14 Мамыр, 2010

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

654 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Толарсақтан саз бен қан кешіп, отты жылдарда ел үмітін арқалаған ерлеріміздің тамұқ арасынан аман келгендері бүгінде алды тоқсанға жақындап қалды. Сол зұлматты жылдарды жадында жаңғыртып, күні кешегідей еске алып, көздеріне жас келіп толқығанда ата-әжелеріміздің сүйегі асыл екендігіне тағы бір көз жеткіздік. 8 мамыр күні, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында “Қазақте­леком” АҚ бір топ оңтүстікқазақ­стандық ардагерлерге арналған ме­рекелік құрмет көрсетті. Салтанат­ты шара Астана қаласында өтті. Оңтүстік Қазақстан облысынан кел­ген ардагерлерді “Қаза­қ­те­леком” АҚ басшылығы құттықтап, үлкен құрмет көрсетті. Майдан­гер­лерге естелік сыйлықтар табыстады. Бүгінде Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 15 мың ардагері және мүгедек, 240 мың тыл еңбеккері бар екен. Ардагерлермен кездесу ба­ры­сында “Қазақтелеком” өкілдері Же­ңіс күні – 9 мамырдың санда­ған жылдар бойы ұлттық мақтаныш пен абыройдың, намыстың ортақ үлгісі боп келе жатқандығын тілге тиек етті. Оңтүстік Қазақстан облысынан келген құрамында 24 ардагер бар делегацияға “Қазақтелеком” АҚ “Эпоха” мейрамханасында салта­нат­ты түскі ас берді. Сонымен бірге, олардың әрқайсысына сый ретінде заманауи радиотелефон мен өзге де тарту-таралғы жасалды. Бұ­дан өзге “Қазақтелеком” АҚ рес­пуб­лика бойынша әр өңірде тыл еңбек­керлерімен және Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесу­лер өткізді. “Қаланы аралап, көріп жатыр­мыз. Керемет екен. Мен Оңтүстік өңірдің Қазығұрт ауданынан бо­ла­мын деп бастады әңгімесін Әдехан Өмірәліұлы қария. Ол 1941 жылы Қазығұрттан соғысқа шақырылады. Сөйтіп 19 жасында қан майданға ат­тан­ған, атты әскерге алынады. Ста­линградтан жауды қуып, Ук­раина жеріне бардым. Ресейдің оңтүстігін жаудан азат еттік, – деп қарт майдангер сөзін әрі қарай сабақтады. Украина жеріндегі Днепр өзені бойында жаудың қарсылығы қатты болды. Арнасы кең дарияның бергі жағалауын біздің әскерлер, арғы бетін фа­шистер ұстап тұрды. Бекініп алған жауды қуып шығамыз деп шабуыл­даймыз. Бекінген жауды қуу оңай емес. Сол шайқаста талай боздақ мерт болды. Наурыздың 4-інде ғана біздің әскер күш алды. Одан кейін Болгария, Югославия, Венгрияға дейін жорық жолынан өттік – деп толқыды Әдехан ата. Немістер өзінің Венгриядағы 100 мың әске­рін құтқарып қалу үшін барлық кү­шін салды. Алайда бұдан еш нәти­же шыққан жоқ. 1 сәуірде Австрия­ға кіріп, оны азат еттік. Мамырдың 8-і күні жаудың жеңілгендігін, біз­дің ел жеңіске жеткендігін естідік. Бірақ, соғыс әлі бітпеді. Австрия таулы жер екен, бес күндей атыс болып жатты. Тау арасында тығы­лып қалған жау жанталасып бақты. Дегенмен, олар тізе бүкті. Сөйтіп, 1946 жылы Австриядан елге қайт­тық. Алдымен жасы үлкендерді, мамандарды елге қайтара бастады. Ақыры бізге де кезек келді. Соғыс оңай болған жоқ, қызым! Он тоғыз жасымда, 1941 жылғы 10 желтоқ­сан­да үйден шығып, 1946 жылы 13 желтоқсанда үйге оралдым. Анам хатты алысымен 100 шақырым жерді жаяу жүгіріп отырып, қарсы алуға келіпті. Оған қоса сақтаған тәтті-дәмдісі мен сүрін ала келген ғой, ана жарықтығым. Астына мінген көлігі жоқ, мені іздеп, бө­лімге келіпті. “Келдім айналайын, Ақ бала! Қарның ашып қалмады ма”, – деп анам байғұс айналып-толғанып жатыр. Мен болсам, анамды жақын жерге демалуға жіберіп, кешкісін жанымдағы жолдастарымды ертіп бардым. Қанды қырғыннан аман-есен келгенімізге есі шыққан анам сол жерде бізге ақ батасын берді”. Майдангер қарияның айтуы бойынша, соғыста хат-хабардың рөлі үлкен болыпты. Өзі радист бол­ған соң, байланыс саласы ту­ра­лы да айтып берді. “Аман-есен кел­геніміз ойы мен тілегі бір болған­дықтан болар. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлмес”, – деп сөзін түйіндеді Әдехан ақсақал. Ал Мақтаарал өңірінің құрметті азаматы Парман Сыпатаев соғыс­тан соң да 14 жыл бойы үзбестен мұғалімдік қызмет атқарады. Одан кейін де 17 жыл бойы қоғамдық жұ­мыс­тарға белсене араласуда. Ата-ана­дан ерте айрылып, балалар үй­ін­де өскен ақсақал өмірдің тепері­шін біраз көргенге ұқсайды. Өзіне ғана емес, еліме болсын деп жүрген ақсақалдың көп жанға көмегі тиюде. Ата әскерге өзі сұранып, аттанады. Бойы кішкентай, әлжуаз жігітті әскери комиссариат қызмет­керлері оқу полкіне жібереді. Кейін танктің жүргізушісі деген дәрежесін алып, майданға аттанады. Оның жадында қалған мына оқиға бой шымырлатып, жүрек толқытады. “Танкі өртеніп, бет-аузы күйген механик-жүргізушінің міндетіне командирді аман-есен құтқарып алып шығу жатады. Танктегі 40-тан астам снаряд өртенбей тұрғанда тез арада танк қақпағын ашуға жүгіреді. 48 кило қақпақты командирмен итеріп ашып, 60-70 қадам жүрген кезде танктің күлі көкке ұшты. Экипаж­дағы 6 адамнан 2 адам ғана қал­дық”, – деді сөз соңында ардагер. Ақсақалдар “Қазақтелеком” АҚ тарапынан көрсетілген қамқор­лыққа дән ризашылығын жеткізді. Мереке күндері байланыс саласына бірқатар жеңілдіктер де жасалды. Ардагерлерді ардақтаған “Қазақ­телеком” АҚ-тың бұл шарасы басқаларға да үлгі боларлықтай. Венера ТҮГЕЛБАЙ.