Футбол • 18 Ақпан, 2022

Әліп – «Зенит» ойыншысы

510 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құра­масы мен Алматының «Қайрат» ко­ман­­дасының қорғаушысы Нұрәлі Әліп ресми түрде Санкт-Петербургтің «Зенит» клубының ойыншысы атанды.

Әліп – «Зенит» ойыншысы

22 жастағы жерлесіміздің биыл Ресей біріншілігінде өнер көрсететіні бұған дейін белгілі болғанымен, «Зенит» отандасымызды тек күні кеше ғана жанкүйерлерге ресми түрде таныстырды. Ақтау футбол мектебінің түлегі саналатын Нұралы Әліп 2015 жылы «Қайрат» академиясына қабылданып, 2018 жылдан бері клубтың негізгі құрамында ойнап келді.

Осы уақыт аралығында ол «Қайрат» жейдесімен 99 кездесуде алаңға шығып, 5 гол және 4 нәтижелі пасты өз еншісіне жазды. Алматылық клубпен бірге ол 2020 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарып, екі мәрте (2018, 2021) Қазақстан кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ 2018 және 2019 жылдары ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Ал Қазақстан құрамасы сапында 12 кездесу өткізді.

Ресейлік команда отандасымызды сатып алу құқығы бойынша бір жылға жалға алды. Әліп «Зенит» сапында 28 нөмір­мен өнер көрсетеді. Айта кетейік, қазақ­стан­дық қорғаушы «Зениттің» қысқы мау­сым­дағы екі бірдей оқу-жаттығу жиынына шақырту алып, жолдастық кездесулерде да­ниялық «Митьюлланд» және «Брондбю» клубтарының қақпасына гол соқты.