Қоғам • 09 Ақпан, 2022

Tanym Project: Психологке жүгінудің әбестігі жоқ

302 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Пандемия есігімізді қаққалы адамзат баласы құндылықтарын саралап, өмір салтына бұрынғыдай бейжай қарамайтын болды. Қатаң шектеудің кесірінен адам баласы үйден шықпауға мәжбүр болғанда, психологиялық тұрғыда төзімді болудың маңызы мен қажет болса маман көмегіне жүгінудің еш әбестігі жоғы туралы жазбаған БАҚ қалмаған болар, сірә.

Tanym Project: Психологке жүгінудің әбестігі жоқ

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жалпы, тәні ауырса дәрігерге баратын адамның жаны қиналса психологке жүгінсе, несі айып? Әлдебір сауал мазалап, жаны ба­­­йыз таппағанда осы салада арнайы білімі бар маманға емес, жолдас-жорасы­на хабарласу – көптің әдеті. Пси­­хологтің кеңесіне жүгінуді еріккеннің ермегі, «то­­­йып секі­рудің» көрінісі ретінде қабыл­дай­­тындар да аз емес. Осы рет­те жоғарыда айтып өткен БАҚ, әлеуметтік желілердегі белсен­ділер, психологке барудың қажет екенін айтып әлек.

Осы орайда сөзден іске көш­кендер де табылды. Жастарға психолог кеңесіне жүгіну, басына түскен мәселемен бөлісу қа­лыпты, ал кей жағдайда тіп­ті дұрыс екенін айтып қана қой­май, еріктілер жиналып, мүм­кіндігінше материалдық кө­мек қолын созатын мамандар тобы құрылып арнайы жобаны қолға алды. Бұл – Tanym Project жобасы. Аталған коммерциялық емес әлеуметтік жоба аясында қазақстандық жастарды пси­хо­логиялық қолдау және 1 000 теңге көмек алуға мүмкіндігі бар. Мәселеңізді түсіндіріп Instagram не Telegram желілеріндегі парақ­шаға жазсаңыз болғаны, жоба ұйымдастырушылары сұра­ғы­ңызға қарай маман таңдап береді.

Ұйымдастырушылар бастаманы «Қазақстан жастарына пси­хологиялық көмек көрсетуге да­йын еріктілер жобасы» деп таныстыруда. Топтың құрылуына елдегі қыздардың мәселесі түрткі болыпты. Яғни жоба қыздар өз бағасын біліп, өз күшіне сенсе, өмірде кездескен қиындықтармен күресуге көмек алса деген ниет­пен құрылыпты. Жастар жоба ұйым­дастырушыларына ата-ана, туыс, достар, жалпы қоғаммен байланыс бойынша сұрақтармен, өз өзін дұрыс бағалау, мансап, бала тәрбиесі, қиын психо­ло­гия­лық жағдайларға қатысты мәсе­ле­лер бойынша хабарласа алады. 

Еріктілер тобында психологтермен қатар журналистер, дизайнерлер де бар екен. Негізгі жұ­мысты психологтер ақылы түр­де жүр­гізеді, қалғанының жұ­мы­сы­н­а ештеңе төленбейді. Пси­хо­логтердің барлығы арнайы оқу орындарын бітірген, бұл салада бірнеше жыл қызмет етіп жүрген мамандар.

Бұл ерікті жұмыс болса да, аз да болса ақы төлеу ісін олар «ақша төлеу – өзімен жұ­мыс істеуге әзірлігін білдіріп, психо­лог­тің еңбегі мен уақыты зая кет­пей­ті­ніне кепілдік береді» деп түсін­д­і­реді. Психологтер мәселе ше­шіл­генге дейін консультация береді, әрі қарайғы көмегі үшін өзара келісіп, жұмысты жалғастырады. Бір еске­ре­тін жайт – тамыры тереңдеп кеткен үлкен мәселелерді шешуде жо­ба­ның мүмкіндігі шектеулі.

«Алғашында көмек құны 500 теңгеден басталған, қалаған адам белгілеген сомадан да көп тө­лей алатын. Дегенмен біраз тә­жі­рибеден кейін ортақ соманы бел­гілеу туралы шешім қабыл­дадық. The Manat Foundation қа­йырымдылық қоры кон­суль­та­ция ақысын төлей ал­май­тын­дардың шығынын өтеуге әзір екенін айтып, серіктес болуды ұсынды. Қор бүгінде біршама жастың сұрағына жауап алуға жағдай жасап үлгерді», дейді ұйымдастырушылар.

Жобадағы мамандардың күн­де­лікті өз жұмысы болғандық­тан, психологтер қолы бос кезде кон­суль­тация жүргізеді. Сондық­тан ұйымдастырушылар мамандармен алдын ала келісіп, бел­гіл­енген уақытта байланысқа шы­­­ғуын талап етеді. Байланыс ке­зінде тыныш, адамдардан алыс жерге баруға кеңес бе­ре­ді. Кез­десуге қатыспайтын болса, уа­қытынан бұрын ескерту де маңызды. Елорда мен Алматы қалаларының тұрғындары психологтермен жүздесе алады, ал рес­публика аймақтарындағы жастар тек онлайн форматта ғана кездесу мүмкіндігіне ие.

Жобаның негізін қалаушы Ұлпан Рамазанова жобаның өзі­­нің жеке блогынан бастау ал­­­ға­нын айтады. Алғашында жеке парақшасы арқылы алыс­та­ғы сіңлісіне арнап жазбалар жолдаған. Ол сіңлісі «менен сұрауға ұялғанын ең болмағанда желіден оқыса» деп ойлағанын айтады. «Біраз уақыттан кейін басқа да қыздар көмекке жүгіне бастады. Сол кезде мәселеге ма­мандар араласуы керегін тү­сіндім. Өйткені мен психолог емеспін, бәріне көмектесе алмаймын», дейді Ұлпан.

Осы идея туғаннан кейін, сәй­кестік пе, басқа ма, бірақ Жанна есімді психолог психологтер қоғамдастығында жұ­мыс істейтінін айтады, бірге жұ­мыс істеуге ұсыныс білдіреді. «Кез­десіп, жобаның бағытын нақтыладық. Енді концептті аша түсетін атау таңдауымыз керек болды. Шыны керек, бұрын-соңды тәжірибеміз бол­мағаннан кейін қандай нәти­же күтерімізді де білмедік. Механизмі дайын болған соң, шегінерге жол жоқ деп, белді бекем будық. Әлеу­мет­тік желілердегі парақ­ша­мыз­ды жүргізу үшін ерік­тілер мен дизайнерлерді тауып, көмегіне жүгіндік. Дәл қазір 15 психолог жастарға көмек көрсетіп жүр», дейді Ұ.Рамазанова.

Психо­лог­тер туралы ақпаратқа назар сал­сақ, барлығы тәжірибелі ма­ман­дар. Арасында Чехия, Ресей уни­вер­си­тет­терінің түлек­тері де бар.

Жоба ұйым­дастыру­шы­ла­ры­ның айтуынша, психо­лог­тер­дің жұмыс бағыты да әр түрлі. «Жұмысқа қабылдарда маманның білімі, тәжрибесі мен бағытына мән береміз. Қазір әлеуметтік же­лі­де қаптап кеткен нумеролог, ас­тро­логтермен жұмыс істемейміз. «Әлемді құтқарамыз» деген үлкен мақсат та қоймадық. Кішігірім ақы төлеу (донат) арқылы психо­ло­­гтерімізді жұмыс істеуге ын­та­­­лан­­ды­рамыз. Осы уақытқа дейін бір кісіден келген ең үлкен донат мөлшері – 10 мың теңге. Түскен ақ­ша­ны еріктілерге де беруге тырысамын», дейді Ұлпан Рамазанова.

2021 жылғы шілдеден қазан айына дейін 4 ай ішінде 400 консультация жүргізілген. Жас­тардың жобаға деген пікірі оң. Ұйымдастырушылар іске кіріспес бұрын сауалдама жүргізген. Онда жастардан «психологке ба­руға не кедергі?» деп сұрапты. Алғашқы себеп ретінде көпшілігі қаражат мәселесін көрсеткен. Одан кейін себептер арасында мамандарға сенбеу де бар. Біз­дің негізгі міндетіміз – адамдарды құтқару емес, маманға жүгінудің әбестігі жоқ екенін көрсетіп, тос­қа­уылдарды жойып, қоғамның пі­кірін өзгерту», дейді жобаны ұйым­дастырушылар.

Жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларында жазылған пікір­­лердің көпшілігінде психо­лог­тер жұмысына жоғары баға бе­ріл­ген. Әсем Камитова есімді ма­манмен жұмыс істеген бойжеткен досының кеңесі бо­йын­ша хабарласқанын айтады. «Де­ген­мен психолог мені бірден баурап алды. Өз мәселемді ашып ай­­туға қысылмадым. Психо­лог­пен жұмыс бірнеше айға созылды. Ол тек сұрағыма жа­уап беріп қой­май, мәселенің түп төркінін анықтауға көмек­тесті. Маманның тапсырмасын орындап қана жүр­дім. Алайда алысқа көз тастасам, айтарлықтай прогресс болғанын байқаймын. Қазір мазамды алатын қорқыныш, қатер сияқты жағымсыз сезімдерден арылдым. Бұған дәрі-дәрмексіз-ақ жеткенімді атап өткім келеді. Әсем өз мәселеммен дәрісіз кү­ресіп көруді ұсынған-ды, оның кеңесіне құлақ асқаныма қуа­ныштымын. Шыны керек, маманның жағымды әсері болғаны сонша, онымен әр кездесуді асыға күтетін болдым», деп жазады ол.

Басқа да пікірлерге назар сал­­­сақ, мәселелер әр алуан. Бірі ша­мадан тыс көп тамақ же­уі­нің себебін таппай келген болса, енді бірі ата-анасының ажырасқанын айтып, көмек іздеген. Ақша жинай алмау да, қаржыны тиімді жұмсай алмау да жастардың жиі кездесетін проблемасы, өйткені осы себеппен хабарласқандар аз емес. Ата-анамен, достармен қарым-қатынастың дұрыс болмауы да көпті толғандырса керек, колледж бен университет студенттері кө­біне осы мәселеге шешім іздейді екен. Ал көмекке жүгінушілердің барлығы дерлік 18-ге толған азаматтар. Бір қы­зығы, шетелдегі жас­та­рымыз да көптеп хабарласқан. Пікірлерден байқағанымыздай, олар шетелде маманның қызметі қалтаға сал­мақ салатынын, сол үшін жоба аясында көмек алғанын жа­­зыпты.

«Келеңсіз жағдайлар да болды, әлбетте. Алғаш рет өтініш біл­діргендердің бірі күткен нә­ти­же көрмей, шағымданды. Мұндай жағдайда ашық айтқан, мәсе­­лені бірлесіп шешкен абзал. Пси­хологтер да өздері көтере ал­май­тын жүкті мойнына алмай­ды», дейді жобаның басы-қасын­да­ғылар.

«Қазақстандықтарда негізінен психологке бару дәстүрі қалып­тас­паған. Елімізде осыған қа­тыс­ты бастамалар да болмады. Бір айта кетерлігі, «Өзін өзі тану» пәні ғана бар. Алайда оны арнайы маман оқытпаса, қажет нәтижеге жетпесіміз анық. Бүгінде күніне 5 өтініш қараймыз. Осылайша, жастардың қателіктерінің алдын аламыз деп сенемін», дейді Ұлпан Рамазанова.

Расымен, елімізде психологке баруды намыс санайтын, барғысы келсе де көпшіліктің реакциясынан қорқатындар жеткілікті. Оның үстіне, азаматтардың күн­де­­лікті қажеттілігін қамта­масыз етуге әрең жететін жала­қы­сы психолог қыз­­метіне жүгінуге мүмкіндік бер­мейді. Де­генмен жоғарыда сөз еткен ерік­тілер сияқты қоғамға пайдалы болуға ниетті азаматтар барда үміт үзіл­­мейді. Адам қоғамсыз өмір сүр­­­мейтінін айтамыз. Деген­мен қоғамның құраушысы – адам еке­нін ұмытпаған абзал. Үй­дің жақсысы – ағашынан болса, қо­ғам­ның жақсысы – сұ­ра­ғына жауап таба білген, жеке ба­сын­дағы мәселесіне жа­уап­кер­ші­лікпен қарап, оны шешуге тырысатын адамдардан құралады емес пе?