Ақтау қаласында бірнеше ұлттың өкілдері бар. Олардың арасында қазақ тілін өз ана тіліндей меңгеріп, ұлтаралық достықты тұрақтандыра түсуге атсалысып жүрген белсенділер аз емес. Солардың бірі – «Самур» лезгин этномәдени бірлестігінің мүшесі, Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары басқармасының басшысы, өртке қарсы қызмет капитаны Назарали СЕЛИМОВ.
– Назарали, қазақ тілінде жатық сөйлейді екенсіз?..
– Мен 1985 жылы Дағыстанда тудым, сол жылы отбасымыз Ақтауға көшіп келіпті. Аяғымды қаз басып, аулаға шыққаннан көргенім, есімді біліп ойнауға жарағаннан құлын-тайдай тебісіп, шұрқырасып бірге өскен достарым деп айтсам, қателеспеймін – бәрі қазақ балалары болды. Өзге де бірнеше ұлттың балалары маңымыздан табылды. Бізде ұлтқа бөліну ол кезде жоқ еді, қазір де жоқ. Бұған қуануға болады. Мен қазақ тілінен мектепішілік, Ақтау қалалық және Маңғыстау облыстық олимпиадаларында алдыма қара салмай, 1-орынды жеңіп алатынмын. Республикалық жарысқа екі рет қатыстым, 100 ұпайдың 96-сын жинап, тек номинациялар бойынша жүлдегер атандым. Менен де жүйріктер бар екен.
Қазақстанда тұрған соң, қазақ тілін білуді міндет санаймын. Халықаралық қатынас тілін де білген дұрыс. Мен өзімнің ана тілімді, қазақ және орыс тілдерін жақсы білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үштұғырлы тіл» бастамасы дұрыс, елдің, жеке адамның дүниетанымы кең болуы үшін тіл білу қажет-ақ. Әсіресе, тәуелсіз Қазақстанның жастары үшін бұл өте-мөте қажет.
– Өз ортаңыз – достық ұясы екен, ал қоғамда, күнделікті өмірде сіз ұлтаралық достықтың тұрақтылығына қалай үлес қосар едіңіз?
– Менің әкем Гаджимогаммед Селимов – «Самур» лезгин этномәдени бірлестігінің төрағасы, Маңғыстауда шамамен 4 мыңға тарта лезгин бармыз. Қазақстан Республикасының мемлекеттік және өзге де мерекелері қарсаңында мүмкіндігінше орталықтан табылуға тырысамын. Өзге этномәдени бірлестіктермен бірге түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, ұлттық жәдігерлерден көрме дайындаймыз.
Мен 2003-2007 жылдар аралығында еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты оқу орнында білім алдым. Сол кезде Ақмола облысы жастарынан құрылған КТК командасы сапында өнер көрсеттім. Футбол – менің сүйікті спортым. Қазір сәл басқашалау. Оқу бітірген соң туған қалам Ақтауға келіп, өрт сөндіру қызметіне жұмысқа тұрдым. Жұмыс тәртібі бойынша босаңсуға, бұрынғыдай ойын ойнап, қалағаныңша көңіл көтеріп жүруге мүмкіндік жоқ. Тұрғындардың қауіпсіздігі, өрттің алдын алу, бола қалған жағдайда оны шама келгенше шығынсыз ауыздықтау – ең басты міндет, жауапкершілік. Қазақстан Республикасына мінсіз қызмет етуімді, мемлекеттік тілді білуімді, сондай-ақ, әр ұлттан құралған достарыммен сыйластықта болуымды ұлтаралық достыққа қосқан үлесім әрі азаматтық борышым деп есептеймін.
– Отандастарыңызға тілегіңіз.
– Қазақстан – көпұлтты әрі тәуелсіздігін алғанына көп бола қоймаған жас мемлекет. Сондықтан, оның алаңсыз дамуы, жарқын болашағы үшін тыныштық, татулық қажет. Қазақтың кең даласын мекен етуші әртүрлі ұлт ортақ Отанымыздың келешегі үшін осы татулыққа ұйытқы болуы керек деп ойлаймын. Қазақта «Кемедегінің жаны бір» деген жақсы мақал бар, Отан ортақ, шаңырақ бір болған соң, тағдырымыз да бірге өрбиді. Өзге ұлттардың өз салт-дәстүр, мәдениеті мен тілін жоғалтып алмай, әрі бір-бірін сыйлап, бәрі бір шаңырақ астынан табылуы үшін Ассамблея құрып, жақсы іске бастама берген Президентімізге алғысым шексіз. Достық, татулық, тұрақтылықты ту еткен саясаты мені сүйсіндіреді және әрдайым қолдаймын. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы үшін қызмет ете беретін боламын.
– Рахмет.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.