Әдебиет • 20 Ақпан, 2022

Жақсының жағасы

1253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бірде әріптес ағамыз стимул деген сөз­дің түп мағынасы туралы кім не біледі деп сұрап қалды. Ынталандыру деген мағы­наға саятын шығар деп едік, сөйтсек ол сөз­дің әуелгі мағынасы ынталандырудан гөрі ызаландыруға көбірек келеді екен. Латын тілінен тікелей аударғанда stimulus деген сөз – мал айдайтын үшкір таяқ, піл­ді піскілеп жүргізетін, испандықтар қызы­ғып тамашалайтын коррида ойынында бұқаны одан сайын ызаландырып, шабынан түртпектейтін таяқтың атауы болып шықпасы бар ма? Естімеген елде көп деп бір күлісіп алдық.

Біраз күлісіп алғанымызбен, әлгі шаптан түрту деген шықпыртқы сөз бізді шын ойлан­дырып тастады. Шаптан түртудің ша­тағы осы күні әлеуметтік желінің бетін бермей тұрған жоқ па? Осы күні бас-көз жоқ, қыз­дыр­малатып сөйлеп, қытыққа тиюден қыр­ғын ләззат алатын топ пайда болған. Ең қорқы­ныштысы, солардың қолындағы әлгі үшкір таяқ жоғары көтерілген сайын жуандап, сілтенген сайын сойылға айналып келе жатқандай...

Қазір тұлғаға топырақ шашқан адамды тұғырға көтеріп, жақсының жағасынан алған­ды жата кеп қолпаштау сәнге айналған... Таз ашуын тырнадан алады демекші, айтар арыз­­дарының мекенжайын шатастырып алған олардың зиялы қауым өкілдеріне жөн-жосықсыз майдан ашуын қалай десек те жақ­сылықтың нышаны дей алмас едік. Әрине, қолына қалам ұстағанның барлығын клас­сик деуден аулақпыз, ұлт зиялылары деген­нің ішінде де ұлты үшін емес, ұрты үшін күнел­тіп жүр­ген­дер жетерлік. Бірақ солармен бірге қосақ ара­сында тәуір тұлғалар да кетіп қалып жатыр. Өз әкеңді жұрттың алдына алып шы­ғып бетін тілгеннен «жақсы әкесін бере ме басқа бала?».

Бір жағынан, біз кейде тапа-тал түсте талантты талап жатқан ол топқа көп сөзді көпіртіп шығын етуіміз де қате сияқты. Хакім Абайдың өзі бетін бері қарата алмай, мар­құм Әбіш аға Кекілбаевтың өзі кемел болмысымен келісті жөнге сала алмай, қайсы бірін айтайық, барлығы өздеріне айтылған, айып қылып таққан небір ауыр сөздерді үндемей ғана көтеріп кеткен жоқ па? Оны бір естелігінде Әбіш аға былай деп өзі де ашына айтып, жеріне жеткізе жазып кетеді. «Естияр зиялы қауымының соңына қиқу түспеген кезең болған емес. Көрінгенге күл шашар күйкілікке қайта ұрынуға болмайды. Өтпелі кезең мәселелерінде әртүрлі көзқараста болып, әртүрлі бағыт ұстанғандарымыз үшін арамызға қайтадан ала жіп керудің қажеті жоқ... Жағадан алып, жармаса кететін әупірім жаңашылдық пен тобықтан қағып, тірсектен шалып бағатын тәсілқой ескішілдік тайталасы – тек аталған ұрпақтардың емес, күллі ұлттың арылмас сорына айналуы ғажап емес. Ал әуелден елдік дегеннің мәні өзіңді неге қимасаң, өзің тектес өзгені де соған қимау. Дәл мынадай заманда өзіңді ойламау – обал. Өзіңді ғана ойлау – күнә... Елдік болу үшін жүйесін тапқан жүйелі сөзге тоқтай білер жоралы жұрт керек. Жұрт тоқтата алатын өнегелі сөз керек. Көш бағытын түзейтін көсем пікір керек...», дейді кемеңгер Кекілбаев. Біз ше, біз сол әлі күнге дейін бір кебісті бір кебіске сұғудан әрі аспай келеміз?..

Бұндай құқайды Әбіш ағасының ізінен ізетпен ере шыққан марқұм Рақымжан Отар­баев та аз көрген жоқ дер едік... Рақаңның да естелік жазбаларын қарап отырып жазушының көңіл күнделігіндегі кей мысалдар құдды бір бүгін жазылғандай қайран қаласың?.. «Біреу итін өтірік айтақтап, әбден ығыр етсе керек. Қойына қасқыр шауып, айтақтаса аттап бас­пайды дейді. Сонда әлгі: – Олла-билла айтақ, – деп айқайлайтын көрінеді. Айтақ көбейген заман ғой. Қайсысына шаба берерсің», дейді ойы ордалы Отарбаев. Жарықтық тағы бір жазбасында: «Алдыңнан күліп шығатын адамы, үріп шығатын иті жоқ ауылды көрдім» депті. Рас-ау...

Осы күні алдыңнан иті ғана емес, адамы да арсылдап қоса үріп шығатын, қос үйді қатар қондырмайтын ауылдар пайда болды. Ол ауыл – Қасым Аманжолов айтқандай, «заманның жеңіл ауыз джентельмендері» жиналған әлеу­меттік желінің әулекі ауылы. Ақын Серік Ақсұң­қарұлы оларды Хосе Ортега-и-Гас­сеттің «Восстание масс» («Тобырдың төң­ке­рісі») деген еңбегін мысалға келтіріп: «ұлты­ның сорпа бетіне шығарын жек көріп, ел-жұр­тын өрге шығарған ірі тұлғаларын елемей, көпе-көрінеу кемсітіп, қатарынан озып туған ұл-қыздарын жұрт болып өнеге тұтпаған халық – аристофобия деген айықпас ауруға шалдыққандар» деп кесіп айтады. Біз де қазір шын мәнінде дәл осы ауру дендеген қоғамда өмір сүріп жатырмыз.

Сөзіміздің нүктесін Ғабит Мүсіреповтің нақылымен түйіндесек, қай халықтың болса да мәдениетін, көркем сөз, көркем өнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге – жүз талант көптік, он талант аздық етпейді емес пе?