Саясат • 22 Ақпан, 2022

Макронды күту

301 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ПАРИЖ. Франциядағы президенттік сайлауға екі ай қалғанымен, саяси науқан әлі басталмаған секілді. Оңшылдар да, солшылдар да өз үміткерлерінің ұтып шығатын аймақтарын белгілеп, сонымен айналысып жатыр. Олардың әрқайсысы қазіргі президент Эммануэль Макронға қарсы тұрғаннан гөрі ішкі мәселелерін шешуге көбірек көңіл бөлетіндей.

Макронды күту

Солшылдар тарапынан додаға түсетін жеті кандидат сайлаушылардың 25 пайызының қолдауына таласады. Оңшылдар тарапынан да дәл осындай бәсеке бар. Осылайша, үш үміткер центристермен бірлесіп электораттың 45 пайызын бәске салады. Әлеуметтік са­уалдамалар қазіргі таңда Макрон бірінші турда 25 пайыз дауыспен жеңіске жете­тінін көрсетіп отыр. Содан кейін екінші турда президенттікке қайта сайланбақ. Сондай-ақ екінші турға «Ұлттық алаң» партиясының басшысы Марин Ле Пен немесе дәстүрлі оңшыл орталық Les Républicains партиясының өкілі Валери Пекрес екеуінің біреуі өтеді.

Макрон басты қарсыластарының өзара саяси тартысына қанағаттанатын сияқ­ты. Ол өзінің кандидатурасы туралы ресми мәлімдемені ақырғы сәтке де­йін қалдырып, бірінші раундтағы пікір­сайыс­тарға қатыспайтынын ашық айтты.

Макронның Франциядағы саяси өмірді керемет ұстануы таңғаларлық. Көпте­ген демократиялық елде саясат бар­ған сайын полярлана түскен. Сол­шыл­дар мен оңшылдар бір-бірін жақтыр­майды. Осындайда Макрон қалай қалып­ты центристік ұстанымды сақтап қала алды? Мұның себептерінің бір бөлігі 2017 жылғы сайлаудағы ерекше жағдайға байланысты.

Сол кездегі саяси бәсекеде солшыл­дардың негізгі кандидаты, президент Франсуа Олланд беделінен айырылға­ны соншалық, оның рейтингі мерзімі аяқ­талу­ға бір жыл қалғанда 4 пайызға дейін түсіп кетті. Соған байланысты ол сай­лауға түсуден бас тартты. Дәл осы кезеңде де оңшылдардың негізгі кандидаты Франсуа Фийон қаржы­лық жанжалға ұрынып, ақша жымқыр­ды деген айыппен бес жылға бас бостан­дығынан айырылды.

Осындай ерекше оқиғалардан бөлек, солшылдар мен оңшылдардың ради­калдануының күшеюі де Макронның оң жамбасына келді. Осылайша, ол екі тараптың да экстремистік көзқарас ұс­танып кетуіне алаңдаған центристік ұста­ным­дағы халықтың қызу қолдауына ие бол­ды. Сөйтіп электораттың үл­кен бло­­гын біріктіруге мүмкіндік алды. Мак­­­рон­­ның командасы сайлау нау­қаны ке­зін­де «медиан-сайлаушы» страт­е­гия­сы­­на сүйене отырып, орташа солшыл сай­­­лау­­­шы­лардың (олардың көпшілігі оған адал болып қала бермек), сондай-ақ ор­та­­ша оңшылдардың даусын жеңіп алды.

Ipsos компаниясы таяуда 10 мыңға жуық электоратқа сауалдама жүргізіп, Франциядағы сайлау үдерісіне жаңаша тал­дау жасаған-ды. Соған сүйенсек, бұ­рын Олландты қолдаған солшыл сай­лау­­шылардың пікірі өзгергенін көр­сетеді. 2012 жылы бұл топ сайлаушы­лар­дың 28,5 пайызын құрады. 2017 жылы бұрын Олландты қолдаған сайлаушы­лардың 46 пайызы Макронға дауыс берген. Енді осы электораттар сегмен­ті үш бөл­ік­ке бө­лінген. 36 пайызы Мак­рон­ды қол­дай­ды. 34 пайызы солшыл канди­дат­­қа қай­та­дан дауыс беруге дайын. Ал 29 па­йы­зы дауыс беруге қатыспауға шешім қабылдаған.

Солшыл сайлаушылардың үлесі осылайша шамамен 18 пайызға дейін төмендеді. Нәтижесінде, центристік көзқарасқа жақын солшылдар ғана емес, жұмысшы сайлаушылардың басым бөлігі тым оңшылдарды қолдауды немесе қалыс қалуды дұрыс көрген. Сол­шылдар өз идеологиясын қайта жандандыруды қажет етеді. Сондықтан алда­ғы сай­лаудағы кандидаттар негізінен Макрон саясат сахнасынан кеткеннен кейін­гі жағдайға дайындалуы тиіс.

Бірақ Макрон оңшылдарға да айтар­лық­тай әсер етті. Жоғарыда аталған сауал­дамаға сүйенсек, Пекресті қолдай­тын­дар саны 2017 жылы осы уақыт­та Фийон­­ды қолдағандарға қарағанда төмен. Ен­деше, оңшыл сайлаушылардың пікірі өз­геріп, басқа үміткерді таңдауды дұрыс көрген.

Фийон сайлаушыларының шамамен 29 пайызы Макронға дауыс беруге дайындалып жатыр. Ал 16 пайызы Ле Пеннің әсіре оңшыл жаңа қарсыласы Эрик Земмурды қолдайды. Осылайша, Пекресті таңдайтындар саны Фийон сайлаушыларының тек 48 пайызын ғана құрайды. Пекрестің көздегені центристік оңшылдардың да, әсіре оңшылдардың да қолдауын иелену. Бірақ Пекрес кейінгі кездері әсіре оңшыл ойшыл Рено Камю негізін қалаған нәсілшілдік «үлкен алмастыру» теориясына ерекше екпін береді. Сондықтан оның тек әсіре оңшылдардың қолдауына ие болатыны анық. Солшылдар сияқты, дәстүрлі оңшылдар да экстремистік көзқарастағы пікірлестерімен күресуге мәжбүр.

Солшылдар үшін де, оңшылдар үшін де басты түйткіл – алдағы сайлау электорат­тардың идеологиялық тазалық сынағы емес, ең алдымен күнделікті мәселе тол­ғандыратын уақытта өтуі. Ipsos сауал­дамасының нәтижесіне сүйенсек, сай­лау­шыларды негізінен сатып алу қабіле­тінің төмендеуі (44 пайыз) және коро­нав­ирус пандемиясы (35 пайыз) алаңдатады.

Негізінен вакциналау мен жанар-жағар­май бағасына қатысты бұл мәселе­лер идео­логиялық беделге ықпал етпейді. Оңшылдар Макронды фискалдық про­б­­ли­гация үшін айыптай алмайды. Өйткені халық мемлекеттің тапшылық және қа­рызға тап болғанда қаржылық қолдау көр­сеткенін қалайды. Бірақ солшылдар да таразы басын өздеріне аударуы қиын. Фран­ция тұрғындары энергетика ба­ғасы­ның өсуіне қарсы қатты наразылық біл­діреді. Сондықтан қазба отындарға салы­­натын салық мөлшерін ұлғайтуды қиын­да­тады (тіпті тұтынудың жаңа моде­лін ны­ғайтуға көмектесетін шаралар болса да).

Шарль де Голль мен Валери Жискар д'Эстэн екеуі де өз дәуірінде куә болған­дай, француз саясаты ешқашан ұзақ уақыт бойы тынышталып қалмайды. Көпші­ліктің пікірінше, 1965 жылы де Голль өзінің қайта сайланатынына сенім­ді болды. Дегенмен осындай ар­тық­шы­лыққа қарамастан, Франсуа Мит­те­ран­мен бірге екінші турда бәсекеге түсті. Кейінгісін коммунистік партия мен солшылдар қолдаған еді. Сол секіл­ді оңшыл орталық президент Жискар д'Эстэн 1981 жылы қайта сайлауда же­ңіс­ке жететініне сенімді еді. Бірақ екін­ші жаһандық мұнай дағдарысы әсері­нен ол Миттеранға есе жіберді.

Биылғы науқан да бізді таңғалдыруы мүмкін. Өйткені басты кейіпкер әлі саяси сахнаға шыға қойған жоқ.

Дэниел КОЭН,

Париж экономика мектебінің директорлар кеңесінің президенті, The Inglorious Years: The Collapse of the Industrial Order and the Rise of Digital Society (Принстон университетінің баспасы, 2021) кітабының авторы

Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org