Қазақстан • 17 Ақпан, 2022

«Қасіретті қаңтар»: 728 адам қамауда отыр

324 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Әлеуметтік желілерді шарлап кеткен «Алматыда орта­ғасырлық үлгідегі жазалауға арналған «азаптау камералары» жасақталып жатыр» деген ақпараттар жалған. Мұндай болған емес, болмайды да!» Бұл жөнінде ІІМ-де өткен брифингте Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов мәлімдеді.

«Қасіретті қаңтар»: 728 адам қамауда отыр

«Қазіргі уақытта ақпараттық кеңістікте тергеу изоляторларын­да жасалған азаптаулар туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақ­параттарды жаппай тарату жү­ріп жатқаны байқалады. Біз бұл ақ­параттардың шындыққа сәй­кес келмейтінін, сондай-ақ мұн­дай жалған хабарламалардың қо­ғамды әдейі адастырып, болған оқиғаларды бұрмалайтынын рес­­ми түрде әрі үлкен жауап­кер­­­шілікпен мәлімдейміз», деді Ж.Ешмағамбетов. Ол қазіргі таң­да бүкіл қоғамның назары қаң­тар оқиғалары кезінде қамауға алын­­ған азаматтарды ұстау жағ­дай­­ларына ауып отырғанын да жа­сыр­мады. «Осыған орай біз тергеу изоляторларындағы ба­қы­лауды екі есе күшейтіп, бұл меке­мелердегі қоғамдық мониторинг үшін барын­ша ашықтық танытып отырмыз», деді генерал-майор. Оның мәлімдеуінше, комитет ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында қо­ғамдық бақылау комиссиялары, ұлт­тық алдын алу тетігі және үкі­меттік емес ұйымдармен ынты­мақтастықты жалғастыра береді. Бұл ұйымдар қамауда отырған азаматтарды ұстау құқықтары мен шарттарының сақталуына тәуелсіз мониторинг жүргізеді. «Қасірет­ті қаңтар» оқиғаларынан кейін тә­уелсіз сарапшылар 13 тер­геу изоля­торында 60-тан астам рет болған. Ол сондай-ақ Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл Эльвира Әзі­мова, «Адам құ­қық­тары үшін хар­тия» қо­ғам­дық қорының басшысы Же­міс Тұр­ма­ғамбетова бастаған ко­мис­сия­ның бірқа­тар қоғамдық құ­қық қор­ғаушы және адвокаттар­мен бір­ге тер­геудегілерді ұстау жағ­дай­ларын тексергенін айт­ты. Ар­найы ко­миссия еліміз­дің 6 өңі­рін­де бо­лып, 100-ден астам қамау­ға алын­ғандарды қабыл­даған.

Бүгінгі таңда тергеу изоляторларында 728 адам қамауда отыр. Комитет төрағасының айтуынша, олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша кү­дік­ті. «Тағылған айыптарға сот құқықтық баға береді. Нақты ше­шім шығару кезінде бейнежаз­ба­лар, куәлардың айғақтары және бас­қа да материалдарды қоса ал­ған­да ұсынылған дәлелдемелер не­гізге алынатын болады», деді ол. Қамауға тек ауыр және аса ауыр қыл­­мыс жасағаны үшін айыпталған адамдардың алынғанын атап өткен генерал 270 күдіктінің бас шарасы өзгертіліп, үйқамаққа алынғаны, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылғанын мәлімдеді. Ол сон­дай-ақ бұл нә­тижеге тергеу орган­дары мен прокуратураның қыл­мыстық істер жөніндегі материал­дарды мұқият тексеруінің арқа­сын­да қол жеткізгендерін айтты.

Қоғамды қатты толғандырып отыр­ған мәселенің бірі – жарақат алған­дардың тиісті медициналық көмек алуына қатысты. Осы­ған орай Ж.Ешмағамбетов қай­ғылы қаң­тар оқиғаларына бай­ланыс­ты тергеу изоляторына дене жа­ра­­қатымен 267 адамның жет­кізілгенін, оның ішінде 33-нің қалалық ауруханаларда стацио­нарлық емдеуден өткенін хабарлады. «Жа­рақат алғандардың бар­­лығы меке­мелердің медицина­лық бөлім­дерінде емделді, соны­мен бірге оларды азаматтық дәрі­гер­лер үнемі тексеріп отырады», деді Гене­ралдың мәлімдеуінше, қа­зіргі таңда тек бір адам ғана Та­раздағы ауруханада жатыр. Ал 30 айыпталушы КАЖ меке­мелерінің медициналық бөлім­дерінде амбулаториялық ем алып жатыр. Комитет төр­ағасы сонымен қатар тергеу іс-ша­ра­ларының бейнебақылау ка­ме­ралары орнатылған, арна­йы жабдықталған мекемелерде жүр­гізілетінін, изоляторда отыр­ғандардың өздерінен келіп түскен бар­лық арыз-шағымдарды ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметтері тіркеп, тексеретінін де түсіндірді. «Тер­геудің заңдылығын прокура­тура органдары қадағалайды. Ал адвокаттар мен қоғамдық қор­ғаушылар ақпарат сұрауға құқылы. Олардың клиенттерімен кездесуге ешқандай шектеу жоқ. Тергеу изо­ляторында отыр­ғандардың бар­лығы сот ше­шімімен қамауға алын­ғанын тағы бір рет атап өткім келеді», деді Ж.Ешмағамбетов.