Қоғам • 10 Ақпан, 2022

Қандасқа көрсетілген қолдау

460 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресей Федерациясының Астрахань облысында өмірге келген Жанна Ильбалиеваның мүгедектігі бар. Қазір жасы – 39-да. Атырауға бала кезінде қоныс аударған. Алайда жеке басын куәландыратын құжаты болмағандықтан, Қазақстан Республикасының азаматтығын алмаған.

Қандасқа көрсетілген қолдау

– Осындай себеппен өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орта­лық­та тұруына мәжбүр болды. Бұған дейін оған әлеуметтік көмек тағайын­далмаған. Атырау қалалық әкімдігі­нің тікелей қолдауымен бұл мәселе өз шешімін тапты. Оның екінші топтағы мүгедектігі мен жеке басын куә­лан­дыратын құжаттарды дайындап бердік. Енді ол әлеуметтік жәр­демақы ала­тын болды. Ең бастысы, Қазақстан Респуб­ликасының азаматтығын алды. Әкім­дік тарапынан арнайы әлеуметтік қызметкер бөлінді, – дейді Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысы Нұрлы Хабиева.

Қазір пәтер құжатын қандастың атына рәсімдеу жүргізіліп жатыр. Пәтерінің коммуналдық қызметтерге бере­шегі толығымен өтеліп, тұрмыс­қа қажетті заттармен, киіммен қамтылған.

Ал облыстық Полиция департа­менті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Руслан Әділовтің айтуынша, елімізде азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі 2020 жылғы тамыз айынан бері қолданысқа енгізіл­ген. Бұл мүм­кіндікті Ресей Федера­циясы мен Өзбекстан Республи­касынан кө­шіп келген қандастар пайдалана бастаған.

– Қандастар бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматтығы және тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін құжаттар мен өтінішті бере алады. Мұндай құжаттар мен өтінішті қарас­тыру мерзімі шамамен үш айға созылады. Жыл басынан Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасынан көшіп келген 16 қандас Қазақстанның азаматтығын алды, – дейді полиция полковнигі Р.Әділов.

Қазақстан Республикасының аза­маттығын Жеңілдетілген тәртіппен ие­лен­ген қандастың қатарында Қуа­ныш­бек Базарбаев та бар. Жасы – 24-те.

– Бұрын Өзбекстан Респуб­ликасын­да тұрған едім. Атажұртымызға көшіп келіп, Қазақстанның азаматы атандым. Қуанышымда шек жоқ. Елдің азаматы атанғаннан артық қуаныш бола ма? Енді еліміздің өркендеуіне үлесімді қосуды мақсат етіп отырмын. Көші-қон қызметінің қызметкерлері азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібін түсін­діріп, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, – дейді Қ.Базарбаев.

 

Атырау облысы