Аймақтар • 21 Ақпан, 2022

Қарағанды облысында карантин шаралары жеңілдеді

338 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында коронавирустық инфекциямен сырқаттану деңгейінің төмендеуіне байланысты шектеу шаралары жеңілдетіледі. Атап айтқанда, қазір балалардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне балабақшалар мен мектептерге кіруге рұқсат етілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облысында карантин шаралары жеңілдеді

Тиісті қаулыға облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Юрий Залыгин қол қойды. Құжат 22 ақпанда күшіне енеді.

Ертеңнен бастап:

- Ashyq қосымшасында «жасыл» және «көк» мәртебесі бар тұлғалар сауда ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлері мен желілерге, бассейндерге, ойын, түнгі клубтарға, караоке және басқа да бизнес объектілеріне әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтай отырып, шектеусіз бара алады;

- көрмелер, марафондар, спорттық, салтанатты, естелік, отбасылық іс-шаралар, конференциялар, форумдар, ойын-сауық, ұжымдық дұға ету және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға, өткізуге және баруға рұқсат етіледі;

- кинотеатрларда кинозалға тамақ пен сусын ішуге рұқсат етілген;

- балалардың ойын-сауық орталықтары, лотерея клубтары мен букмекерлік кеңселердің толымдылығы бойынша шектеулер алынып тасталды.

- ұйымдар мен кеңселердің офлайн режимде жұмыс істеуі үшін шектеулер алынып тасталды (қызметкерлерді COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жағдайында қашықтан және бетпе-бет форматтағы қызметкерлердің пайыздық қатынасы бойынша талаптарды ескерместен жұмыс істеуге болады.

Бұл ретте соңғы 3 ай ішінде COVID -19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған және COVID -19-бен ауырып жазылған барлық қызметкерлердің офлайн жұмыс істеуіне жол беріледі);

- егер екінші компонентті алғаннан кейін 6 айдан аспаса, ревакцинация немесе COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған, елге келетін ҚР азаматтары үшін міндетті ПТР-тестілеу тоқтатылды;

- ПТР-тестсіз вакцинациялау паспорттарын өзара мойындайтын шет мемлекеттердің азаматтарына кіруге рұқсат етіледі;

- ауру белгілері болмаған жағдайда байланыста болған адамдарды үй карантиніне оқшаулау жойылды;

- балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне білім беру ұйымдарының ғимаратына кіруге рұқсат етіледі.

Білім беру мекемелерінде COVID -19 топтық ауруын тіркеген кезде сыныптарға, топтарға және ағындарға үй карантині 10 күнге созылады. Бұл ретте карантинді енгізу бір сыныптағы (топтағы), бір ауысымдағы немесе бір ағындағы балалардың 30%-дан астамы дерт жұқтыруына байланысты болуы тиіс.

Балалар үй карантині аяқталғаннан кейін сабақтарға ПТР-тест тапсырусыз және анықтама ұсынусыз жіберіледі. Теміржол, теңіз, өзен көлігінде және автоөткізгіштерде Республиканың мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері арқылы Қазақстанға келген барлық адамдар (Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларын; локомотив бригадаларының мүшелерін; теміржол, теңіз және өзен көлігінде тасымалдау қызметімен байланысты адамдарды қоспағанда) термометриядан, сауалнамадан өтеді және ПТР әдісімен (қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде) COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтаманы ұсынуға міндетті.

Анықтама ПТР әдісімен зерттеу үшін материалды Қазақстан мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте 72 сағаттан ерте емес уақытта өткен жағдайда жарамды; Еріп жүрушілерде анықтама болған кезде 5 жасқа дейінгі балаларға арналған анықтаманы ұсыну талап етілмейді; егер екінші компонентті алғаннан кейін Қазақстанның шекарасын кесіп өту сәтінде 6 айдан аспаған болса, Қазақстан Республикасында ревакцинацияны немесе COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған адамдарға құжаттық растауды ұсынған кезде;

Қазақстан аумағында жарамды деп танылған, COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы паспортты/сертификатты/анықтаманы ұсынған адамдарға. «Pfizer» вакцинасын келесі санаттағы азаматтарға қолдануға рұқсат етілген:

- мүмкіндігі шектеулі адамдар (барлық топтағы мүгедектер) мен 50 жастан асқан адамдардың ревакцинациялары;

- вакцинация:

- мүмкіндігі шектеулі адамдар (барлық топтағы мүгедектер);

- Қазақстаннан тыс жерде бірінші компонентті алған вакцинациялау курсын аяқтау үшін (екінші доза).