21 Наурыз, 2014

Қыста өскен лимон

774 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Украинка ауылындағы «Жер-Су» жылыжай кешеніне барсаңыз, тропикалық жынысқа еніп кеткендей ғажап әсерде боласыз. Алтайдың қаһарлы қысы жылыжай иелері Николай Земляной мен зайыбы Людмила үшін шыбынсыз жаз сияқты. Жуырда олардың аялап өсірген өсімдіктерін көруге арнайы бардық. Далада бет қаритын суық болса да жылыжай ішінде жылы леп еседі, төгіліп тұрған өсімдік әлемі беймаза тіршіліктен арашалағандай жан-дүниеңізді баурап алады. DSC_1909 Землянойлар отбасы жылыжай шаруа­шылығымен соңғы бес жылда айналыса бастаған екен. Оған дейін Өскемен шаһарында тұрған олар зейнетке шыққан соң үйде бос отыра алмаған. Людмила Земляная  күні кешеге  дейін кәсіптік-техникалық училищеде оқытушы болып жұмыс істепті. – Бастапқыда барлық жылыжай иелері сияқты көкөніс, қияр мен қызанақ өсірдік. Сонан соң лимон ағашын баптай бастадық. Жылы жақта өсетін ерекше өсімдікке ден қойғанымызға үш жарым жыл болды, – деп бастады әңгімені зейнеткер. Людмила өзіне гүл өсіру ерекше ұнайтынын айтады. Саяжайда, үйде қызылды-жасылды гүлдердің түр-түрін баптайтын зейнеткер бұл шаруамен қыстыгүні де айналысқысы келеді. Жылыжай салу идеясы осылай туған екен.  Жарының жан қалауын түсінген Николай Григорьевич  мұндай жобамен танысу үшін  ТМД елдеріне  арнайы бара­ды. Аз қаржыға әлеуетті кешен салуға болатынын байқаған соң елге келе сала іске кіріседі. Айтуларынша, жылыжайға мың жарым долларға жуық қаражат жұмсалған. Жалпы көлемі мың шаршы метрді құрайтын кешен төрт блокқа бөлінеді. Оның екеуінде – лимон, біреуінде – гүлдер, енді бірінде жас көшеттер өсіріледі. Мұнда негізінен лимон ағашы басым. Оған сұраныс та үлкен. Киевтік ремонтанттық тұқымға жататындықтан үнемі және мол өнім береді. Өткен жылы жарты тонна лимон жинап алыпты. Николай әңгіме барысында Киевтен әкелген бес тал лимон көшеті бес жылдың ішінде үлкен  бауға айналғанын мақтанышпен айтты. – Лимонымыздың салмағы бір килодан асады. Баланың басындай жеміс өз бұтағына салмақ түсіріп, сындырып жіберуі де мүмкін. Сондықтан әр лимонды сабағынан жіппен іліп, байлап қоямыз. Ағаштар әр кезде отырғызылғандықтан, біреуі гүлдеп тұрса, біреуі түйін тастап, енді бірі жап-жасыл болып тұрады. Сап-сары болып піскендерін үзіп аламыз. Лимон тоғыз айда піседі, – деді Людмила Дмитриевна. Жылыжайды аралап келе жатқанда сабағынан үзіліп түсіп жатқан ірі-ірі лимондарды көрдік. Жылыжайшылар әр ағаштың артық бұтағын кесіп отырады екен. Себебі, сабағы қиылмаған тал қаулап өсіп, төбеге өрмелеп кетеді. Көкөніс өсіретін компаниялармен жұмыс істеу барысында лимонның үлкендігіне күмәнмен қараушылар да болған көрінеді. Олардың көпшілігі әдеттегіден ірі лимонды гендік өзгеріске ұшыраған жеміс деп ойлайды. Алайда, бұл таза табиғи өнім. Дәмін татқандар тұрақты тұтынушыға айналады. Ал экзотикалық жемістерден анар, кофе, банан, ананас, інжір, құрма және мандарин өсіп тұр. Інжір екі жыл қатарынан жақсы өнім беріпті. Банан биыл жеміс бермек. Құрма мен мандарин ағашы енді көктеп келеді. Ал гүлдердің түрі өте көп. Жалпы саны 300-ге жуық гүл өсіріледі. Оның ішінде үйдің көркін ашатын сәндік гүлдер де, емдік мақсатта қолданылатындары да бар. Мәселен, қауыз жарып тұрған алқызыл раушанның әдемілігі мен хош иісі таңдандырмай қоймайды. Кішігірім шыршадай кипарис өсімдігі ауаны тазалап тұратын қасиетімен ерекшеленеді екен. Мирт ағашы туберкулез таяқшаларын жойып жібереді. Өзіне тән керемет иісі бар мирт өсімдігін қайнатып ішіп, тамақ, тіс, ауыз қуысы ауруларын емдеуге болады. Людмиланың айтуынша, миртті жатын бөлмеде ұстаса өте пайдалы. Муррайя өсімдігі де емдік қасиетке ие. Оның екінші атауы – император ағашы. Түйнегін тыныс жолдары, жүрек ауырғанда жесе мың да бір ем болады. Ал жасаңшөпті көне фун-шуй ілімінде ақша әкелетін ағаш деп айтады. Ақша әкелсе әкелетін шығар, жапырақтары теңге бітімді дөңгелек болып келеді екен. Кактус пен алоэ өсімдігінің көптеген түрі өсіп тұр. Ал гүлшетенді қой еті, балық тағамдарына қосса дәмін кіргізеді. Сондай-ақ, Үндістан, Жерорта теңізі мен тропикалық белдеуде өсетін бугенвилия гүлі айрықша әсем. Жалпы, тропикалық гүлдердің хош иісі болмағанымен, көрер көзге өте көрікті болатынын осы жылыжайды аралау барысында білдік. Бұл бір ғажап әлем. Бейне күн сәулесі аз қалың нуда жүргендей әсерден арыла алмайсыз. Людмила Землянаяның ерекше жақсы көретін гүлдерінің бірі – австралиялық жұлдыз аталатын кордилина. Алайда, оның  күтімі қиын болғандықтан үйде өсіруге қолайсыз. Орхидея, лавр, фикус, самшит гүлдерін де көзіміз шалып қалды. Жылыжайды кемпірқосақ бояуындай түрлі түске көміп тастаған гүлдердің бәрін жіпке тізіп, тауыса алмайсыз. Өсімдіктер мұнда бөшкеге жиналған артезиан суымен суарылады. Оған израильдік тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Жылыжай иелері аттың тезегі, құм, калифорниялық топырақ әкеліп, әр өсімдікке қажет жер қыртысын жасағанын да айтты. Бір олқылық бар. Землянойлар өз өнімдерін саудаға шығарғанымен, ірі көлемде сата алмайды. Талмау тұсы – жеке дүкен. Өйткені, тропикалық өсім­діктерге айрықша күтім керек. Әзірге мұнда қажет еткен жандар ғана іздеп келеді. Ал жылыжайға келушілер қатары толастаған емес. Облыс орталығынан, аудандардан үй, саяжай, ғимараттар мен кеңселерді көріктендіру үшін гүлдерге тапсырыс молынан түсіп жатыр. Алғашқы жылдары ешкім елемейтін кешен соңғы кезде, әсіресе, қыс аяғында тапсырыстарға кенеліп қалады. Мұндағы гүлдердің бағасы базар нарқынан 40-60 пайызға арзан. Голландиядан әкелінетін әрі базардың жалдау құны қосылатын гүлдердің бағасы қымбатқа түседі. Оның үстіне сатылымдағы гүлдерге жылы­жайдағы жағдай жасалмаған соң солып қалады. Мұндай қиындықты жылы­жайдағы өсімдіктер көрмейді. Гүл сатушылар бүгінде аталған кешенді «оңал­ту орталығы» деп атап кеткен. Себебі, сату­шылардың солып, қурап бара жатқан гол­ландиялық гүлдерін жылыжай иелері кү­тім жасап, қайта қалпына келтіріп береді. Николай облыс аумағынан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды және Тараз қалаларынан келген оқушылар ерекше қызығушылық танытып, жылыжай са­лу­дың қыр-сырын сұрайтынын айтты. Ке­лешекте олардың арасынан жас на­тура­листер шығуы мүмкін. Сондай-ақ, Жа­пония, Қытай, Қырғызстан және Израиль елдерінен келген мәртебелі мей­мандар жылыжай жұмысын жоғары бағалапты. Кәсібінен нәсіп көріп отырған жылы­жайшылардың еңбегіне риза болған өңір басшылығы кешеннің жанынан жер телімін бөліп берген. Онда жаздыгүні қарақат бауы жайқалып жеміс береді. Землянойлар қарақат тұқымын Ресейдегі Барнаулдан әкеліпті. – Аталған өсімдіктерді жыл он екі ай баптап, мәуелі жемісін жинаймыз. Тосап қайнатамыз, шырын жасаймыз. Қысқа сақтау үшін тоңазытамыз. Осылайша, отбасылық қорға дәрумен жинаймыз. Жемісін берген соң ағаштар түрленіп, қайта қуат жинай бастайды. Біздің жылыжайда жыл бойы көктем, – дейді жылыжай иелері. Зейнеткердің айтуынша, бұл күнделік­ті еңбекті қажет ететін кәсіп. Өсімдік – тірі дүние. Күн сайын суару, қарау, бағып-баптау керек. Жапырағы үзіліп түссе ылғалдың, гүл атуы кешеуіл­десе тыңайтқыштың жеткілікті болуын тексере білу қажет. Сәбиіңізге қандай күтім керек болса, өсімдікке де сондай күтім болуы тиіс. Осындай  жауапкершілікті үш-ақ адам атқарып отыр. Қазіргі кезде қияр мен қызанақ, шалқам іспетті көкөністер Землянойлар дастарқанынан үзілмейді. Алайда, көк­өніс­ті өз отбасы мен ет жақындары үшін аздап қана егеді екен. Жылыжай үй қазандығы жүйесімен жылытылады. Алтайда алты ай қыс болғандықтан бір маусымда 100 тоннаға жуық көмір жағады. Біз бағандағы өлшегіштен ішкі температураның 31 градус жылылықты көрсетіп тұрғанын байқадық. Яғни жылыжайда жаз. Люд­миланың айтуынша, түнде 12 градус жылылық та жеткілікті. Ал көктемнен бас­тап күннің жылуы пайдаланылады. Кешен 2,5 метр тереңдіктегі қазаншұң­қырда орналасқан. Жердің бетінде тек шатыры ғана көрінеді. Қыста жер табаны жертөле іспетті 12 градусқа жылы болады. Бұл жылуға жұмсалатын шығындарды азайтады. Жазда, керісінше, 12 градусқа салқын. Желдету жүйесі жоқ. Төбесіндегі саңылауды ашу арқылы желдетеді. – Егер елімізде осындай жылыжайларды көптеп қолға алса, өте тиімді болар еді. Біз әйнектің орнына Израильдің поликарбонат материалын пайдаландық. Бір шаршы метрі 600 кило қарды көтере алады. Әйнек болса, сынып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, поликарбонат әйнекке қарағанда жылуды көп өткізеді. Екі жыл бұрын өңірімізде 46 градус аяз болды. Одан  зардап шеккен жоқпыз. Егер осындай жылыжайды оңтүстік өңірде салса, жылу энергиясы тегін деуге де болады, – деді Николай Земляной. Ауладан шыққанда Землянойлар отбасының Табиғат-анаға деген ерекше ілтипаты туралы ойлаумен болдым. Зейнеткер берген визитка қағазынан бұрқырап шығып тұрған топырақ пен түрлі гүлдердің, өсімдіктердің табиғи хош иісі де осы ойға оралта береді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы.