Жиын Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Германия Сыртқы істер министрлігі Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уәкілі Маттиас Люттенбергтің төрағалығымен өтті. ГФР-дың Қазақстандағы елшісі Моника Иверзен, Қазақстан мен Германияның дипломаттары және салалық сарапшылары екіжақты диалог орнатты. Бұл өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселесін талқылауымен қатар дипломатиялық қатынастардың алғашқы үш онжылдығының мағыналы қорытындысын шығаруға себеп болды. Атап айтқанда, жоғары және аса жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлармен алмасу, өсіп келе жатқан экономикалық көрсеткіштер, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық институттар шеңберіндегі жемісті өзара іс-қимыл атап өтілді.
«Бүгін Қазақстан-Германия сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар барысында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды аспектілері туралы мазмұнды әңгіме болды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер бойынша да пікір алмастық. Консультациялардың атаулы күн аясында өтуінің символдық мәні бар. Бүгінде Қазақстан мен Германия дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде. Сонымен қатар Германия делегациясы өткен жылдың желтоқсан айында Берлинде жаңа коалициялық үкімет құрылған сәттен бастап Қазақстанға алғашқы саяси сапармен келді», деді Роман Василенко Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр сондай-ақ Германия Қазақстанның Еуропадағы басты стратегиялық серіктес екенін атап өтті.
«Германия біз үшін Еуроодақтағы негізгі стратегиялық серіктес. ГФР Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып танып, дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 30 жылдың ішінде екіжақты ынтымақтастық ілгері дамып, жоғары деңгейге жетті. Мемлекет басшысының Германияға жасаған соңғы екі сапары өзара іс-қимылды жандандыруға жақсы серпін берді. Достық және сындарлы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға Нұр-Сұлтан мен Берлиннің бірқатар халықаралық мәселе, оның ішінде көпжақты құрылымдар желісі бойынша ұстанымдарының ұқсастығы да ықпал ететініне сенімдімін», дейді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, Германия – Қазақстанның жетекші сыртқы экономикалық әріптесі. Бұған қоса Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі неміс бизнесі үшін басты нарық болып отыр.
«Бүгінде Қазақстан мен ГФР арасында 35-тен астам келісім жұмыс істейді. Аталған келісімдерге Мемлекет басшысының 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда Германияға сапары барысында қол жетті. Неміс инвесторларымен жұмыс жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы, Берлин Еуразиялық клубы және сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы сияқты қазақ-неміс экономикалық дипломатия институттары жемісті жұмыс істеп жатыр», дейді Роман Василенко.
Сондай-ақ екі ел арасындағы сауда саласындағы оң динамика атап өтілді. ГФР Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің қатарына кіреді, ал біздің еліміз – Орталық Азия өңіріндегі неміс бизнесінің басты серіктесі. Соңғы 15 жылдың ішінде Германиядан Қазақстанға 5,3 млрд доллар тікелей инвестиция тартылған, оның басым үлесі ауыл шаруашылығы, ЖЭК, денсаулық сақтау, көлік логистикасы және басқа да басым салаларды сапалы дамытуға бағытталған.
Неміс тарапының соңғы статистикалық мәліметіне сәйкес былтыр 8 айда екі елдің тауар айналымы 3,4 млрд еуроға жеткен.