Қазақстан • 03 Ақпан, 2022

Қауіпсіз еңбек: Жұмыс берушілердің жауапкершілігі артады

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына өзгерістер енгізілетін Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қауіпсіз еңбек: Жұмыс берушілердің жауапкершілігі артады

Атап айтқанда, заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша келесі ұсыныстар әзірлеу жоспарлануда:

  • Өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру;
  • Қосымша демалыс, қысқартылған жұмыс уақыты, еңбекақының жоғары мөлшері, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды немесе қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу түрінде кепілдік берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу.

Сондай-ақ, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы уақтылы хабарламаған кезде жұмыс берушінің әкімшілік жауапкершілігін күшейту және белгілеу мәселесін қарау ұсынылады.

Бұдан басқа, кез келген кәсіптік топ үшін еңбек жағдайларын бағалауға, оның ішінде ерекше еңбек жағдайларында (жерасты жұмыстары, ашық ауада және биіктіктегі жұмыстар және т.б.) өндірістік факторларды сәйкестендіру және өлшеу бойынша әдіснамалық ұсынымдар әзірлеу жоспарлануда.

Сонымен қатар, жоба келесі тұстарды қарастырады:

  • Жұмыскерлерге кәсіптік қатерді бағалау нәтижелеріне қарай жеке қорғаныш құралдарын беру қағидалары мен нормаларын қайта қарау;
  • Еңбекті қорғауға арналған шығындарды экономикалық жоспарлауға, тиімділікті бағалауға, оның ішінде еңбекті қорғауға арналған шығындар бюджетін жасау бойынша онлайн-платформа құру бөлігінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеу.
  • Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту және білімді тексеру жүргізу бойынша оқу ұйымдарын аккредиттеу мәселесін қарау, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы білімді тексеру бойынша онлайн платформаны енгізу.

Еңбек министрлігінен хабарлағандай, Үкімет қаулысының жобасын қабылдау оң әлеуметтік-экономикалық салдарға алып келеді, өндірістік жарақаттану мен зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарының алдын алуға және азайтуға ықпал етеді.

Құжат 17 ақпанға дейін «Ашық НҚА» сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.