін, иек артуға болатын сервис қажет.

Бизнесте қазақтар неге аз? Жалпы, біз салмақты, байсалды халықпыз. Сөз жоқ, мұның бәрі асыл қасиет. Бірақ бизнес үшін кейде пысық болу керек. Бұл бір. Екіншіден, біздің елде қазақтардың бизнес нарығында тұрақтап қалуына жеткілікті жағдай жасалған жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Әр кәсіпкерге жеке көңіл бөлінбеді, оларды сү­йе­мелдей алмадық. Оның ішін­де бизнестен бақ іздеген ауыл адамдарына қолдау көрсетілмеді. Қаладағы игілік ауылға жетпеді. Біз осыны ескеріп «Бастау» жобасын қолға алдық. Сол арқылы ауыл кәсіпкерлігінің бойына қан жүгірді. Жоба үш аптаның ішінде ауыл адамдарына кәсіп бастаудың жолын көрсетеді. «Бастау» арқылы жылына 30 мың адам оқиды. Оның жартысынан астамы бизнес жоспарын қорғап шығады. Одан кейінгі шаруа – несие алып, кәсіп бастау. Міне, осы процестердің бәрінде ауыл адамдарын сүйемелдеу маңызды.

«Қаңтар қасіреті» көп жай­дың бетін ашты. Көшеге шық­қан да, күнін көре алмай отыр­ған да, нарыққа ілесе алмай жүр­ген де, билікке үн қатқан да, ашын­ған да, жылаған да – қазақ, өзі­міз­­дің ағайын, өзіміздің бауыр. Сон­дық­тан дәл қазір менің азамат ретін­дегі, «Атамекеннің» басшысы ретін­дегі міндетім – цифр­лы сервисті ауыл­ға жет­кізу. Өкініш­ке қарай, шенеунік­тер­дің бұған жол беретін түрі жоқ. Кедергі келті­ріп отыр. Әйтпесе, біз цифр­­лы жобаны осы жылдың бірінші тоқ­санын­да-ақ бастауға әзірміз.

– Мұнысы қызық екен. Жағ­дайды тарқата айтыңыз­шы, цифр­лы жобаны енгізуге кім, неге қарсылық танытып отыр?

– Цифрлы жобаны енгізуге «Даму», «Бәйтерек» секілді құры­лым­дар қарсы. Өзге құры­лым­дардың, мекемелердің базалары «Атамекен» ұсынып отыр­­ған қосымшаға қосылуы керек. Ал цифрлы жоба біраз дү­ние­нің бетін ашып бер­мек. Ол жер­дегі басты қағида – ашық­тық. Еш­те­ңені жасыра алмайсыз. Жал­пы, елдегі жемқорлықтың тамы­ры­на балта шабатын да дәл осы цифрлы жүйелер. Енде­ше, одан қашпауымыз керек. Биыл Үкімет басшысы ауысты. Осы­ны пайдаланып, «Даму» қоры мен «Бәйтерек» холдингі 2021 жыл­дың 29 желтоқсанында база­лар­ды өзара интеграциялау тура­лы қол қойылған келісімнің күшін жоюға тырысып бағуда. Премьер-Министрдің атына арнайы хат та жолдаған екен. Шыр-пыр болып отырғаны жаңа жоба оларға тиімсіз.

Сондықтан қазір орын алып жат­қан жағдайларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­қа жеткізгім келеді. Осы сұхбат­ты, ондағы айтылған дүниелерді Президент оқыса деймін. Біздің үніміз Мемлекет басшысына жетсе екен. Себебі қазір халық Президентке зор сенім артып отыр және үлкен үміт күтіп отыр. Мемлекет басшысының әділ­дікке, ақиқатқа деген көз­қарасы да бөлек. Қазір еліміз өзге­ше дамуға, өзгеруге тарихи мүм­кіндік алып отыр. Бірақ Прези­дент пен елдің арасында әкімдер мен министрлерден тұратын үл­кен аппарат барын ұмытпау керек. Кейде билік пен бұқара ара­сына алтын көпір болуға тиіс кейбір әкімдер мен министрлер көп­­тің мүддесі­не қарсы әрекет етеді. Президентке көп дүние жет­пей жатады. Өкініштісі де сол.

Біз ұсынып отырған жобалар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», халықтың әл-ауқатын жақсарту, елдің езілген еңсесін көтеру секіл­ді ізгі мақсаттарымен үнде­сіп жатыр. Иә, Президентті бәріміз қол­дай­мыз. Бірақ құр сөзбен іс біт­пейді ғой. Мемлекет басшысының сая­сатына нақ­ты іспен қалай қол­дау көрсете аламыз? Осы жағын да ойға алу маңызды. Жыл басынан бері Президент ба­тыл шешімдер қабылдап, халық­қа қандай бағыт-бағдарды ұста­н­атынын анық бай­қа­тты. Енді сөзден іске көшу керек. Ха­лық нақты істерді күтіп отыр және бұ­ған жұмсалатын уақыт та ты­ғыз екенін қа­перге алған жөн. Сол себепті «Ата­ме­кен» Пре­зи­дент тап­сырмаларын орындауға, Мем­лекет басшысына тірек болу­ға әзір екенін жеткізгім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет. Баста­ма­ларыңыз берекелі болсын!

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»