Білім • 17 Ақпан, 2022

Ұлттық мектептің темірқазығы

401 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Алаш зиялыларының әдістемелік мұраларын «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен сабақтастыру – ұлттық мектептің темірқазығы». Дәл осындай тақырып аясында елордадағы Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназия­сында қалалық семинар өтті.

Ұлттық мектептің темірқазығы

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Профессор, әдіскер ғалым Нұрша Оразахынованың төл технологиясының негі­зін­де ұйымдастырылған іс-ша­раға Ы.Алтынсарин атын­да­ғы Ұлттық білім академия­сы­ның президенті Ғани Бей­сем­баев, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия Ұлттық универ­ситетінің проректоры, акаде­мик Дихан Қамзабекұлы, Мә­жі­ліс депутаты Мақпал Тәж­м­а­ғамбетова бастаған бір топ тіл жанашырлары қатысты. Семинар барысында отандық технологияның зертханасын республикалық деңгейде жан­дандыру мәселесі жан-жақ­ты талқыланды. Жиында Еура­зия гуманитарлық инсти­туты қазақ және орыс фило­ло­гиясы кафедрасының мең­ге­рушісі Л.Дәуренбекова, Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл – қазы­на» ұлттық ғылыми-практика­­лық орталығының» қызметкері Ж.Ысқақова, «Қазақ тілі» жә­не «Қазақ әдебиеті» зертха­­на­сы­ның аға ғылыми қыз­мет­­кері Г.Кенжебаева, осы зертха­на­ның ғылыми қызметкері Ә.Құл­мағанбет, Білім беруді жаң­ғырту орталығы басшысының орынбасарлары С.Дауешова мен Д.Байтасов білім беру үр­дісіндегі «Сатылай кешенді оқытудың» маңыздылығы мен қажеттілігін айтып, нақты ұсы­ныстарын жеткізді.

Мәселен, №52 мектеп-гим­на­зиясының директоры Ұл­бо­сын Байтасова «Сатылай ке­шенді оқыту» технология­сы бойынша білім алып жүр­ген бастауыш сынып оқу­шы­­­ларының қазақ тілі мен әде­­биеті ғана емес, өзге де пән­­дер бойынша үнемі үздік­тер­дің қатарында көрініп келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Мұны семинар барысында әрбір дыбыс пен сөз­ге, сөйлемге лексикалық, грамматикалық, сөзжасамдық талдау жасап берген мектеп оқушылары нақты дәлелдеп берді.

Бүгінде төл технология қа­зақ тілі мен әдебиеті ғана емес, барлық пәндерге қар­қын­­ды түрде енгізіліп келеді. «Са­ты­лай кешенді талдауда» баланы ойланта отырып есте сақтау, есте сақтау арқылы қиял­­дату және қиялдату арқы­лы логикалық тұрақтылықты қа­­лыптастыратын өзіндік форма айқын көрінеді. Техноло­гия авторы Н.Оразахынова Алаш арыстарының мұраларын жаң­­ғырта отырып, жасаған төл тех­нологияның тарихына қыс­­қаша тоқтала келіп, білім беру жүйесіндегі әдіс және әдіс­нама жөніндегі, пікір­лерін ортаға салды. Профес­сордың шәкірттерінің бірі Л.Н.Гу­ми­­лев атындағы ЕҰУ про­рек­торы Дихан Қамзабек­ұлы оқушылардың біліміне тәнті болғанын айтып: «Бұл оқу­шыларды филология факуль­тетіне емтихансыз қабылдар едім», деген жүрекжарды лебі­зін білдірді.

Л.Дәуренбекова қазіргі таңда тіл білімі салалары бо­йынша жаңартылған білім беру мазмұнында грамматиканы жеңіл үйрету керек деген пікірдің кереғар тұстары бар екенін, бұл технология арқылы грамматиканы терең үйретуге болатынын айтты. «Се­бебі пән олимпиадасында оқушылар үшінші тапсырма – грамматикалық талдауларды орындауда көп қателік жі­береді. Сондықтан «Сатылай кешенді оқыту» технология­сын білім беру процесінде қолдануды қажет», дейді ол.

Ал Мәжіліс депутаты М.Тәж­мағамбетова ана тілі ар­қылы тарихын, әдебиетін те­рең ұғынып, мазмұны мен тіл­дік құрылымын еркін талдап тұрған балдырғандардың болашағы жарқын боларына сенім білдірді. «Еліміздің бі­лім беру жүйесіндегі олқы­лықтарды сөз еткенде, ұлттық құн­дылықтарға негізделген заманауи оқу-тәрбие үрдісінің жоқтығы анық байқалады. Білім беру бағдарламалары, оқулықтар, мұғалім сапасы өзек­ті мәселеге айналғаны қа­шан? Мемлекеттік тілді дамытуда дайын тұрған осындай кешенді жобалар мемлекет назарынан тыс қалмауға тиіс. Бүгін біз тілдері анық, өлең­ді мәнерлеп оқып тұр­ған балақайлардың бойы­нан тілге деген құрметті, ерік-жі­гер мен батылдықты көр­дік. Себебі олар бірінші сынып­тан бастап Алаш зиялы­лары А.Байтұрсынұлы, Ж.Айма­уыт­ұлы, М.Жұмабайұлы, Т.Шо­нанұлының педагогика, психология, әдістеме саласындағы ой-тұжырымдарын бойына сіңіріп келеді. Бұл ретте осы технологияның балалар үшін таптырмас қазына екенін сезініп, қолданыста игі­лігін көріп отырған мектеп ұжымы білім сапасы жағынан әлдеқайда ұтып отыр», деп атап өтті депутат. Ол тіл тазалығы, баланың ойлау жүйесі мен рухани танымдық қасиетін дамытып, ұлттық құндылықтарды ұғы­нуда төл технологияны жап­пай қолданысқа енгізу уақыт­тың сұранысына сәйкес ке­летінін айтып, осыған қатыс­ты ұсыныстарды Білім және ғылым министрлігіне жолдайтынын жеткізді.