Таным • 21 Ақпан, 2022

Тагиевтің жүз жылдық тапсырысы

628 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мына бір асқақ болмыс, паң бітім, сырт келбеті сұсты болғанмен ішкі рухынан мейірім нұры төгіліп тұрған текті тұлғаның суретіне көзі түсіп кеткен кез келген адам оның өмірде жай адам болмағандығын бірден мөлшерлейтіні анық.

Тагиевтің жүз жылдық тапсырысы

Кейде адамның дауысына, түр-тұлғасына, тіпті суретіне қарап-ақ оның парасат-пайымына, зейін-зердесіне, ішкі мәдениеті мен білім көкжиегіне бірден баға беруге болады.

Соңына өлмес өнеге, өшпес мұра қалдырып кеткен кесек тұлғалар аз болмаған. Оның ішін­де түгел түркі әлеміне есімі әйгілі жандар да жетерлік. Бұл тізімнің бас жағында, әлбетте  Әзербайжанның атақты қайраткер ұлы, алғаш мұнай өндірушілердің бірі, келешек ұрпаққа кемел болмысымен керемет үлгі бола білген Зейналабдин Тагиев тұрар еді.

Әрине, бақ-дәулет кез келген адамға оңайлықпен біте бермей­ді. Оған табанды еңбек, білім-бі­лік, қажыр-қайрат керек. Тагиев­тің табандылығы бұл жолда оны үлкен жетістіктерге жемісті жет­кізеді.

Тагиев тағылымы туралы жал­пы көп айтуға болады. Оның есеп­сіз еңбектерін түгел тізбелеп шыға алмаспыз, дегенмен бірер ұлағатын, ұрпақ игілігі үшін ұпай­сыз жасаған жақсылықтарын жаза кеткеніміз жөн.

Осыдан бір жарым ғасыр бұ­рын бақылық бай-манап Зейна­лабдин өзі туған топыраққа апаратын тас жолды тамашалап жөн­деуден, оны кеңейтіп салудан бас­тапты. Иә, қазақта да «туған жерге туыңды тік!» деген тамаша тағы­лымды сөз бар. Бірақ сол тәм­сілді осы күні өз бейілімен орын­дап жатқан қалталыларды көп кездестіре бермейсіз...

Заманында біздің қазақ сахарасынан да  шыққан атақты атымтай жомарт азаматтар жетерлік еді. Бірақ олардың бар дүние-мүлкін сол кездегі солақай саясат талан-таражға салып, өздерін атып-асып, ту-талақайларын шығарды. Біздің Маман – Тұрысбек, Ақай­дың Қасендері сынды Тагиев те қайырымдылық істерге қыруар қар­жы жұмсаған адам. Өнерлі жастарды Мәскеу, Қазан, Санкт-Петербург университеттеріне, Еуропа университеттеріне оқуға жібереді. Мектептер салдырып, зиялы қауымға материалдық кө­мек көрсетуді өзіне бұлжымас па­рыз санап өтіпті.

в

1883 жылы өз қаражатына драма театрының ғимаратын сал­­дыр­тады. Алайда ол театр әлдекімдердің қастандығымен  отқа оранып, түгелімен өртеніп кетіпті. Бірақ табанды Тагиев оны қайтадан салдыртуға қайыра қа­ражат бөлгізеді. Өзінің айтуынша байлық – ол ұлт рухания­тына қызмет еткенде ғана қа­йырлы болмақ екен. Қажы Зей­на­лабдин 1901 жылы Бакуде қыз­дарға арналған гимназия, ке­дей балаларға арналған мектеп-интер­нат та ашады. Айта берсек әзербайжандық қалталы да қайы­рым­ды жомарттың мұндай игі істері көп-ақ.

Әуелгі сөзімізде Тагиевті тү­­гел түркіге ортақ тұлға деп өт­тік қой. Оның қазақ даласы­на да шашқан шарапаты аз емес. Бұл турасында филология ғы­лымдарының докторы Са­ғым­бай Жұмағұл­дың «Тагиев тағы­лымы» атты кө­лем­ді мақаласы бар. Ғалым аталған мақалада оның ғұмырбаяны­на, көзі тірі­сінде жасаған көп істеріне кеңі­нен тоқтала ке­ліп, атақты Та­гиев­тің имани қасиет­терге толы қайырымдылық шапа­ғаты­нан Алаш баласы да шет қал­ма­ған­дығын, сол кезде жарық кө­ріп, қаржылық қиындықтарға тап бол­ған  «Қазақстан» газе­тіне көмектесуін сұрап Та­ғиевке Шәң­герей Бөкейұлы Ғұ­мар Қараш пен Елеусін Бұйра­ұлын жібергендігін, хат жолда­ғандығын да жазады.

«Атымтай жомарттығымен ұл­тының құрметіне бөленген дег­дардың Еуразия кеңістігін қам­тыған қайырымдылық кө­мегі ерекше тағылымға толы. Петер­бургтегі мешіт құрылысына 1 100, Қап тауы мен Дағыстан мешіт­терін жөндеуге 5000, Баку зиратын абаттандыруға 5000, Астра­хан мешітін қайта қалпына кел­тіруге 5000, Тегерандағы медресе құрылысына 55 000, «Саадат» мектебіне көмек ретінде 5000, жетім-жесір, ауру-сырқау жандарды қолдау мақсатында 8 500, коммерциялық училище мен мұ­сылман балаларының оқуына 50 000 сом (рубль) көлемінде де­меушілік жасады.

Меценаттың қазақ топырағында 1911 жылдың 10 наурызынан 1913 жылдың 15 қарашасы­на дейін жарық көрген алғаш­қы ұлттық басылымдары­ның бірі «Қазақстан» газетіне сү­йеу болудағы кесек мінезі сүйсін­діреді. Басылымды шығарудағы қаржы мәселесі тығырыққа тірелген кезде Зейнел-Ғабиден Тағиевке Шәңгерей Бөкейұлы Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұй­раұлын жіберіп, көмек қолын ұсынуды өтініп хат жолдайды.

«Шәңгерейдің Тағиевке өз қолынан хат жазып беріп жібер­генін Ғұмар да сұлтанның алдында айтқан мәрсия жырында: Екі ауыз жазған сөзімен, Жер шетіне кеткен жан, Іздегені тап болмай, Мұңайып елге бос келмес, Бос келмеудің себебі: Түрлі жөнді білесің, Жөнін тауып лайықты, Сөздер жазып бересің. Жөнін тап­қан жұмысты, Қайт етуге хош алмай, Нендей адам сескенбес, деп аңғартқан ғой», деп жазады.

«Қазақстан» газетін шығару­да Шәңгерей Бөкейұлы, Ғұмар Қа­раш, Елеусін Бұйраұлы (Бұй­рин), Бақытжан Қаратаев, Ғұ­бай­долла Бердиевтер қайтпас қай­сарлық танытты. «Ала ту Абы­лайдың ала аттансаң, Аламан артыңдағы біреуі мен» деп білген ғажайып өнер иесі Шәңгерей газетке қаржылай көмек берді, демеушілік жасады. Бүгінгі ұғым­ға жанастыра айтсақ, ел игілігі үшін қазақ топырағында Есен­құл қажы Маман, Ахмет ишан Оразай қатарында ұлттық  ме­це­нанттықтың негізін қалады», дейді С.Жұмағұл.

Иә, шынымен ар жағы текті, қазақша айтқанда жілігінің майы толық манап Зейналабдин қай жағынан болсын келешек ұр­пақ­қа, тіпті тұтас адамзатқа үлгі етерлік үлкен тұлға. Осы мақа­ла­мызды пайдалана отырып, көп­шілікке белгілі болса да оның жүз жыл бұрынғы тапсырыс немесе жүз жыл бұрынғы келісім атты аңызға бергісіз атақты іс-әрекетін қайыра айта кеткіміз келіп отыр.

Бірде ол Германияның әлде­бір қаласында қонақта жүріп,  қымбаттау бір мейрамханаға кіре салады. Жалпы еуропалықтардың өңі өздерінен өзгешелеу азиаттар­ға сәл менсінбей қарайтында­ры бар емес пе? Тагиевке де дәл со­лай  ешкім мән бермей, тіпті қа­рапайым даяшының өзі оны кісі деп қабылдай қоймайды. Даяшыны өзі де шақырып кө­ре­ді, бірақ онысынан да еш нәти­же шықпайды. Қайтеді, отыра бере ме, өзінің бекзат болмы­­сын ешкімге иіп көрмеген Зейне­лабдин мейрамханадан шығып кете барады.

Әлдебір уақытта әлгі нысан­ның иесі өзінің мейрамханасына атақты Тагиевтің келгенін, кіре тұрып тамақтана алмай кеткенін ести сала артынан адамдарын жүгіртіп, жаны қалмай кешірім сұрайды. Арнайы дастарқан жайдырып, бір ашуын беруін сұрайды. Сонда Зейналабдин  әлгі мейрамхана иесінен: «Осынау бір үстелді бір сағатқа жалдап алсам, қанша төлеуім керек?» деп сұрайды. Қо­жайын үстелдің бағасын айтады. Зейналабдин ары қарай  үстелді бір күнге, бір аптаға, тіп­ті  бір айға жалдағандағы баға­сын сұрайды. Сізге өтірік, бізге шын, одан бір жылдың, он жыл­дың, ақыр аяғында жүз жылға жа­лға алудың бағасын сұрайды. Айтылған бағаны толық естіп болған соң:

– Мен осы үстелдің жүз жыл­дық ақшасын төлеймін, бұл мей­рамхананың есігінен енген кез келген мұсылманды осы үстелден тегін тамақтандырасыз, – дейді.

Мейрамхана иесі келіседі. Бы­­лайша айтқанда Тагиевтің жүз жыл­дық тапсырысы қабыл­да­нады.

Оқиға 1911 жылы болған екен. Содан не керек, бір ғасыр өтеді. 2011 жылы Германия елшілігі Әзер­байжанға хат жолдап, жүз жылдық келісімнің аяқталғанын хабарлапты. Осыдан кейін неміс халқын ұқыпты демей көріңіз?! Және де сөз аяғында: «Тағы да осындай келісім жасайтын бай­ларыңыз болса, тапсырыс қабыл­дауға дайынбыз» деп әзілдепті. Әлгі мейрамхана иесі де, оның бергі ұрпақтары да әуелгі уәдеде тұрып, жүз жыл бойы аталған мейрамханаға кірген кез келген мұсылманды ұлтына қарамай, Зейналабдин Тагиевтің есебінен тамақтандырып келген екен.

Ойлап қараңыз, Тагиевтің телегей-теңіз байлығының бұл бір парасы ғана. Қазіргі тілмен айтқанда, қалтасы қалың қажы бір отырғанда жүз жылдың  есебін бір өзі жауып кете беретін болған.

Тоқыма өнеркәсібін, балық шаруашылығын, мұнай өндірісін, айта берсек жетеді,  осыншама көп істі қарапайым тас қалаушы болып бастаған Тагиев бір өзі алып жүрген. Былайша айтқанда Тагиев айналысқан ауқымды жобалар. Қарапайым етікшінің отбасында дүниеге келдім деп ерініп қалған жоқ, жастайынан тас қалаушы болып жұмыс істеген Зейналабдин отыз жасында алғашқы қаржысын жиып, кейін жоғарыда аталған кәсіп түрлерімен шұғылданып, мол байлыққа қол жеткізді.

Қаржылы қажының қазаққа қатысты тұсына қайыра тағы тоқталсақ, Ғұмар Қараш жария­лаған мақалада: «Былтыр 1911 жылы зауза жұлдызының бас кезінде «Қазақстан» газетін атқа мінгізіп, адам ету қайғысында адамдар арасында етілген бір қаулы бойынша Алла деп атта­нып, Бақы қаласындағы Зейнел-Ғабиден Тағиевті іздеп, елден екеу шықтық. «Еріккен екі тен­тек елден шығып кетті» деу­шілер көп болса да, шын тән көңіл­дерінен «қайырлы сапар тілеп, жеңіл барып, ауыр қайтқай» деп дұға етуші деп дұға тілеуші ха­йыр қуаттыларымыз болуын да білетін едік. Ақ ниетіміз құр­метіне Алла тілегімізді оңғарып, бар­ған қажымыз қош алды, «Қа­зақстанға» 1000 сом жәрдем берді, аталық сифатынан ағып шыққан сөздерін айтты…», деп Тагиевтің аты-жөні айқын жазылады.

Зейналабдин Тагиев 1924 жылы 101 жасында өкпесіне тиген суықтан ауыр науқастанып,  қайтыс болған екен. Мінекей, біз осы күнде бай­лығын барлық адам­затқа ортақ ет­кен тұлғалар тізімінде түгел түр­кіге ортақ тарлан Тагиевті, қа­жы қандасымызды ерекше айта жүр­геніміз жөн.