Аралас деген аты ғана болмаса, мұндай мектептерде білім алып жатқан оқушылардың дені орыс тілінде сөйлейді, орысша ойлайды. Мектеп қабырғасында ұйымдастырылатын түрлі іс-шара мен жиналыстардың барлығы ресми тілде өтеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгінде оқушылардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде білім алып жатқанын жиі айтады. Бірақ елімізде қазақ мектептерінен гөрі аралас білім ошақтарының көбейіп бара жатқанын елордадағы жағдайдан-ақ айқын аңғаруға болады.
Аралас мектеп – қазақ тілінің өрісін тарылтып, мемлекеттік тіл саясатын өрге бастырмай отырған фактордың бірі. Өйткені дәл осы жүйе ұрпақты орыстандыру үшін жұмыс істеп отыр. Онсыз да санасы YouTube-пен уланып, тілі TikTok-пен шығып келе жатқан бала қазақ тілін қажет санамайды. «Орыс тілін білмесе, балам аш қалады» деген құлдық сезімнен кеңестік кезеңде арыла алмаған ұрпақтың тағдыры келесі буынмен жалғасып жатыр. Тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі өз тұғырына толыққанды орнықпаған соң, орыс тілі өзінің әмірін жүргізеді. Қысқасы, ұлттық идеологияға аралас мектептердің ықпалы жүріп тұр. Жаныңа бататыны, орыс тілінде білім беретін мектептердің шаңырағын құлатпай ұстап тұрғандар да алаштың ұрпағы. Ана тілінен гөрі басқа бір елдің – Ресейдің мемлекеттік тілінің қанат жаюына септесуімен қатар, сол мемлекеттің идеологиялық темірқазығының нығаюына қызмет ететін болады.
Қазақ жерінде орыстілді оқушылардың саны қазақтілділерден көп. Бұл – факті. Тілдің тағдыры ұлтының тағдырымен тамырлас екенін түйсіне білген жан үшін бұл дабыл қағатын, қоғам болып қарсы иммунитет қалыптастыруға жан ұшыра жанталасатын факті. Алаш арыстары айтқан ұлтшылдықтың ең биік белесі де, ең басты белгісі де тіл. Әлем елдеріне көз тастасақ, ешбір елде өз ұлтының тілін білмейтін адам көш басына келіп, халқының тағдырлы мәселесіне араласқан емес.
Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген сөзі бар. Ұлттың жер бетінде ұлт ретінде сақталуы да, жойылып кетуі де тілге келіп тірелетінін жан-тәнімен түсінген Алаш зиялысы «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысатынын» да ескертіп кеткен еді. Сондықтан да келешекте қазақтілді ұрпақты қалыптастырамыз десек, қазірден қазақ мектебінің көшін түзеуіміз қажет. Өйткені қазақтың жанын қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын адам ғана жақсы түсініп, адал қызмет етері ақиқат. Мемлекеттік тілді менсінбейтіндер мемлекеттік мәселені, ұлттың проблемасын қалай шешеді?!
Егер тағы отыз жыл бойы «қазақ тілінің мәселесі қазақ мектебінің санымен шешілмейді» деп немқұрайдылыққа салынсақ, балаларға арналған қазақша контент санын көбейтпесек, қазақты жинап алып, орыс тілінде жиын өткізуді тоқтатпасақ, мемлекеттік тілдің мәртебесін заңмен бекітпесек, биік мінберден айтылар толық сөз қазақ тілінде естілмесе, қолымызды тым кеш сермеп қаламыз. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін мемлекеттік тіл екінші, тіпті үшінші кезектегі мәселе ретінде қаралып келді. Ал дәл қазір арқаны кеңге салатын кез емес. Тіл тұтастығы – жер тұтастығы екенін ұғынсақ, батыл әрі нақты қадам жасауға көшуіміз керек. Өйткені Жаңа Қазақстанның тірегі ұлттық құндылық пен идеологияның негізі – тілде жатыр.
Қазір әлем жұртының назары Украинада. Мемлекеттің ішінен мемлекет шығару – кез келген ұлт үшін үлкен қауіп. Бұл елдің тағы екі облысынан айырылуы түптеп келгенде бірліктің биліктен ғана емес, тілдің тұтастығынан басталатынын түсіндіріп берді. Себебі тілі тұтас елдің жері бөлшектенбесе керек. Тағы бір тарихи факті. Украинадағы төңкерістен кейін 2014 жылы Қырым мен Севастополь билігі Ресеймен қайта қосылу туралы референдум өткізгені естеріңізде болар? Дауыс берушілердің 96,7 пайызы Ресеймен қосылуға қарсы емес екендіктерін білдірді. Осылайша Украинадағы орыстілділердің бәсі басым түсті. Осының өзі бізге сабақ болуға тиіс.