Руханият • 09 Ақпан, 2022

Аштық жайлаған жыл

1756 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Халық жазушысы Мәриям Хәкімжанова белгілі журналист Мағира Қожахметоваға «Отыз бірінші жылы рабфакта оқып жүрдім. Сонда пойызбен келе жатқанда сырттағы адамдардың түрін көруге қорқасың, шұбырған бала-шаға, тұлып болып іскен кісілер. Аштық бүкіл елді жайлап кетті. Бір ғана Қостанай облысында, Бейімбет пен Ғабит жинаған дерек бойынша, жергілікті халықтың 25 проценті ғана тірі, қалғандары өлген, босып кеткен», депті.

Аштық жайлаған жыл

Алғашқы аштық басталғанда Мәриям апай небәрі 14-15 жаста. Ел ба­сына нәубет болып төнген жаппай ашар­шы­­лықты өз көзімен көріп, ет-жүре­гі­мен сезінген тағдырлы ақын өмірінің сол бір қасіретті кезеңін «1921 жылы «ты­рыс­қақ» деген үрейлі сыбыс естіле бастады. Артынша «пәлен ауыл, түген ауыл қы­рылып қалыпты» тәрізді хабарлар жет­ті. Аурудың апаты біздің ауыл­ға да жетті. Ел қаралы, қайда барсаң да жылап-сықтау. Осындай жағдайда Қостанайға жақын, Ботпаншық деген өткелдің аузында Нысанбай ауылына келін болып түстім. ...Иесіз қалған үйлердің біреуін тігіп қойған екен, екі-үш әйел мені сол үйге енгізді. Дауыс қылған әйелдердің «қы­зығыңды көрмедік, қаралы болдық, жаралы болдық» дегені әр тұстан естіледі. ...Сол жылы егін шықпады, ел ішін аштық жайлады, халық қатты күйзелді. Әлі есімде, Тобылдан су әкеле жаттым, анадай мұздың үстінде итшана сүйреткен шоғыр адам. «Сірә, Қырықбойдақ, Бағланнан келе жатқан болу керек, сол жақта аштық мүлдем қатты көрінеді», деді біреу. Айт­қандай, сол жақтан босқандар екен. Он шақты адам. Үйді-үйге бөліп, дереу ес­терін жиғыздық. Шаналарын шошалаға қой­ды, артынан білсек, онда аштан өлген балалары екен. ...Адамдар таңертеңнен кешке шейін Тобылдың жағасында, қоға да қиналғанда тамақ, жұрт жұлып тамырын азық қылады. Дүниеде ешкімді бір үзім нанға телміртпесін. Бір үзім нанға баласын айырбастағандар да болған», деп еске алыпты.

Бүгінде Қостанай төңірегінде Нысан­бай дейтін ауыл жоқ. Оның орнында кезінде Долгий, Красный Октябрь деп аталған, кейін еліміз тәуелсіздік алған соң Алтындала болып жаңарған елді мекен тұр. Алтындаланың көнекөз қариялары бүгінге дейін «Мәриям апа осы ауылдың келіні еді» деп отырады.

М.Хәкімжанова естелік әңгімесінде «1949 жылы командировкамен елге бардым. Танитындардың көбі аштықтан қы­рылғанын сонда естідім. ...Төрт-бес ауыл­дың жұрнағынан біреуі қалды ма, қал­мады ма, қайдам. Елімізді есеңгіреткен алапат жағдай еді ғой, есебіне кім жетіпті, белгісіз», дейді.

Ақын айтып кеткен ашаршылық құр­­бан­дарының біразы қазіргі Алтындала­ның шетіндегі қорымда, көлемі алты қа­нат үйдің орнындай үлкен төмпешіктің астында жатыр. Әйел де, ер де, шал-кемпір мен сәби-нәресте де – бәрі-бәрі бір шұңқырға көмілген. Бүгінде топырағы шөгіп, әбден аласарып қалған аштар моласы кезінде кәдімгідей биік болыпты. Қозы баққан ауыл балалары «Тау менікі! Тау менікі!» деп әлгі молаға қарай жүгіріп ойнайды екен. «Тауға» шығып төмен сырғанағанды қызық көреді. Ненің үстінен сырғанап жүргендерін қайдан білсін?! Олардың ойынын үлкен­дер көріп қалса, «Әй, жүгірмектер! Ол жер­де өздерің сияқты балалар жатыр. ­Шы­қ­паңдар үстіне!» деп ұрсып, қуа­тын көрінеді.

Осы ауылдың тұрғыны, қазір облыс­тық ауруханада көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін Әділхан Оташев 2017 жылы зиратты жуан шынжырмен қоршап, басына белгі тұрғызыпты. Бел­гінің үстіндегі шалқақ жарты айдың астында темірден иілген бос шаңырақ, одан төменірек бос бесік бедерленген. Ал құлпытаста «1932 жылғы аштық құрбандарына Бақыт Салыққызының демеушілігімен қойылған ескерткіш. Анасы Сара Нұрмағанбетованың өсие­тімен» деген жазу бар.

– Қаншама шаңырақ қаңырап қал­ды, ал бос бесік қаншама. Бұл көп ұрпақ жоғалды дегенді білдіреді. Бақыт апам бізге нағашы болып келеді. Бірде әке-шешеме дұға оқытқым келеді. Маған көмектесші, өзім жүре алмаймын» деді. Осылайша, әңгімеден әңгіме шығып, Ол кісі: «Анамның арманы еді. Бала кезімде үнемі «Әттең-ай, жағдайым жоқ, жағдайым болса, осы жерді мал кір­мейтіндей, адам баспайтындай етіп қор­шатып тастар едім. Бір белгі қояр едім» деп отырушы еді. Анамның арманы орындалмай кетті. Енді оны менің де орындай алатын түрім жоқ», деді. Аруақ сыйлаған елміз. Бұл жерде қаншама отбасы, қаншама бала жатыр. Мен көмектесейін, көрсетіңіз дедім. Осы төм­пешікті көрсетті. Ұзындығы 12 метр, ені 11 метр екен. Тік төртбұрыш етіп қор­шау қолымнан келмеді. Өйткені жан-жағы­нан кейін қойылған зираттар қысып тас­таған. Оларға зияным тимесін деп, ескі моланың бойымен ғана шамамыз жеткенше жуан темір шынжырмен қоршап шықтық. Одан кейін құрбандық шалып, ас беріп, аруақтарға дұға бағыштадық. Бұл қорымда әкем мен ағам жатыр. Олар­ға барып Құран оқығанда, осы зиратта да туыстарым жатқандай болып тұрады. Барған сайын басына Құран оқимын, – деді Әділхан Оташев.

Әділханның анасы Жамал әже көңі­лі­не түйгені көп, көп оқыған кісі екен, жасы тоқсанға келіп қалса да, сергек ойлы кейуана үлкендерден естігендерін әлі ұмыт­­паған. Жамал әженің әңгімесі тың­­даған адамның, тіпті, сай-сүйегін сырқы­ратады.

– Ауылдағы қариялардан естігенім, ашаршылық жылдары бүкіл Амангелді, Торғай босыған. Ішетін ас жоқ. Мал біт­кенді тартып алған. Қалғаны тас мешінде қырылған. Аш адамдар осы Қостанайға барса аман қалады екен дегенді естіп, жаяу-жалпылап Тобылды бетке алған. Жол бойы қырылып, өлген бала-шаға, шал-кемпір, әйелдер жол бойы тарыдай шашылған. Әйел байғұс ана ғой, өзін ойламайды, кішкентай баласын ойлайды. Аман алып қалу үшін бір жерге жеткізу керек қой. Аш-жалаңаш қалпында құр сүлдерін сүйретіп, қанша жер жүре алады дейсің. Содан баласын құшақтап құлай берген. Киіктей қырылған адамның көптігі соншалық, өліктен аяқ алып жүру мүмкін болмай қалған. Жата берген соң иістеніп, Қостанай көлемі сасып кетеді. Содан қаланың маңайындағы қазақ ауылдарының шетінен үлкен ұра қаздырып, өлгендерді ырдуан арбамен тасып көме бастайды. Қаланың ана шеті мен мына шетін, орталығын өліктен тазарту жұмыстарына адам белгілейді. Көбі қолмен көтеруге келмеген соң, айыр-күрекпен алуға тура келген. Ес­туім­ше, Қостанай көлемінде осындай үш мола бар. Әр молада мыңның үстінде адам жа­тыр. Қостанайдың орталығындағы қа­зіргі Нариман базарының маңында да аштық құрбандары жерленген орын бар. Бертінде сол жерде бір татар кемпір жылап тұр дейді. Өтіп бара жатқандар: «Не болды, әни, сізге?» деп сұрайды. «Мына жерде мыңға жақын адам жатыр. Өз қолымызбен жинап, көміп едік. Соның үстіне мәдениет үйін салып жатыр», деп зарлайды екен әлгі кемпір. Екінші мола қазіргі перзентхананың маңында екен, оның үстіне үй түсіп кетті. Үшінші мола осы ауылда (Алтындала), – деді Жамал Оташева.

Жамал әженің ұлы Әділхан Оташев­тың айтуынша, Владимировка деп аталатын елді мекеннің маңайында да дәл осындай бір төбешік жатыр.

– Өзімнің жеке көлігім бар. Влади­мировка жағынан ағаш әкелеміз. Бірде сол елді мекеннің маңайынан өтіп бара жатыр едік, қасымдағы орыс жігіт: «Мы­­на жерде сенің жерлестерің жатыр», деді. Үлкен бір мола екен, тоқтап Құран оқы­­дым. Әлгі жігіттің атасы Влади­ми­­­­ров­­када тұрыпты. Сол кісі ұлына: «Бала ке­зімізде біз кәдімгідей сенбілікке шы­­ға­тынбыз. Ол сенбілікте үлкен оба қа­зып, жан-жақта шашылып жатқан қазақ­тарды көмдік. Оның ішінде жас сәби де, бала да, қартайған кемпір-шал мен қыз-келін­шектер де бар, бәрі аралас жатыр», деп айтып кетіпті. Ол зираттың да ор­нын білем. Бұл біздің білетін обалар ғана, білмейтіндеріміз қаншама? – деді Әділхан.

Жамал әженің айтуынша, Алтында­ла­дан 7-8 шақырым жерде Тоз деген ескі ауыл­дың орны бар. Кезінде аш-жала­ңаш­тардың жарамдыларын іріктеп алып, осы жерге әкеліп, ас-су беріп, аман қал­ған­дарына қамыс шаптырып, жұмысқа жек­кен. Өлгендерін көме берген. Бұл маңай­да да тағдырластар жатқан обалар бар.

Нәубет жылдары даладан қалаға қарай ағылған аш адамдардың мүрделерінен сасыған жалғыз Қостанай ғана емес. Мұн­дай сұмдық жағдай Алматыда да бол­ған. Бұған Мәриям Хәкімжанованың «Қала сасуға айналды. Тазарту үшін рабфакта оқып жүрген мың бала бөлінді. Біреулеріміз есек, біреулеріміз өгіз же­гіп шығамыз. Несін айтайын, көшеден өлік жи­надық. Талғар жақта ма, бірде бала­бақшаның орнына бардық. Сол маң­нан көптеген баланың өлігін та­уып,­ Қызыл Крест қоғамының ауласына әкелсек, үлкен жүк машинасы тұр екен, іші толған адамның сүйегі. Солар­­дың арасына әлгі нәрестелердің денесін тықты, қуыс-қуысына дейін толғаны қазіргідей есімде. Рабфак парткомының секретары Аққошқаров деген ағайдың басшылығымен жұмыс істейміз. Бірде сай-саладан аққан қызыл суды кешіп келе жатқанбыз, қар енді-енді еріген. Адам жатыр-ау деген тұстың қарын алдымен темір, содан кейін ағаш күрек­пен аршимыз. Әлдебір тұста басында тымағы, үстінде күпісі, сақалы бар, елу-алпыстардағы бір кісі бір қолымен алты-сегіздегі баласын құшақтап, екінші қолымен домбырасын ұстай құлапты. «Ой, жарықтық-ай, нағыз әке екенсің», деп Аққошқаров өз-өзінен сөйлеп жүр. Көзіміздің жасын сығып біз тұрмыз. «Өлікті сол табылған жеріне көміңдер» деген нұсқау бар, қабір қазылды. Әлдекім «домбырасын алып қалайық» деді, Ақ­қошқаров домбыраны сол кісінің өзімен бірге көмдірді», дегені дәлел.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты бағдарламалық мақаласы жа­рия­­ланған соң, баспасөз беттерінде архив меке­мелерінде сарғайып жатқан аш­тық туралы мәліметтер жарық көре бас­тады. Көп дүние жазылды. Бірақ «осы­ны толыққанды зерттеп, зерделей ал­дық па?» деген ой көкейді мазалайды. Әри­не, ешкімді қайта тірілте алмаймыз. Алай­да «өлі разы болмай, тірі байымай­ды», сондықтан әр жерде қараусыз жат­қан ашаршылық құрбандарының, тағдыр­ластар моласының басына дұрыс белгі қойып, өскелең ұрпаққа ой салатындай сөз қашап қалдырған дұрыс. Бір үзім нанға жете алмай үзіліп кеткен марқұмдар­дың моласын бүгінде жайқалған астық алқаптары қоршап жатыр.