Жоғарғы Сот Төрағасының ой-толғаныстарын тарқатқанда
Тар жол, тайғақ кешіп, небір қилы кезеңдерді бастан өткерген ел мен ер үшін тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ екені айдай анық. Бүгінде оған әр адамның көзі жетіп отыр. Ата-бабаларымыздың да сан ғасырлар бойы армандаған, арын ардақтап, жанын аямай күрескендегі аңсаған бақыты не еді? Осы тәуелсіздік қой. Ендеше, кезінде Абылай бабамыз да: «Қазақтың қайран даласын, Жағасын жайлау ел етсем. Мерейін биік, бағын зор, Ырысын шалқар көл етсем», деп армандаған екен. Армансыз адам болмайды. Осы барлық адамның арманын жиып келгенде елдің мақсатынан артық ештеңе жоқтығы тағы көрінеді. Міне, ең үлкен арман осы. Ал елдің арманын орындау жолында көш бастап, өлшеусіз еңбек етіп жатқан адамдардың ісі қандай болмақ? Әрине, ондай тұлғалардың ісі де, қоғамдағы орны да ерекше дейміз. Өйткені, түптеп келгенде, елдегі барлық адамның арман-мұратын ұштастыратын, сөйтіп нақты іс-әрекеттермен халықты бастап ұшпаққа шығаратын, сенім мен үмітті ақтайтын тұлғалардың ірісі ғана. Бұл сөзіміздің жаны бар. Сонау 1991 жылы еліміз тәуелсіз мемлекет атанып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрын-соңды болмаған тарихи көшті ұйымдастырып, алға бастады. Арада көп өтпей жатып 1997 жылы Елбасы «Қазақстан-2030» Стратегиясында: «Мен өзіме 33 жыл өткеннен кейiнгi Қазақстанды қалай елестетемiн? Бiздiң жас мемлекетiмiз өсiп-жетiлiп, кемелденедi, бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз онымен бiрге ер жетедi. Олар өз ұрпағының жауапты да жiгерлi, бiлiм өресi биiк, денсаулығы мықты өкiлдерi болады. Олар, бабаларының игi дәстүрлерiн сақтай отырып, қазiргi заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстеуге даяр болады. Олар бейбiт, абат, жылдам өркендеу үстiндегi, күллi әлемге әйгiлi әрi сыйлы өз елiнiң патриоттары болады... Әрине, мұның бәрi – болашақты ой көзiмен көру, оның моделi, асқақ мұрат, арман ғана. Бірақ, мұның бәрiне де қол жеткiзуге болады», деп жазды. Сөйтіп, сындарлы сәтте еліміздің тәуелсіздік көшін бастаған Нұрсұлтан Назарбаев алдына осындай асқаралы ел мақсатын қойды. Бұл – әр қазақстандықтың арманы, ел арманы. Қазір қарасақ, сол арман адастырмай арнасын тауып келеді. Оған дәлел көп. ХХІ ғасыр Қазақстан Республикасы үшін іргелі жаңалықтармен, саяси, экономикалық, әлеуметтік салалардағы үлкен табыстармен басталды. Соның бір көрінісіндей, Елбасының жаңа «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміздің Мәңгілік Ел болуына сара жол ашылып тұрғаны айқындалды. Оның көптеген негіздерінің бірі ретінде барлық азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қорғауды жоғары дәрежеде қамтамасыз ететін, халықаралық стандарттарға негізделген, тәуелсіз сот жүйесі құрылды. Осы орайда «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолында отандық сот жүйесінің алатын орны қандай деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Әрине, сот жүйесі өзінің қатарын тәжірибелі және озық ойлы, терең білімді, заңдылық пен әділдік қағидаттарын ерекше бағалайтын, халқына адал, антына берік азаматтармен толықтыра отырып, мемлекеттік дамудың әр кезеңдерінде туындаған дауларды, күрделі қоғамдық қатынастарды реттеуде, қоғамдық тепе-теңдікті сақтауда белсенді рөл атқаруы тиіс деп білеміз. Бұл ойымыздың өрнегін көп жылдар бойы түрлі жоғары мемлекеттік қызметтер атқарған, оның ішінде Парламент Сенатының Төрағасы да, Бас Прокурор да болған және бүгінде Жоғарғы Соттың Төрағасы міндетін қайтадан қолына алған, аяулы халқы үшін бар зиялы өмірін арнап келе жатқан елдің ардақты азаматы Қайрат Мәми де дамыта түсті. Қайрат Мәми еліміздің жоғарғы сот саласын 1999 жылдан 2009 жылға дейін басқарған және қазір де сындарлы жетекшілік етіп келеді. Осы жылдар ішінде оның өткір ұсыныстары мен тікелей араласуы арқасында отандық сот жүйесін жалпы танылған стандарттар мен талаптарға жауап беретін жаңа деңгейге көтеруге ықпал еткен тұжырымды құжаттар мен құқықтық актілер дайындалды. Алқа билер мен ювеналдық, әкімшілік, мамандандырылған экономикалық соттарды құруға, қамауға соттардың санкция беруіне және соттардың қызметін қамтамасыз ету мен олардың шешімдерін орындауға байланысты бірқатар заң актілері дайындалып, тәжірибеге енгізілді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы соттарының мәртебесі мен сот жүйесі туралы», «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы», «Сот орындаушыларының мәртебесі мен орындау өндірісі туралы», «Аралық соттар туралы» конституциялық заңдар дайындалып, Қылмыстық-процессуалдық кодекс, Азаматтық процессуалдық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, соттардың құқық қолдану тәжірибесінде кездесетін өміршең мәселелер бойынша Жоғарғы Соттың бірқатар нормативтік қаулылары қабылданды. Тәуелсіздік жеңісін баянды ету, жаңа белестерді бағындыру, болашақтың жоспарын ойластыру – оңай шешіле салатын мәселелер емес, дейді бұл орайда өз ойын өрбіткен Жоғарғы Соттың Төрағасы. Дегенмен, Елбасының дара да дана басшылығымен Қазақстан халқы осы абыройлы да жауапты міндеттерді рет-ретімен жүзеге асыруда. Өткен жиырма екі жыл ішінде еліміз биік белестерді бағындырды. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымды басшылыққа алып, еліміздің экономикасын дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалық үдерістер біздің жаңа, жас мемлекет ретінде дұрыс бағытпен алға қарай жүріп бара жатқандығымыздың дәлелі болды. Қазақстан халқына ортақ мақсаттар мен мүдделерді біріктіретін «Мәңгілік Қазақстан» жобасының ұсынылуы бүгінде тұғырында нық тұрған, болашағына кәміл сенетін, Отанын сүйетін, Елбасын құрметтейтін ардақты халқы бар елде ғана мүмкін болатын жаңалық деп білеміз. Осы жобаны жүзеге асыруға жарқын жол ашатын «Мәңгілік Ел» идеологиясы белгіленіп, халқымыздың болашағына деген сенімдерінің еселеп өсуіне, мақсаттары мен мұраттарының артуына кепілдік берілді. Елбасы: «Мәңгілік Ел» – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», – деп түйіндеді. Мұнда, ерекше бір атап өтер жайт, 2050 жылға дейін Қазақстан әлемдегі дамыған, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуды көздеген стратегияны жүзеге асыруға тек мемлекеттік ұйымдар ғана емес, сонымен қатар әрбір қазақстандық азамат өзінің перзенттік көзқарасы, адал еңбегі арқылы атсалысулары қажет, деп ойын дамыта түскен Қайрат Мәми бұл орайда сот жүйесінің де негізгі міндеттеріне ойысты. Сондықтан мемлекеттік биліктің дербес саласы, сот билігінің де қоғамдық дамуының орны мен рөлі айқындалып, міндеттері белгіленуі тиіс, дейді ол. Жалпы сот жүйесінің даму жолдарын мемлекеттің даму жолдарынан бөлек, ажыратып алып, бағалау мүмкін емес. Сот билігі – мемлекеттік саяси жүйенің құрамдас бөлігі, ажырамас бөлшегі. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы жылдардан бастап сот жүйесі қоғамдық заңдылықтарға негізделген іздену, қалыптасу, даму жолдарынан өтті. Осы жылдар аясында, биліктің дербес тармағы ретінде сот жүйесі қоғамдық қатынастардың орнығуына, мемлекеттің саяси беделінің артуына, заңдылықтың басты демократиялық қағидаларының бірі ретінде бағалануына үлесін қосты. Ал Елбасының бастауымен елді көркейтуге арналған жолда әрбір сала қызметкерлері ортақ іске дұрыс әрі орнықты үлес қоспаса оның өркендей қоюы да екі талай. Міне осы тұста бірлік бар жерде тірлік бар дегендей, білікті де, білімді адамдар өз салалары бойынша болашаққа белгіленген сара жолды салып, ойдағы міндеттерді аз уақытың ішінде жүзеге асырып, елдің дамуына үлкен үлес қосты. Соның бірі Жоғарғы Сот жүйесі дейміз. Қайрат Мәмидің жетекшілігімен Жоғарғы Соттың 2009-2011 жылдарға арналған Стратегиялық жоспары, Соттық білім беру тұжырымдамасы дайындалды. Жоғарғы Соттың Төрағасы ретінде ол еліміздің сот қауымдастығының съездерін (3 съезд – 2001 жылдың шілдесі, 4-2005 жылдың шілдесі және 6- 2013 жылдың қарашасы) ұйымдастыру мен өткізуге үш мәрте қатысты. Жалпы сот құрылымы мен сот өндірісінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылып, судьялардың мәртебесі мен соттардың тәуелсіздігі нығая түсті. Оған дәлел ретінде көптеген атқарылған шараларды жатқызуға болады. Мәселен, атқарушы биліктің соттарға ықпалын жою сот реформасының екінші сатысындағы бетбұрысты туғызды. Оған Мемлекет басшысының 2000 жылғы «Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы үлкен себеп болды. Мұнда соттардың жұмысын қамтамасыз ету қызметін Әділет министрлігінен Жоғарғы Соттың сот әкімшілігі жөніндегі комитетіне және жергілікті соттардың әкімшіліктеріне беру көзделді. Міне, тәуелсіздік алған жылдар аясында Қазақстан судьяларының салты съезі өтіп, әрбір съезде республика сот жүйесінің бүгіні және болашағы туралы өзекті мәселелер талқыланып, мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданды дей аламыз. Мәселен, өткен жылы, қараша айында болған Судьялардың VI съезінде Елбасы Н.Назарбаев отандық сот жүйесінің табысты еңбегін оң бағалап: «Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет. Егер де біз реформа жасағанда сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқын қорғай алуы керек», – деді. Осы сөздер сот жүйесінің мемлекеттің саяси құрылымындағы алар орны мен рөлін және сот-құқықтық реформасының болашақтағы даму бағыттарын айқын анықтап беріп отыр. Бұл орайда аталған реформаларды іске асырудың бір тетігі ретінде соттарды мамандандыру ісі өте қажет еді. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Оның шешімі қиын түйінді мәселелері де баршылық. Алайда, әділ және қолжетімді сот төрелігін қамтамасыз ету мақсатында сот жүйесін одан әрі жетілдірудің бір бағыты – соттарды мамандандыру жүзеге асты. 2001 жылдың қаңтарында Президент Жарлығымен Алматы және Қарағанды қалаларында тәжірибе ретінде мамандандырылған экономикалық соттар құрылды. Содан Президенттің 2002 жылғы ақпандағы Жарлығымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар еліміздің қалған барлық 14 аймағында өмірге келсе, Астана мен Алматыда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылып, кейін 2004 жылдың 9 қыркүйегінде барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда ашылды. 2007 жылдың 23 тамызындағы Президенттің Жарлығымен Астана және Алматы қалаларында жасөспірімдер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылып, кейін барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда жұмыс істеді. Мұның бәрі халық үшін атқарылып жатқан шаруалар екені бесенеден белгілі. Өйткені, мемлекеттің басты байлығы – халық. Азаматтардың мүдделері қандай жағдайда болсын мемлекеттің назарынан тыс қалмауы тиіс. Ендеше, осы ұлы замана көшінен сот жүйесі де қалмай, керісінше ұлы дүбірдің алдыңғы қатарынан орын алуы қажет. Себебі, Президент: «Дамыған елдің негізі – әділ сот» деп текке айтқан жоқ. Адал және әділ соттың қалыптасуына және дамуына тек мемлекет қана қамқорлық жасай алады. Экономикасы дамыған, халықаралық сахнада саяси беделі бар, көреген Елбасы бар, халқы сенім білдіріп, әрбір бастамасына қолдау көрсетіп, береке-бірлікті, ұлтаралық татулықты сақтап отырған елде ғана әділ әрі адал сот жүйесі қалыптасады және дамиды деп толықтай сеніммен айтуға сот жүйесінің қазіргі даму үрдісі де айғақ бола түсуде. Бұған қол жеткізу үшін, жоғарыда айтқанымыздай, бірталай баспалдақтардан өтуге тура келді. Соның, яғни үздіксіз еңбек пен тынымсыз ізденіс арқасында сот жүйесін дамытудың айрықша сәті туды. Сот жүйесін дамытудағы айтулы кезең деп 2007 жылы Негізгі Заңға енгізілген өзгерістерді тілге тиек етуге болады. Осы қабылданған жаңалықтар арқылы, яғни солардың ішінде тұтқындауға соттың санкция беруі азаматтардың бостандығы мен конституциялық құқықтарын қорғауды арттырды. Соттарға осындай мүмкіндік берілген соң тұтқындау барысы қорғаушы өкілдерінің қатысуымен айқындала түсті. Бұл өз кезегінде қудалау органдарының аталған жаза шараларын қолдану жөніндегі ұсыныстарын біршама азайтуға әкелді. Сөйтіп, бүгінгі күндері қылмыстық үдеріс кезіндегі сотқа дейінгі қамауға ұшырайтындардың саны үш есе қысқарып отыр. Мәселен, 2007 жылы прокурорлардың санкциясымен қамауға алынғандар саны 20 027 болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 12 685 болды. Бүгінде Қазақстан мемлекетінің ұйытқысы – Ата Заңымыз, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын, ата-бабаларымыздың ар-намысынан тұратын бірлік, тыныштық идеясын бойына сіңірді. Сот-құқықтық реформаның басты бағыттарының бірі – қолданыстағы заңнаманы ізгілендіру, яғни қоғамның сұранысын ескере отырып, заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, жаңа заңдар қабылдау міндеті болып табылады. Бұл сөзіміздің дәлеліндей, қазір Парламентте «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі», «Қазақстан Республикасының Қылмыстық істер жүргізу кодексі, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі» туралы заңдардың жобалары талқыланып жатқаны белгілі. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сол сияқты «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне сот төрелігін жүзеге асыруды оңайлату және бюрократиялық процедураларды азайту туралы» заң жобалары дайындалып, Парламент Мәжілісінің қарауына жолданған. Президенттің 2014 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығына сәйкес кейбір толықтырулардан өткен Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясаты туралы тұжырымдамасына сәйкес қоғамның қарқындап дамуы сұранысынан туындайтын жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексін қабылдау міндеті сот-құқықтық реформасының басты бағыттарының бірі ретінде көзделіп отыр. Сот жүйесі қашанда ашық және қолжетімді болуы тиіс. Өзінің құқығы мен бостандығы бұзылды деп есептеген әрбір азамат сот органдарына жүгіне алады. Соңғы жылдары сот органдарына жүгінуші азаматтар мен заңды тұлғалардың қатары көбейіп, қаралып жатқан азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық істердің саны артуда. Әрине, бұл көрсеткіш қоғамды заңсыздық жайлап кетті деген мәселе емес, керісінше халықтың сот органдарына деген сенімінің артуына, жұртшылықтың құқықтық сауатының жетілгеніне дәлел болады. Сонымен қатар, экономикалық қатынастардың қарқындап дамуы, нарықтық қатынастардың ел өміріне тереңдеп енуі – жаңа санаттағы даулар санының өсуіне себептерін тигізіп, соттарда қаралатын істердің саны көбейе түсуде. Мұның бәрі халықаралық қауымдастықта да еліміздің ұстанған бағыты үлгілі екенін, алқа билер сотының шешімдері демократияның өміршеңдігін дәлелдеп берді. Қайрат Мәмидің бастауымен 2004 жылы Қазақстан Судьялар одағы Судьялардың халықаралық ассоциациясының (Мексика, Вале де Браво қ.) жыл сайын өтетін 47-ші отырысының шешімі бойынша осы Ассоциация мүшелігіне әдеттен тыс жағдайда қабылданды. Бұдан кейін 2011 жылы Ыстамбұл қаласында өткен 54 отырыста Қазақстан Судьялар одағы Судьялардың халықаралық ассоциациясының толыққанды мүшесі атанды. 2006 жылы «Алқа билер туралы» және Алқа билердің қатысуымен қылмыстық сот өндірісін жүргізу мәселелері бойынша заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң дүниеге келді. Бұл қазақстандық сот жүйесін халықаралық стандарттар негізіне сәйкестендіру үшін көп жылғы ізденіс, дайындық жұмыстарының нәтижесі еді. Осылайша, бір мақсатқа, бір мүддеге атсалысуымыздың арқасында республика бойынша қабылданған сот қаулыларының сапасы қанағаттанарлық деңгейде деп бағалауға болады, дейді Төраға. Бұл айтылғандарды ресми дәлелдеу үшін біз төмендегідей ресми статистикалық деректерге де көз салдық. Сөйтсек, расында: 2013 жылы республика бойынша 47 466 қылмыстық іс, 558 887 азаматтық іс, 386 520 әкімшілік құқық бұзушылық туралы, жиыны 992 873 іс қаралып, осы істердің ішінен 85 060 (8,6 %) іс бойынша шағымдар мен наразылықтар келтірілген. Істерді қарау нәтижесінде небәрі 11 332 іс бойынша сот қаулылары күштерін жойған немесе өзгертілген, яғни бұл көрсеткіш 1,4 пайызға тең болған екен. Сонымен қатар, соңғы жылдары сот жүйесі мен судьялардың қызметтері туралы мәселелер қоғамда, баспасөз беттерінде жиі талқыланып, кейбір жағдайларда орынды-орынсыз сындар айтылып, теріс пікірлер естіліп жатқанын да білеміз. Мұндай «қызығушылықтардың» басты себебі судьялар атқаратын қызметтің маңыздылығында деп түсіну қажет, яғни мемлекеттік билікті сот төрелігі арқылы жүзеге асыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу туралы шешімдер қабылдау, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қабылдаған шешімдердің заңдылығын анықтау сияқты жоғары жауапкершілікті талап ететін мәселелерді шешу судьялардың өкілеттіктеріне берілген», дейді Жоғарғы Сот Төрағасы ойын сабақтап. Бұған біз де қосыламыз. Өйткені, Жолдаудан туындаған міндеттерге сай сот-құқықтық реформаның болашақтағы басты даму бағыттарының бірі – судья кадрларын дайындау, іріктеу және таңдау. Қазіргі уақытта отандық сот жүйесінде терең теориялық білімдерін жұмыс тәжірибесімен ұштастырып жүрген, саяси сауаттылықтары мен көзқарастары жоғары, өз ісіне адал, білікті мамандар қызмет атқарады деп нық сеніммен айта аламыз. Ал осы орайда судьялар қауымдастығының қайнар көзі, алтын бастауы билер соты деп бағалаған жөн. Даланың данагөй данышпандары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, тіпті, олардан да бұрын өмір сүрген біздің даңқты бабаларымыз қазақ қоғамының, қазақ мемлекеттігінің дамуына бағасы жоқ үлестер қосып, ал рулар мен тайпалардың арасында қалыптасқан дауларды шешудің қайталанбас жолдарын көрсетіп, үлгілерін танытты. Осылайша дүние өзгеріп, қаншама ғасырлар артта қалса да адал сөз бен әділ биліктің жаңғырығы біздің жаңа дәуірімізде де әлі естіліп тұр. Ендеше, өздерінің өмір жолдарын сот жүйесімен байланыстырып, судьялық қызметті таңдап алған әрбір азамат жаңа заманның әділ биі аталу үшін аталған ұлттық құндылықтарымыздан сусындап, тиісті қорытынды жасағаны жөн. «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын» деп алға ұмтылып, межелі мақсат пен асыл мұратқа жетуді көздеген азамат судьялық қызметті абыроймен атқаруы тиіс. Бұл орайда Қ.Мәми: «Шындығы сол, судья болу үлкен жауапкершілікті, табандылықты, имандылықты талап етеді. Мемлекеттің мүддесіне, халықтың тағдырына немқұрайлылықпен қарауға болмайды. Сондықтан да «Судьялық ету – әрі сынақ, әрі қасірет. Судья болған адам басын бәйгеге тігеді. Судьялық етуден босау қиын, бірақ осы тірліктен бірден-ақ бас тартқан ләзім...», деп кезінде белгілі араб ойшылы Мұхаммед әл Хушани текке айтпаған ғой. Осы пікірді келтіре отырып, біз, әр дәуірде, әр ғасырда, әр елде судья қызметіне деген қоғамдық қызығушылықтың жоғары болғанына, судья қызметіне үлкен мән-мағына берілгеніне көз жеткіземіз», дейді. Сот төрелігін жүзеге асырудың және сот өндірісінің барынша ашықтығына қол жеткізудің ең тиімді бағытының бірі – ақпараттық технологияларды қолдану болып табылады. Бұл жағынан алғанда да қазақстандық сот жүйесі ТМД елдерінің арасында алғашқы болып, яғни сонау 1999 жылы ақпараттық технологияларды енгізуді бастап кетті. Осы тәжірибенің негізінде 2004 жылы барлық соттарды біртұтас автоматтандырылған сот өндірісі жүйесін құру туралы тұжырымдама жасалды. Ал 2007 жылы еліміздің барлық соттарына Біртұтас автоматтандырылған ақпараттық-сараптамалық жүйені енгізу толықтай аяқталды. Осы жүйенің арқасында істердің сотқа түскенде автоматты түрде бөлінуі, әкімдіктер ұсынылған тізімдерден алқа билердің кездейсоқ тізімін жасау секілді міндеттер шешімін тапты. Ал 2008 жылдан кейін сот жүйесінің ведомстволық желісі сот статистикасын қалыптастыруға, электронды құжат айналымына көшті. Қазіргі күні ол қызмет аясын одан әрі кеңейтіп, процесс кезінде бейнеконференция байланысы мүмкіндігін пайдалану және аудио-бейне түсіруді көздейтін электронды сот өндірісі енгізілуде. Нақты айтқанда, қағазбастылықтан құтылып, сот өндірісінің жеделдігін арттыру мақсатында сот өндірісіне қатысушыларды құлаққағыс қылатын балама (электронды) пішімдер қолданылуда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылғы Жолдауына сай электронды сот өндірісінің жаңа деңгейлі үрдістерін қалыптастыру үшін кешенді шаралар қабылдануда. Жалпы еліміздің сот жүйесінің мақсаттары мен міндеттері «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілгендей, мемлекеттік биліктің дербес саласы ретінде қоғамда болып жатқан барлық жаңа бастамалар мен өзгерістерге, ілгерілеуге, елдің дамуына құқықтық қолдау көрсету деп пайымдау қажет. Ал отандық сот өндірісін дамытудың басты бағыттары Құқықтық саясаттың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында да айқын көрсетілген. Демек, сот жүйесін әрі қарай дамыту барысында ғылым мен техниканың ең үздік жетістіктерін, яғни ақпараттық технологияны пайдалану қажет. Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясын таңдағанда, ең алдымен, қаһарман халқының жасампаздығына, ержүректілігіне, еңбек сүйгіштігіне, бірлігіне, бәрінен бұрын әділдігі мен адалдығына сенім артқаны сөзсіз. Бұл қатардан соттардың да табылатындығы анық деп білеміз. «Мәңгілік Ел» болу ошағының отын сөндірмеуге, ұрпақ тәрбиелеуге, Отанды сүюге, салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды дәріптеуге, қоғамның заңдары мен ережелерін сақтауға шақырады. Қазақстан халқы деп аталатын алып күштің құрамдас бөлігі, белгілі бір бөлшегі – біздер, судьялар қауымдастығы болып табыламыз. Біздің адал еңбегіміз қоғамға өте қажет, біздің еңбегіміздің нәтижесі болашақ жаңғыруымыздың, кемелденуіміздің кепілі. Заң талаптары сақталған жерде тәртіп болады, ал тәртіп болған жерде еңбектің жемісі мол болады. «Мәңгілік Ел» – бүкіл қазақстандықтарға ортақ ұлттық идея. Аталған идея – бізді болашағымыздың жарқын жеңістері мен толағай табыстарына жол ашатын жарық жұлдызымыз», дейді Қайрат Әбдіразақұлы. Біз де бұл айтылғандарға толықтай қосыламыз. Өткен жылдар ішінде біртіндеп және мақсатты түрде соттарды материалды-техникалық қамтамасыз ету жүргізілді. Бірнеше құрылыс салынып, күрделі жөндеуден өткізіліп және соттарға арналып 153 ғимарат алынды. Сот отырыстары өткізілетін залдардың көбі қайта жарақтандырылып, техникамен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, судьялардың әлеуметтік-құқықтық мәртебесі және сот жүйесінің қаржы-экономикалық негізі де нығая түсті. Осылайша бүгінгі таңда судьялардың конституциялық міндеттерін тиімді атқаруы үшін сот төрелігін жүзеге асыруда барлық жағдай жасалған деп айтуға толықтай негіз бар. Ендеше, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын, арманы ақиқатқа айналған Қазақ елінің Мәңгілік Ел болуына ақ жол ашылсын деп тілейік. Халқымыздың осы ұлы арманы, асыл мұраты орындалды. Орындала да береді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16