Ең қысқа әңгіме • 04 Ақпан, 2022

Ақсарбас

1275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңір жасыл аймақтың санатына еніп, жол ұзарып, арқамыз кеңіген уақытта көптен қатынаудың сәті түспеген ауылға ат ізін салдық. Жалғыз емеспін, жанымда жол­серік, жоғары білімді жиеншарым бар.

Ақсарбас

Қарсыз қыста күре жолдың шаңы шығып жатыр екен. Жылдағыдай ады­мыңды аштырмайтын көктайғақ жоқ. Етпісірім уақытта аңсаған ауылға же­тіп жығылдық. Әулетіміздің үлкені Өмір ақсақалдың табалдырығынан атта­ғанбыз. Көптен көрмеген жама­ғайын қауқылдап, қуанып қарсы ал­ды. Әуелі ауыл-аймақтың, етжақын ағайын-туыстың амандық-саулығын сұрадық.

– Мына дерттің бітетін күні болады ма екен? – деді ақсақал, – ағайын-туыс бір-бірімен бұрынғыдай емен-жарқын араласа алмай жатбауыр болып бара жатыр. Той-томалақ тиылғалы қашан, тіпті бір-біріміздің жүзімізді көруден қалдық. Сендер де жыл аралатып соғып тұрсыңдар.

Өкпесі орынды. Біз сағынға­ны­мызбен, індет үйден шығармай тұр емес пе? Себебін айтқанбыз.

– Білемін, – деді ақсақал, – әншейін айтып жатқаным ғой. Осы жаман аурудан құтылған күні ақсарбас шалып, құрмалдық беремін.

Бұл уақытта дәм де алдымызға келіп қалған.

– Бауырсаққа май жағып жеңдер, – деді апай, – баяғыдай дәмі тіл үйіретін сары май жоқ, дүкеннің майы. Картопке дейін қаладан алдырамыз.

Жолсерігім ақсақал айтқан ақсар­бастың түпкі мәнін түсінбей отыр екен. Әлден соң әңгімеге араласып, мәнін сұрамасы бар ма? Бүгінгінің жайын жақсы білетін қария шамданған жоқ. Жоғары оқу орнын бітіріп, ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген жиеншарға ақсарбастың жақсы тілек жүзеге ас­қанда құрбандыққа шалынар мал екенін тәптіштеп түсіндірді. Ал мен болсам апай айтқан дастарқан мәзірін қазбаладым. Сөйтсек, ауылдағы келін­­дер бұрынғыша сиыр сауып, май был­ғауды біржола қойған екен. Тіпті есіктің алдында бос жатқан бақшаға көкөніс түгіл картоп та екпейді.

– Амалың болса істе, – дейді ақсақал әбден түңіліп кеткен адамша, – келіндер бұзау жақсы жетіледі деп сылтауратады. Келіннің сөзін бала сөйлеген соң көксу ішіп отырған жай бар.

Қайтып келе жатып мен де бір ше­шім­ге келдім. Ауылдағы келіндер сиыр­дың желініне жармасқан күні мен де бір ақсарбас беремін деп іштей атадым.

 

Көкшетау