Қысқы спорт • 23 Ақпан, 2022

Кенжелеп қалған қысқы спорт

580 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бейжің Олимпиадасынан бос қайттық. Босқа бардық деу артық шығар. Жақсылықтан үміт үзбейтін халықпыз ғой. Бұған дейінгі дүбірлі додаларда күтпеген медальдар қоржынға түсіп жатушы еді. Соңына дейін күттік. Жүлде күтіп жүдеп біттік.

Кенжелеп қалған қысқы спорт

Нысанаға жету үшін нысан керек

«Мемлекеттің қаржысы желге ұшты», «Спортқа жауапты басшылар жұмысынан қуылсын» деген мәндегі әңгіме тыйылмай тұр. Ол түсінікті де. Ақшақар жасап көрмеген жұрттың балалары медаль алып, мерейі асып-тасып жатқанда ызаланбай қайтсін отандық жанкүйерлер. Жаңа Зеландия, Аустралия сияқты мемлекеттермен салыстырғанда қарға көміліп жатқан елдің ұландары емес пе едік?!

Павлодар облысы – қысты ерте қарсы алып, көктемді кеш шығарып салатын өңірлердің бірі. Климаттық жағдайды ескерсек, хоккей, коньки тебу және шаңғы спортынан республикада алдыңғы қатардан табылуымыз міндетті де. Әзірге ондай бақыт бұйырмай тұр. «Қолда барда алтынның қадірі жоқтың» сиқы. Алтын демекші, павлодарлық спортшылар Қысқы Олимпиададан әлі алтын алып көрмепті. Жалғыз жүлде жанға медеу. 1998 жылы Нагано қаласында өткен Қысқы Олимпия ойындарының қола жүлдегері, жерлесіміз Людмила Прокашеваның жеңісті жолы тоқтап қалғаны өкінішті-ақ.

Конькиші ару бүгінде бапкерлік қыз­­­метте. Павлодар өңірінде қысқы спорт­­­тың ақсап тұрғанын жасырмайды. Әйт­песе, баяғыда-ақ Ақ Олимпиаданың жүл­дегерлерін топ-тобымен түлеп ұшы­руға болар еді, дейді ол.

– Елімізде коньки спортымен айна­лысуға ыңғайлы екі жабық стадион бар. Бірі – Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан, енді бірі – «Медеу». Мұзайдындар Қостанай, Рудный және Семей қалаларында ғана бар. Павлодар былай тұрсын, соңғы кезде коньки спорты қарқынды дамып келе жатқан Өскемен, Ақтөбе және Петро­павл өңірлерінде атымен жоқ. Спорт­тық инфрақұрылым мәселесін шешпей, жүлдеден дәмелену бос әңгіме. Павлодар облысында коньки спортының дамуына көп көңіл бөлінеді деп айта алмаспын. Спортшыларға арнайы ғимарат қарастырылмаған. Осының салдарынан әркімнің қабағына қарап, тіпті Нұр-Сұлтан қаласына барып жаттығуға мәжбүрміз. Конькишілерге ешқандай жағдай жасалмаса да, үздік нәтижеге қол жеткізіп келеді. «Чемпиондар қашан шығады?» деген сауалды қоймастан бұрын спорттық инфрақұрылым мәселесін қолға алған жөн, – дейді Л.Прокашева.

Бұл пікірмен келіспеуге болмас. Спорт­шыларға жағдай жасамай, нәтиже талап ету дұрыс емес-ау. Кез келген спорт түрі болсын, ең әуелі жаттығу алаңдарымен қамтамасыз етілуге тиіс емес пе? Осы ретте облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Айнұр Қоспақовамен хабарластық.

– Аймағымызда қысқы спорт түрле­рінен коньки, шаңғы тебу, биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл-акробатика, шайбалы хоккейдің бәсі биік. Шорт-трек спортына да қызығушылық арта бастады. Шамамен 8200-ден астам адам қысқы спортпен тұрақты айналысып жүр. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 1 422 адам жаттығып, кәсіби түрде шеберліктерін шыңдауда. Ұлттық құрама сапында 17 павлодарлық бар. Жуықта аяқталған Бейжің Олимпиадасында жерлестеріміз Ирина Быкова (шаңғы спорты), Денис Никиша, Ольга Тихонова (екеуі де шорт-трек) өнер көрсетті. Халықаралық жарыс­тарда ел намысын абыроймен қорғайтын жерлестеріміздің қатары артады деп үміт­тенеміз. Себебі соңғы жылдары спорттық инфрақұрылым, балалар спортын дамыту ісіне көп көңіл бөліне бастады, – дейді А.Қоспақова.

Қысқы спорттық нысандар жыл сайы­н салынып жатыр деп айта алмаспыз. Былтыр «Спорт сити» жобасы шеңберінде облыс орталығында жаңа мұз-сырғанау аренасы пайда болды. Оған дейін жер-жерде шағын футбол алаңдарының салынып келгені ғана есімізде қалыпты. Спорт саласына жауапты мамандардың сөздеріне сенсек, алдағы уақытта Баянауыл ауданында шаңғы роллер тас жолы салынбақ. Жобалық-сметалық құжаты әзір тұр. Тек бюд­жеттен қаражат бөлінуі керек. Сон­дай-ақ Екібастұз қаласын әлеуметтік-эконо­микалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жаңа мұз сарайын салу көзделуде. Жоба­ның болжамды құны – 2 500 млн теңге.

Жалпы, аймағымызда жо­ғары спорттық шеберлік мек­те­­бінің иелігіндегі жабық мұз ке­шені (бұрынғы «Астана» мұз сарайы), 3 шаңғы базасы,

70 хоккей корты (оның 9-ы жабық түрдегі) бар екен. Солтүстік өңір үшін көп емес, әрине. Әйтеуір, жыл сайын тозғанын жамап, ескісін жаңартып әлекпіз.

Жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Қайрат Қайырбаевтың айтуынша, алдыңғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шең­бе­рінде мұз кешенінің шатыры жаңар­тылған.

– Шатырдың ауыстырылмағанына 10 жылдан аса уақыт өткен еді. Соның салдарынан төбеден су ағып, әкімшілік корпус, фитнес-зал, корт сияқты ғимараттың негізгі бөліктері жиі бүлінетін-ді. Жобаға сәйкес ғимараттың жертөлесі де ретке кел­тіріліп, жалпы ұзындығы 230 метрді құрайтын құбырлар жаңартылды. Нысан­ның ішкі бөлігі түрлі түске боялып, ажары келісе түскенін атап өткен жөн, – дейді Қ.Қайырбаев.

Мұз сарайындағы жаңашылдықтардың бірі – заманауи табло. Ендігі жерде жазбалар тек экранда ғана емес, түрлі-түсті әріппен мұз айдынында да жарқ етуде. Мұны теледидардан Құрлықтық хоккей лигасының ойындарын тамашалап жүрген көзі қарақты жанкүйерлер жақсы біледі. Таблоның көлемі де үлкен. Осылайша, көрермендер соғыл­ған шайбаның қайталауын, өзге де ақ­парат­тарды жақыннан көре алады. Мұзай­дынды жарықтандыру ісі де қолға алынған. Жарты бөлігіне жаңа шамдар орнатылып, кездесулерді тікелей эфирде трансляциялауға жол ашылмақ. Сондай-ақ шамдар сығыраймауы үшін электр желісін жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

– Әзірге техникалық мәселелер ретке келтірілуде. Алдағы уақытта ғимараттың қасбетін жаңарту қолға алынады деп жоспарланып отыр. Баспалдақтарды да граниттен орнату ойда бар. Бастысы – жанкүйерлерге ыңғайлы жағдай жасау. Көрермендер залдың суық екенін жиі айтады. Ол үшін ылғалды ауаны кептіргіш жүйені ауыстыру қажет. Оған шамамен 20 миллион теңге қаражат қажет, – дейді Қайрат Қайырбаев.

Басымдық – балалар спортына!

Облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Олег Кольевтің айтуынша, шайбалы хоккеймен айналысу қанша жерден қымбат десек те, жыл сайын көптеген бала хоккей үйірмелеріне қатысуға ниет білдіреді екен.

– Баласын шайбалы хоккей үйірмесіне берген ата-аналарға салмақ түсетіні рас. Себебі қажетті киімдер мен құралдардың бағасын есептегенде 200-250 мың тең­геден асып жығылады. Біз жыл сайын бюджетті нақтылаған уақытта балалар-жасөспірімдер мектебіндегі хоккей топтарына форма сатып алу керек екенін жиі көрсетеміз. Бірақ ұсынысымыз әрдайым қолдау таба бермейді. Сол себепті, көбіне ата-аналар қажетті заттарды өздері сатып алады. Жалпы, Павлодарда хоккей спортын сүйетіндер көп. Облыс орталығынан бөлек, Екібастұз, Ақсу қалаларында, Терең­көл ауданында әуесқой хоккей командалары бар, – дейді ол.

Балалар спортына тоқталуымыз бекер емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық және балалар спортын дамытуға басымдық беру керек екенін шегелеп айтқан болатын. Бұл ретте шайбалы хоккейден ел чемпионатында бақ сынап жүрген Еrtis командасының бюджеті қысқарғанын атап өткен жөн. Қаржының қайда бағыт­талғанын түсініп отырған боларсыз. Қар­жылық қиындықтарға байланысты көптеген ойыншы павлодарлық ұжыммен қош айтысты. Қомақты жалақы алып келген лигонерлер өзге бай командалардың есігін сығалап кетті. Қуантарлығы, кейбір павлодарлық ойыншылар жалақы мөлшері маңызды емес екенін айтып, туған қала­сының намысын қорғауға келісті. Жергілікті жас ойыншыларға сенім артқан павлодарлық ұжымның жағдайы осы.

Қорыта айтсақ, балалар спортын дамытпай, спорттық инфрақұрылымды жандандырмай жетістікке жету қиын. Бейжің Олимпиадасынан кейінгі өкпе басылар. Төрт жылдан кейін Италия жерінде (Милан және Кортина-д’Ампеццо шаһарларында) өтетін Ақ Олимпиадаға дайындықты бүгіннен бас­тау керек. Әлемге танымал опера әншісі павлодарлық Мария Мудряк бағындырған Милан шаһары павлодарлық спортшыларға, отандық оғландарға жұғысты болсын!

 

Павлодар облысы