Алқалы жиынға Қазақстан тарапынан осы кеңестің мүшесі Икрам Адырбеков қатысты. Түркия Президенті Р.Ердоған Ақсақалдар кеңесінің мүшелерін жылы ықыласпен қарсы алып, кеңестің рөлі мен атқаратын жұмысы туралы пікірімен бөлісті. Түркия басшысы өз сөзінде 2021 жылы қарашада Ыстанбұлда өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммитінде Ақсақалдар кеңесінің дәрежесін көтеріп, жұмысын жандандыру туралы ортақ шешім қабылданғанын және осы Кеңеске жетекшілік ету Түркияның бұрынғы премьер-министрі Бинали Йылдырымға тапсырылғанын атап өтті.
Жиында түркі халықтарының ежелден табиғатында бар үлкенді сыйлау, сөзін, ақыл-кеңесін тыңдау дәстүрін, мәдениеті мен құндылықтарын сақтау, дәріптеу, дамыту ортақ парызымыз екені айтылды. Сонымен қатар әлемде барлық бағытта күрделі, шиеленіскен мәселелер көбейгенін алға тартқан Түркия басшысы бұл сын-тегеуріндерді Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелері бірлесіп шешкені дұрыс деген пікір білдірді. Ол үшін бауырлас елдер арасындағы достықты, ынтымақтастықты арттырып, дамыту керек. Р.Ердоған Түркия ұйымның бүгінгі төрағасы ретінде осы бағытта қарқынды жұмыс атқаратын болады деп сөзін қорытындылады.
Кездесуде сөз алған Қазақстан өкілі Икрам Адырбеков Түркия Президенті Режеп Ердоғанға қазақстандықтар атынан зор денсаулық тілей отырып, Ақсақалдар кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізгеніне алғыс білдірді. Ол сондай-ақ Ыстанбұлда өткен жиынның негізгі қорытындысы жайлы айта келіп, бауырлас Қазақстан мен Түркияның өзара қарым-қатынасына тоқталды. Қазақстан өкілі екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, пандемия кезінде бәсеңдеп қалған екіжақты қарым-қатынасты барлық бағыт бойынша қайта жандандыруға шақырды.
Режеп Ердоған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сәлемі мен арнайы шақыруын жеткізе отырып, биыл көктемде Түркияға ресми сапармен келетініне сенім білдірді.
Ай басында Түркия басшысы Украинаға сапарынан кейін «омикрон» вирусын жұқтырып, сырқаттанып қалғаны хабарланған-ды. Қазақстан Президенті әріптесінің тезірек сауығып кетуін тілеп хат жолдаған еді, оған Р.Ердоған ризашылығын білдірген.
Еске салсақ, 9 ақпан күні Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің 12-інші отырысы өтті. Үш күнге созылған жиында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің өкілдері бас қосып, кеңестің мақсат-міндеттерін талқылап, келешектегі жұмыс жоспарын айқындаған. Онда Қазақстан өкілі И.Адырбеков Президент Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Саммиттің шешіміне сәйкес құрылуы жоспарланған Түркі инвестициялық қорының штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында орналастыру туралы ұсынысын қолдауға шақырды. Сондай-ақ Икрам Адырбеков Түркістан қаласында TURAN арнайы экономикалық аймағын құру туралы ұсынысымен таныстырып, тараптарды аталған жұмысқа белсенді қатысуға шақырды.
Отырыс барысында ақсақалдар ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі мен Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырыстарына Түркі мемлекеттері ұйымының жүйесі мен қызметін жетілдіру бойынша басқа да ұсыныстарын тиісті хаттамамен бекітті. Отырыс қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымының ақсақалдары Түркия Президентімен кездесіп, Кеңес отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырған түрік әріптестеріне алғысын білдірді.
Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысын 2022 жылдың шілде айында Қырғызстанда өткізу жоспарланды.