Руханият • 13 Ақпан, 2022

Дала сыйлаған Дегдарлық

710 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Беліне жау снаряды түсіп, ауыр жара­ланған, кейін бейбітшілік орнағанда немістің трофейлік жүк ұшағымен Алматыға емделуге барған соғыс арда­гері, алғашқы суретін Сталинград май­данында салған суретші, режиссер, қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаров туралы аз жазылған жоқ. Оның азаматтығымен қатар еліне жасаған еңбектері бұл күні ойлы ұрпақ­тың жадында сақтаулы тұр. Сонау қиын-қыстау кезде өз еркімен сұранып қызыл әскер қатарында бол­ған Әмен Қайдаровтың тұла бойындағы батылдық пен ер жігітке тән даралық оны биікке алып шықты. Оның қазақ руханиятына қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін дәлелдеу үшін ол істеген игі істерді тізбелеп айтып отырудың да қажеті шамалы. Әменге жігер берген туған елінің ертеңі екені даусыз.

Дала сыйлаған  Дегдарлық

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кешегі Күлтөбенің басында күн­де жиын өткізетін халықтың жаңа өрке­ниеттің көшіне ілесуі, заман ағысын аңдауы, ұлт болып ұйысуында кездескен мәсе­лелердің түйінін табуы, мемлекетті қалыптастыру жолындағы қат-қабат қиындықтарға төтеп беруі Әмен сынды әр ісіне адалдықты серік еткен тұлғаның ой жос­парында жазулы тұрды. Тұлға демекші, әр адамның есею жолы әртүрлі болады, біз алғашқы қазақ мультфильмін жасаған қайраткердің өнердегі табысын білеміз, ал ол «қандай ортадан шықты?», «қандай ата-ананың тәрбиесін алды?» деген сансыз сұрақтарға кейде жауап таппай дағдаратынбыз. Жуықта Алма­ты қаласы Мемлекеттік архиві №413 қорынан Әмен Қайдардың қолжазбасын оқып, аталған тұлғаның өмір жолымен таныстық. Бұл қолжазбаны осы архив мекемесінің бас сарапшысы Ләйлә Қасымқызы ұсынды. Сонымен Әмен Қайдаровтың қолжазбасын оқып көрелік.

5546

«Сенің атың Мұхаммед-Әмен»

«Кіндік қаным тамған жер – нұрлы Нұра өзенінің бойын­дағы Жіңішке деген ауыл. 1923 жылы, маусым айының үшін­ші жұлдызында, дәлін айт­сақ, жай­­лауға шығып киіз үй тіккенде мен кең дүниеге келіп­пін. Әкем – Әбжан (Әбдра­сул) Қайдарұлы, (1890-1975), Ше­шем – Зейнеп Қайдар келіні (1900-1982). Менің алдымда екі ұл дүниеге келіп, олар қай­тыс болған. Ескі әдет бойынша мені мықты болсын деп, кіндігімді бал­тамен кесіпті, сондықтан кін­дік шешем ер адам болған екен. Айналайын оқырман, бұл әдет бүгін қаншама ерсі көрінсе де, менің ұзақ қиын өмірім куә болғандай атымды Әмен емес, Балтабай дегені дұрыс болар еді. Бірақ ат қоятын атам (әкемнің ағасы) Әбдрашит құранға қарап, менің есімімді Мұхамед-Әмен болсын деп бата берген екен. Жеке шаруаға ты­йым жасап, байлардың малын, мүлкін тартып алып, өздерін бала-шағасымен жер аудару нау­қаны елді ала-топан қылды. Дінге де көзқарас өзгерді. Қайдар әулетінің үлкен шаңырағы Әбдра­шитті молда деп жер аударды. Ол кісіні мен ата дей­тінмін. Не үшін кінәлайтынын түсінбедім. Жіңішке ауылы жан-жаққа та­рай бастады. 1931 жылы біз Ақмолаға көштік, содан кейін 1932 жылы жаңа астана Алма­тыға жол тарттық».

Байыптап қарасаңыз, біздің тұлға­лардың басым көбі бала арманын құшақ­тап сол кездегі астанамыз ару Алматыға асығады. Олар үшін Алматы Париж, Лон­доннан бетер қадірлі екенінде дау жоқ. Өйткені ол қалада қа­зақ­­тың рухы, мінезі, қала бер­ді бос­тандығы мен азат­тығы, тәуел­сіздігі жатыр еді. Біз сөз етіп отыр­ған Әмен Қайдаров та Ал­ма­тыға «асық­қаны» белгілі. Бірақ ол кездегі Алматы қай Алматы еді? Ә.Қайдаров ол жылдарды былай жазады:

 «Алматыдағы Сәкен Сейфуллиннің үйіне бардық»

«Бұл аштық жылы еді. Басын бұлт шалған Алатаудың баурын­да бау-бақ­шалы жұмақ болатын шаһарға жан сақ­таймыз деп, бүкіл қазақ елі жинала бас­­тады. Біз шілде айында 14 күн шойын жолмен жүріп әрең жет­тік. Ол уақытта Мойынты-Шу жо­лы жоқ, сон­дықтан Сібір жолы­мен келдік. Бі­рін­ші Алматы с­тан­сасынан есек-арба жал­дап, қа­ла­ның ортасындағы қазіргі Пан­­филов паркіне келдік. Карл Маркс (Қонаев) көшесінде тұ­ра­тын ағайындар Сәкен, тәтем Күл­баһрам Сейфуллиндер үйіне кел­дік. Солардың көмегімен жа­ңа өмір бастадық. Әкем Әб­жан 42 жаста болса да, Қазақ педаго­ги­ка­лық институтына шә­кірт болып, бірінші курстан бас­­тап оқуға кірісті. Шешем Зей­неп 32 жа­сында КИЖ (Ком­мунистік жур­налистика институты) оқу­шысы болды, мен болсам №19 орыс мек­тебіне ба­ра­тын болдым. За­ман­ның өзге­руі әке-ше­шеме қиын­дықтар әкелгенін түсіне бас­тадым. Олар уақытында араб­ша сауатты, тә­жірибелі мұға­лім­дер болған. Сауатын жа­ңаша ашу, орыс тілін есейген­де үйрену, күнделікті нан мен суға жет­пейтін ақшасын кі­тапқа жұм­сау әке-шешеме оңай тиген жоқ. Өмір жа­ңаша қа­лып­та­сып келе жатқанда 1937 жыл келді. Сәкенді түрмеге қа­ма­­ды, әке-шешеміз кідіртпей ме­­кен­жа­йын өз­гертіп, Алатау ба­­уыры­­нан Көкшетау бауырына қо­ныстанды».

 «Соғыстың суық хабары жетті»

Соғыс. Осы бір бес әріптен тұ­­ратын үрейлі сөз қаншама ұлт­­тың, елдің, жер­дің, Отан мен отба­сының берекесін қа­шыр­­ды, құтын алды. Адамзат та­ри­­­хындағы айғыз-айғыз жара­лар­дың көбі қатыгез соғыстардан түс­кен жара. Май­дан­дағы михнат пен машақаттың бодауы туралы ойлану да кейде артықтық ете­ді. Біз үшін майдан қасіретін өз көзі­мен көрген адам қымбатты болмақ. «Бар­сакелместің» шө­лі­не кеткеннен бетер ауыр әрі сал­мақты сапарға Әмен Қай­даров та қа­тысқаны мәлім. Сол бір қасі­ретті жылдар, өлім мен өмір тай­таласқа түскен қиын сәттер кейіп­керіміздің ой дәп­терінде былайша қаз қал­пында жазылып қалды:

«1941 жылы мектеп балала­рын кол­хозға шөп шабуға жібер­ді. 22 маусымда соғыс басталды деген суық хабар бізге де жетті. Барлығымыз үйге қайттық. Ол уақыттағы оқиға тарихта мол жазылса да, қазір де айтылмаған сырлары жетіп жатыр. Бүгінге жетпей, көргенін о дүниеге алып кеткендердің саны миллион. Ме­нің бастан кешкенім өзіме ғана мәлім. 1941 жылы қазан айында әскери майдан жолдамасымен Тәшкенге келдік. Бұнда радио-телеграф әскери училищесінің курсанты болғанымыздың белгісі ретінде шашымызды қырқып, шомылдырып, форма кигізіп, өз киімдерімізді қапқа салып үйге қайтарды. 1942 жылдың сәуір айы­на дейін әскери тәртіптің қандай екенін таныдық, таңғы 6-да тұ­рып, түнгі он екіде жатамыз. Уа­қыт­тың көбі аяқты дұрыс басып строевой бұйрықты орындау, класта отырып морзе әліппесін жаттау, радио-те­ле­фон техникасын білу, мыл­­тық ату, окоп қа­зумен өте­ді. 1942 жылы сәуір айында Тәш­кеннен Мәскеуге ке­ліп, жаңадан құры­лып жатқан 57-ші ерекше гвар­дия полкіне радист болып таға­йындалдым. Ерекше (особый) де­гені М-13, яғни минометтік жаңа қару, кейін халық арасында «Катюша» деп атап кеткен, аңыз­ға айнал­ған күш­ті қару еді. Жаңа техни­ка­ны меңгеруге бір ай уақыт бер­ді. Мамыр айы­ның соңында Харь­ковқа қарай темір­жол­мен жүрдік. Харьковқа жетпей маусымның бірінде соғысқа кірістік».

        «Жаралы жауынгерлердің суреттерін салдым»

«1943 жылы қазан айында бірінші Украин майданына жі­берді. Қарашаның ортасын­да жаңа ғана босатылған Украин астанасы Киевке келдік. Шай­қастың ізі Дарница стансасы суреттегендей. Бір сау үй жоқ. Әбден қалжырағанда сақ­тықты ұмытасың. Әр жарылған снаряд­қа иілмей жүре бергенде «осы тез біт­се екен не жарылып не өліп тынсам екен» – деп ойлайтынмын. Осындай бір жағ­дай­да телефонды қоса бергенімде, ар­тым­нан снаряд жарылып, ұш­қыны бел омыртқамнан, балта­мен ұрғандай соқты. Ұшып түсіп құладым. Талықсып кеткем екен. Дем ала алмай, суға батып бара жатқандай, аузыммен ауаны қармап, әрең-әрең жұ­тына бас­тадым. Жүрегім тоқтап қал­­ғандай болды. Ышқынып қар­ды аузыма тыға бердім. Есіме қай­тадан келіп тұ­райын десем, аяғым қозғалтпайды, бөлек жансыз салмақтанған. Шынтағы­ма сүйеніп алдымдағы окопқа еңбек­теп барып құладым. Әлгі жерде жолдастарым жедел көмек көрсетті. Киімімді шешіп бел омыртқаға тиген оқтың орнын бу­ды. Госпитальда аяғымдағы етігімді ше­ше алмағандықтан скаль­пельмен ке­сіп босатты. Ше­шілмеген себебі үш ай майдан дала­сындағы шыққан тер тұз бо­лып шұлғауым етіктің ішінде қа­тып қалыпты. Бір жұмадан кейін арнайы вагонға салып мені Харьковтан Кисловодск қала­сындағы госпитальға әкеліп тапсырды. Өз бетіммен қозғала ал­май­мын. Қыркүйек айына дейін емде­ліп балдақпен жүре бас­таған соң елге қай­тарды. Кис­ловодск госпиталінде жат­қа­нымда ма­ңайым­дағы жаралы жа­уын­герлер­дің суреттерін сал­­ғаным жазы­луыма қуат бергендей болды. Ол уақытта фо­то­­аппараты бар адам жоқ­тың қасы. Менің қарындашпен сал­ған суреттерім жұртқа ұнап, кезекке тұр­ды. Әр солдат қағаз тауып әкеліп, жасал­ған бет бей­несін үйіне хатпен жібер­генде қосымша жазатын: «Міне, мен тірімін!» «Вот, Я жив!» деп су­рет­ті куә ре­тінде пайдаланатын. Суретшілік қасиет жара­тушының маған өміріммен бірге қосақтап берген қос қасиеті деген сенімім нығая түсті».

Сұм соғыс аяқталғанымен, оның адам баласына тигізген залалы, сансыз тән мен жанға салған жарасы мәңгілік қалып қойды. Соғыстан кейінгі ес жию, қалжырау дегеннің өзі құдды бір соғыс­тың өзінен кем түсе қойған жоқ. Небір қыр­шынның өмірін әкеткен қатыгез майданнан аман-сау қайтқандары санаулы ғана шығар, ал дене жарақатын алып қайтқандардың жүрегіндегі берішті кім емдеп жаза алмақ? Заман ба, оны билеген адам ба? Аты шулы екі үлкен соғыс адамзат қоғамының әр саласына әсіре кесірін тигізді. Соғыстан кейінгі жылдарда қан майдан туралы шығарма жазу да үрдіске айналды. Ремарктен бас­тап өзіміздің батыр Бауыржан Мо­мыш­ұлы, Әзілхан Нұршайықовтарға де­йінгі аралықтағы қаламгерлер еш бүкпесіз сәтті туындылар жазды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әрбір сарбаздың басынан өткізген азабы мен мех­натын біз Әмен Қайдаровтың осы қол­жазбасынан оқи аламыз. Ол жаз­ған әр сөйлем майданнан хабар беріп тұр­ған сынды. «1944 жылы қазан айын­да үйге қайттым. Орта жолда қарсы алу­ға жүгіріп келе жатқан қа­рын­дасым Райхан­ды көрдім, одан кейін асыққан анам. Райхан жүгіріп келіп менің мойныма асыла түскенде, жараланған бел омыртқам үзілгендей кө­зім­нің оты жарқ етті. Мен сыр бермей жалғыз қарын­да­сым­ды құшақтап аймаладым. Анам ентіге келе құшақтап дауыс­тап жылап жіберді. Ажал­дан аман құтылған бала­сын көргенде қай ананың көңілі бо­самасын. Туған ананың қуа­ны­шын қалай суреттей ала­сың? Әкем ұстамдылықпен, есік алдында күтіп тұрды. Май­дан­нан жеңіспен қайтқан ұлы, мақ­­танышы, келешек үміті, міне, көз алдында. Ішім­де­гі бом­баның ұшқыны ірің­деп, ті­рідей шіріп жатып қал­дым. Ақмоланың барлық шы­бы­ны маған жиналғандай. Туған­­дарым ірің иісіне қалай шы­да­ғанын білмей­мін. Құр тері мен сүйегім қалды. Төсегімді ауыс­тырғанда анам мені екі қо­лымен көтергеніне қарағанда сал­мағым қан­шама жеңілдегенін бай­қауға болады. Ақмо­лада ме­ні емдейтін госпиталь бол­мады. Әкем облыстық үкіметтің кө­ме­гімен мені Алматыға жет­кізді. 1945 жыл­дың жазында мені Алматыдағы госпи­таль­ға жатқызды. Бағыма қарай мұн­­да ұлы хирург А.Н.Сызғанов жұ­мыс істейді екен. Соның қо­лы­на түсіп, ішімдегі оско­лок­ты рентген ар­қылы шығарып ал­ды. Опе­рация өте қиын болды. Сна­ряд­тың жа-
рықшағы бел омырт­қамды жарып, қуықтың жанына барған екен. Операциямен алу­ға ың­ғай­сыз жерде бол­ған­дық­тан, құ­йыр­шығымды алып тас­тап, екі жам­бастың ортасында тұр­ған те­мірді суырып алды. Бұл опе­­рация мен үшін екінші рет өлім­нің алдына барғандай болды. Гос­пи­тальда жарты жылдай жатып, қайтадан туғандай, аяғымды басуға үйрене бастадым».

 Арман алдамайды

Соғыс майданындағы жан азабы мен одан кейінгі нау­қас дерті меңдеген Әмен Қай­да­ровтың жігері сонда да мұ­қал­мапты. Оның ендігі өмір жолы мүлде бас­қаша арнаға бұ­­рыл­­ғаны тіптен сүйіндіреді. «Учи­­лищеде оқып жүр­генімде америкалық «Бемби» деген мультфильмді көргенім есімнен шық­пай, қайта-қайта ойымды оята берді. Суретке жан бере­тін өнерді үйрететін оқу орны Мәскеуде бар екенін естігенім­де шешімге келдім: не болса да мульт­фильм жасайтын ше­берлікті меңгеруге бел будым. Жұбайыммен сырласқанда ол мені қолдады. Әке-шешем батасын берді». Осы қолдау мен бата оны жаңа өнердің биігіне алып шыққан еді. Ұлты­мыздың рухани байлығы саналатын фольклорлық мұраларымыздағы кей­бір құн­ды дүниелерді негіз ете отырып, жа­ңаша қуыршақ фильмдер жасау сол тұстағы сан қазақтың ішінде осы Әмен Қайдаровтың ойы­на ғана келген игі іс болатын. Ол дегеніне жетті де. Ұлттық өнерге қосылғалы тұрған тың салаға деген бетбұрыс та оңайға түскен жоқ. Ол үшін Әмен Қайдаров барын салды.

«Мен – режиссер, қоюшы суретші, бас мультипликатор, администратор ре­тінде күні-түні мыңдаған суретті жасап, оператор Артемов Сергейге тү­сі­руге беріп, оны кейін экранда көріп, қайта-қайта түзеумен болдық. Осындай еңбек үстінде Мәскеуден «Госкиноның» уәкі­лі Сигеди деген келіп шынында қазақтар мультфильм жасап жатырма деп, мені директор кабинетіне шақырып тексере бас­тады. Менің айтқан сөзім­ді «авантюра» деп Камалға қа­рады да: «жауапкершілік сіздің мой­ныңызда» деді. «Комиссия жі­бе­­реміз, солар шешеді» деді. Оған Камал: «Хорошо, ответ­ст­вен­ность я беру на себя» деді. Ма­ған сеніп жауапкершілігін өз мойнына алған Камалдың аза­маттығын мәңгілік ұмытпай­мын. Егерде Камал қаймығып, өзі ди­­ректорлық орнынан айыры­лып қалам деп, Мәскеу уәкілі­нің алдында қайсарланбаса, қазақ мульт­фильмі қашан туарын алла білсін».

Ол тәуелсіздік таңы атпаған шақ. Сон­да да қазақ өнері мен мәдениетінің қаймағы бұзылмай тұрған кез. Қазақ бала­ларын қуантам деп үміт­тенген Әмен Қайдаровтың жаңаша идеясын жүзеге асыру үшін Мәскеуден арнаулы рұқсат керек еді. «Мәс­кеуден күткен екі тексеруші кел­­ді. Бұлар мультфильмнің атақ­­ты режиссерлері Хитрук Фе­­дор Савельевич және Дегтя­рев Вла­димир Дмит­риевич. Ко­мис­сияға көрсететін филь­­мі­міз дайын еді, бірақ бояусыз. Ол уақыт­та мультфильмнің боя­уын Мәс­кеуден ғана алуға бола­­тын. Мульт­­фильм­нің мың­даған мөлдір-қаға­зын бояу үшін арнаулы бояуларды «Союз­­мультфильм» киностудия­сында ғана жа­сай алады. Ди­ректор қонақтарды кино­залға әкелді. Бұнда студияның біраз адамдары жиналып отыр екен. Аман­дасқаннан кейін, Камал қысқаша кіріс­пе сөз сөйлеп фильм­­ді көрсе­туге рұқсат берді.

Залда шам сөнді. Үмітім жана ма, сөне ме? Бұл сәт мен үшін емти­хан. Қараңғы бөлмеде тағдырым шеші­летіндей. Осы уақытқа дейін істеген ісім, әре­ке­тім, барлығы он минуттық фильмге жи­налғандай. Фильм аяқталып, шам жа­ғылғанша кө­рер­мендер белсене қол ша­па­лақтап, өз пікірін білдірді. Мен үшін бұл үлкен баға бол­ғанмен мәскеуліктер не дер екен деп күт­тім. Камал көргеніне ме, жоқ әріптестері қол шапалақтап қуа­­­нышын білдіргендігінен бе, көңілді. Езуін тарта қонақтарға қа­рап сөз берді.

Ф.С.Хитрук сөзге шебер, ха­лық­­­ара­лық дәрежелі режиссер оның пікіріне мән беретінін біліп, жымия директорға қарап: «Ну что ж, всех поздравляю с рож­­дением первого казахского мульт­фильма», деді. Жұрт қол шапа­лақтап қо­ше­меттеді. «Это не только удачный дебют режиссера Амена Хайдарова и его группы. Я осмелюсь предсказать, что это фестивальный фильм. Здесь не только высокий профессионализм, но и своеоб­раз­ный националь­ный колорит. Я такой фильм не сумел бы сделать». Федор Савель­евичтың басқа сөздерінің арасында осы айтқандары есімде қалды».

Осылайша, қазақ мультфильмі атасының арманы жүзеге асты. Ұлтының руха­ни құндылықта­рын арқау еткен «Қар­лы­ғаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Тазша бала», «Қожанасыр», «Қырық өті­рік», «Қор­қыт», «Ер Төстік» сияқ­ты тақырыптар төңірегінде бай фольклор­лық қазынадан еркін сусындайтын өнер туындыларын жасауды мақсат етті. «Міне, қа­зақ мультфильмі» деп ұялмай көрсе­тетін туын­дылар жасау үшін Әмен Қайдаров соңынан ерген шәкірттер тәрбиелей ал­ды. «Қазақ муль­типликациясының келе­шегі қандай бола­ды, оны қа­лай жасау ке­рек, бұл мақ­сат­ты кімдер іске асырады. Осы ой Камал екеумізге тыныш­тық берме­ді» деп өзі айтқандай ұлттық мультфильм саласына есе­лі еңбек қосып, жоқтан бар жа­саған азаматтың әр ісі келешек ұрпақтың, елінің рухани өмі­ріне зор пайдасын тигізді. «Та­ланттылар – рау­­шан гүлі сияқты жан-жағына жұпар ша­­­шып, көңіл ашады» деген Шерхан Мұр­таза­ның асыл сөзі Әмен Қайдаров сияқ­ты еңбек­қор, талантына тал­ғамы сай келген азаматтарға қа­рата айтылса керек. Байыптап қара­саңыз, оның өмір жолы тек бір ағыстан тұрмайды. Кедір-бұдыры да, келешекке ұмтылыс сыйлаған жарқын сәттері де бар. Оған туған халқының, кең бай­тақ даласының сыйға тартқан дег­дарлық мінезі оның әрбір арманын зау биікте самғата білді. Біздің ендігі арманымыз Әмен Қайдаров сынды саңлақтардың артынан ерген есті ұрпақтың көп болуы ғана. Шіркін, арман алдамайды.