Пікір • 09 Ақпан, 2022

Мораль дилеммасы

1573 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Психологияда «Трамвай проблемасы» деген этикалық дилемма бар. Аталған мәселеде гипотетикалық ахуал қарастырылып, көп адамның өмірін сақтау үшін бір адамның өмірін қию қажет пе деген сауалға жауап іздейді. Онда айтылатын негізгі идея мынандай:

Мораль дилеммасы

«Рельс бойымен тежегіш жүйесі істен шыққан трамвай кетіп барады. Алдыңғы жақта рельсте бес адам жұмыс істеп жатыр. Олар қашып кете алмайды. Яғни вагон астына түсетіні анық. Бірақ екі ортада бұрылыс бар. Ол жақта бір ғана адам тұр. Егер трамвай жүргізушісі тура жолмен жүрсе, бес адам қаза табады. Вагонды бұрса, бір ғана адам қайтыс болады».

Осындайда қалай әрекет еткен дұрыс? Мұның қайсысы моральдық тұрғыда дұрыс шешім болмақ? 1967 жылы ағылшын философы Филиппа Фут ұсынған «Трамвай проблемасының» толыққанды нақты жауабы жоқ. Жағымсыз екі шешімнің ішінен біреуін таңдау керек. Психологтар мұны әлі күнге дейін талқылап келеді. Бұған байланысты көптеген зерттеу де жүргізілді.

Мәселен, бір зерттеуде қатысушылардың 90 пайызы трамвайды жанама жолға бұруды таңдаған. Кейіннен жүргізілген ғылыми жұмыстардың қорытындысы да осындай нәтиже көрсетті. Яғни адамдар көпшіліктің өмірін сақтау үшін бір адамды құрбанға шалуды дұрыс көреді. Мұндай ұғымды ғылыми ортада утилитаризм деп атайды. Соған сәйкес көптің мүддесі әрдайым жоғары тұрады.

Әйтсе де, адамдар әрдайым утилитаризм ұстанымын қолдай бермейді. Мәселен, жүргізілген зерттеулердің бірінде жоғарыда айтылған «Трамвай проблемасына» аздаған өзгеріс енгізген. Бұл жолы жанама жолды алып тастап, оның орнына рельстің бо­йында тұрған семіз адамды итеріп құлатуды ұсынған. Егер әлгі толық кісі вагонның астына түссе, трамвай тоқтайды да, бес адам аман қалады.

Утилитаризм ұстанымына сәйкес көп­шілік семіз кісіні итеруді таңдауға тиіс еді. Дегенмен жүргізілген зерттеулердің нәтижесі мүлдем басқа қорытынды көрсетті. Сауалдамаға қатысқандардың көпшілігі адамды итеру моральды ұстанымға сай келмейтіні, тікелей өлімге қию деп есептей­тіндіктен, оны таңдамаған.

Ғалымдар мұның себебіне тереңірек үңіліп көрген екен. Сөйтіп, шешім таңдау барысында мидың қай бөліктері жауап беретінін анықтауға тырысқан. Классикалық «Трамвай проблемасында» да, семіз адам тәжірибесінде де түйсік және сезімге жа­уап беретін ми қатпарлары белсенді әрекет етеді екен. Бірақ адамды итеруде сезіну бөлігінің белсенділігі артатын көрінеді. Бұдан ғалымдар мынандай қорытынды шығарыпты. Біреуді өлімге итеру тікелей жеке әрекет болғандықтан, сезім оянады.

«Трамвай проблемасы» мұнымен бітпейді. Зерттеушілер түрлі ықтимал оқи­ға­ларды қарастырып, сауалдамаға қатысу­­шылар­дың пікірін білуге тырысқан. Бір қызығы тәжірибені әртүрлі жағдайда қарас­тырған сайын, адамдардың пікірі өзгеріп отырыпты.

Трамвай дилеммасын сынағандар да бар. Олар мұндай моральдық мәселе былай­ғы өмірде кездеспейтінін алға тартып, тәжі­ри­бенің негізсіздігіне екпін береді. Дегенмен жасанды интеллект дамып, өз­дігінен жүретін көліктердің көбеюі «Трамвай проблемасының» өзектілігін көрсетіп отыр. Деректерге сүйеніп өздігінен шешім қабыл­дайтын заманауи технологиялар этикалық дилеммамен кездесе­ді. Мәселен, апатты жағдайда, тежегіші іс­тен шыққанда не істеу керек? Жағымсыз екі шешім­нің ішінен қайсысын таңдаған дұрыс? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін «Трамвай проблемасы» секілді дилеммаларға моральдық тұрғыдан қараған жөн.

Бір қызығы, осы «Трамвай проблемасына» ұқсас жағдай өмірде де орын алыпты. 2003 жылы Лос-Анджелесте Union Pacific компаниясының өздігінен жүретін жүк тасымалдайтын пойызы техникалық ақауға байланысты тоқтай алмай қалады. Егер оның стансаға кіруіне мүмкіндік берсе, мыңдаған тонна жүк ондаған адамның өмірін қиюы мүмкін. Сондықтан компания басшылары пойызды халық тығыз орналаспаған аймақта құлатуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, 3 800 тонна жүк тиелген вагондар Дэви көшесіндегі үйлерге соқтығысады. Оқиға салдарынан 13 адам аздаған жарақат алыпты.

Айтпақшы, «Қасіретті қаңтар» кезінде көпшіліктің өмірін сақтап қалу үшін моральдық шешім қабылдау қажет болғаны түсінікті...