Әлем • 18 Ақпан, 2022

Франция Малидегі әскерін қайтарады

414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Франция халықаралық терроризмге қарсы «Такуба» операциясына қатысушы одақтастарымен бірлесіп Малидегі әскерді қайтаратынын хабарлады. Бұған аймақ басшыларымен туындаған келіспеушіліктер себеп, дейді Франция үкіметі.

Франция Малидегі әскерін қайтарады

Жақында Франция президенті Эммануэль Макрон Елисей сарайында Еуропа мен Африка елдерінің басшыларын қабылдады. Кездесу қорытындысы бойынша, Малидегі жиі ауысатын басшылықтың Еу­ро­па әскеріне кедергі жасап отыр­ға­ны мәлім болды. Жедел және құ­қық­тық шарттар әскери опера­ция­­ны тиімді жалғастыруға кедер­гі кел­тіріп отырғандықтан, терроризммен күресті тоқтатуға уағдаласты.

Елисей сарайында жариялан­ған мәлімдемеде «Жиі ауысатын жергілікті биліктің тосқауыл­дары себебінен «Бархан» мен «Такуба» операцияларына қатысушы Канада мен еуропалық мемлекеттер саяси, жедел, құқықтық шарттар бойынша Малидегі жағдайды түзеу мүмкін болмай тұр. Сондықтан әскер мен әскери техниканы шығарудың бірлескен жолын іздеуді бастаймыз деп шешім қабылдадық» делінген.

Алайда француз әскері мен одақтастары Сахел аймағындағы содырлармен күресті жалғастыра бермек. Аталған аудандағы іс-қимылдың әрі қарайғы жоспары биыл маусымда анықталмақ. Қазір­дің өзінде Франция үкі­метінде 2023 жылға қарай Сахел­дегі әскер санын 5 мыңнан 2,5-3 мыңға дейін қысқарту туралы мәселе талқылануда. Ал «Такуба» операциясына 600-900-дей француз жауынгері қатысып жатыр. Олардың қатарында медицина қызметкерлері мен логистикамен айналысатын мамандар да бар. Елисей сарайының хабарлауынша, әскер шығарылғанымен, Батыс Африка мемлекеттерін қолдау аясы кеңейтілмек.

Еуропа одағы «Жаһандық портал» бағдарламасы аясында Африка елдеріне 20 млрд еуро­дан астам қаражат бөлу мүм­кін­дігін қарастыруды бас­тап кетті. Аталған бағдарлама ай­мақта Қытай әсерінің алдын алуға бағытталған. Еуропа комис­сиясы да Африка елдеріндегі инфра­құрылымды жақсартуға 150 млрд еуро бөлетінін мәлімдеді.

Франция Сыртқы істер ми­нистрі Жан-Ив Ле Дриан әскер­ді қайтару сияқты әрекетке Ре­сейден жалданған әскердің келуі мәж­бүрлегенін жеткізді. Ми­нистр­дің айтуынша, аймаққа «Ваг­нер тобы» деп аталатын жеке әскери компанияның өкіл­дері келген.

Алайда Эммануэль Макрон мен Владимир Путин сөйлескенде Ресей үкіметінің Малиде жұмыс істеп жатқан компанияларға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Францияда өткен келіссөзде Еуропа одағына мүше елдердің барлығы бірдей ортақ қарарға келіспеді. Кейбір мемлекеттер мис­сия толықтай орындал­маға­нын, аймақтағы мәселе шешіл­мегенін айтып, қайта қарастыру нұсқасын ұсынды. Мәселен, Испания Сыртқы істер министрі Жозе Мануель Альбарес аймақта Еуропаның қолдауына тәуелді мәселелер әлі де барын айтты. Осы ретте операцияға Испания әскері ең көп жауынгер аттандырғанын еске салып өткен жөн.

Мали билігінің тосқауылдары аймақта әл-Каида, ДАИШ сынды террористік топтың қанат жаюына әкелген көрінеді. Министрлер үкіметтің сәтсіз шешімдері радикалды топтарға вакуум жасап беріп жатқанын хабарлады. Бұған Малиден бөлек Буркина Фасо мен Гвинеяда да әскери әрекеттердің көбеюі дәлел.

Испания Сыртқы істер министрі «Испания Еуропа ода­ғы­­на дауысын естіртуге ты­ры­­сады. Бізді Малиге алып кел­ген тұрақ­сыздық пен жихадизм ай­мақта әлі де бар екеніне сенім­­діміз. Сондықтан миссияны тоқ­тату орынсыз болып тұр» деді.

Тарихи шегініс жасар бол­сақ, Малиде қақтығыстардың өршуі­не байланысты 2013 жылы Еуропа одағына мүше елдер өз әскерін жіберу шешімін қа­был­даған-ды. Содан бері 9 жыл бойы бірқатар еуропалық әскер аймақтағы терроризмді жою­ға белсенді араласып келеді. Еуропа елдерінің президенттері опера­цияны тоқтату арқылы Ауған­стандағыдай хаостың алдын алуға мүмкіндік береді деген ойда.