Бокс • 23 Ақпан, 2022

Ширек финалда – 10 боксшымыз

568 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері Болгария астанасы – Софияда бокстан халықаралық «Странджа кубогы-2022» жарысы өтіп жатыр. Биыл 73-ші мәрте ұйымдастырылған байрақты додада Қазақстан боксшылары екі құраммен өнер көрсетуде. Сондай-ақ Еуропа мен Азия құрлығының ең үздік құрамалары да бақ сынауда.

Ширек финалда – 10 боксшымыз

Жарыстың алғашқы екі күнінің қорытындысы бойынша Қайрат Сәт­жанов басшылығындағы ұлттық құрама өкілдерінің 10 боксшысы турнирдің ширек финалына жолдама алды. Атап айтқанда, ең жеңіл салмақта (48 кг) шаршы алаңға шыққан жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай мен 2020 жылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы Даниял Сабит, 51 килодағы Дамир Әбдіқадыр, Тимур Қабдешов, былтырғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (54 кг), Абзал Серік (63,5 кг), Дулат Бек­бауов (67 кг) Сағындық Тоғамбай

(86 кг), Абзал Құттыбеков (92 кг) және Нұрлан Сапарбай (92 килодан жоғары) іріктеу жарыстарын сәтті өткізді. Енді олар бүгін және ертең ширек финал бәсекелеріне шығады.

Іріктеу кезеңдерінде Абзал Серік сербиялық Павел Федоровтан айласын асырса, Дулат Бекбауов алғаш­қы айқасында жерлесіміз, жастар арасындағы Азия чемпионы Дар­хан Дүй­себайдан басым түссе, екінші айна­лымда франциялық Уго Грауды 5:0 есебімен жарыс жолынан ығыстыр­ды. Дулат енді ширек финалда өзбекс­тандық Жахонгир Рахмоновпен жұдырықтасады.

Сондай-ақ 86 килода өнер көрсететін Сағындық Тоғамбай қыр­ғыз­стандық Эркин Адылбек уулуын – 5:0 (30:27, 30:27, 29:28, 30:27, 30:27), 92 килодағы Аб­зал Кұттыбеков ре­сейлік Владимир Узунянды – 4:1 (30:27, 28:29, 29:28, 29:28, 29:28) және 92 кило­дан жоғары салмақтағы Нұрлан Сапар­бай да италиялық Винченцо Фиас­четтиді 5:0 (30:27, 30:26, 30:27, 30:26, 30:27) есебімен еш қиындықсыз жеңді.

Өкінішке қарай, Талғат Сырым­бетов (54 кг), Дархан Дүйсебай (67 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Жәні­бек Қартбаев (80 кг) және Ама­нат Сабырғали (92 килодан жоға­ры) алғашқы айналымда-ақ қарсы­ласта­рынан жеңіліп, жарыс жолынан шы­ғып қалды.

Айта кетейік, 27 ақпанға дейін жал­ғасатын Strandja 2022 жарысына әлемнің 36 елінен келген 300-ден аса (206 ер, 139 әйел) былғары қол­ғап ше­бері қатысып жатыр. Ерлер 13 салмақ дәре­жесінде, ал қыздар 12 сал­мақта өнер көр­сетуде. Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 200 мың АҚШ долларын құрайды. Халықаралық бокс федерациясы (IBA) Софияда үздік шыққан саңлақтарды алғаш рет қаржылай сыйлықпен марапаттамақ. Мәселен, биылғы «Странджа кубогы­ның» жеңімпазы – 4 мың, күміс жүл­дегер 2 мың доллар және қолаға қол жет­кізгендер 1 мың АҚШ долларын сыйақы ретінде алады.