Ең қысқа әңгіме • 24 Ақпан, 2022

Жылу

800 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елден сұрапыл хабар жеткен. Өткен жылы көшіп келген Жеткергеннің үй орманын өрт шалыпты. Оқиғаның қалай өрбігенін, өрттің неден шыққанын әлі ешкім тіс жарып айтқан жоқ. Тек қыс­тың көзі қырауда қиын болған екен дес­ті жұрт.

Жылу

Жеткерген біздің елге кірме. Былтыр шиеттей төрт баласы бар осы отбасы көшіп келгенде ауыл ақ түйенің қарны жарылғандай қуанған. Мектеп жасындағы төрт бала оқушы саны жетпей, енді-енді жабылудың аз-ақ алдында тұрған негізгі мектепке демеу. Ауыл адамдары кірме деп кеудесінен итерген жоқ, қайта бауырына тартып, қолұшын беріпті. Нақ орталықта, иесіз тұрған, жеңді білектей қарағайдан қиып салған төрт бөлмелі үй бар еді. Соны сатып алып берген. Алдына мал салған. Өзі де алдынан жұмыс үркіп отыратын азамат екен. Аз уақыттың ішінде қатарға қосылып кеткен.

Енді міне, ойламаған жерден қыр­сық шалғанын қарашы. Ауылдағы ақсақалдар сәлем айтыпты. Жылу жинасын деген. Облыс орталығында біздің ауылдың тумалары көп. Іле есепшотқа ел қатарлы қаражат аудардық.

– Жылуы несі?.. – депті өткеннің өне­гелі ісі өзегіне қонбаған бозбаланың бірі.

Айдарбек ата әлгіге жақсылап түсін­дірген. Ата-бабаның салты. Ағайынды қысылғанда қолтығынан демеу парыз. Жылу – тіршіліктің дауылы тоңдыр­ған жүректі жылытатын игі амал. Ақсақал­дың бірлікке шақырған бірауыз ләмінен кейін ешкім бас тартқан жоқ. Іргесі босап қалған ауылда бос тұрған үйлер баршылық. Жиналған қаражатқа адам тұрағы болуға әбден лайық тағы бір жөнді үй алынса керек, жиһазға да қарық болыпты. Аяқ-қолы бүтінделген.

Қаладан қолма-қол ақшаны жинап апарған жігіттер Айдарбек ақсақалдың шаңырағына ат басын тіресе керек. Жеткерген де жетіпті. Разылығын біл­дір­­ген. Алғыс лебізін жолдаған. Жа­нында ертіп келген он жасар баласы бар екен. Әлгі баланы Айдарбек ақса­қал­дың отырған орнына бір аунатып алды дейді. Жан адамнан аямайтын жақсылығы жұғысты болсын деген шығар. Шынымен жұқса, ел ішіндегі ескі рәсім ешқашан ескірмейді ғой.

 

КӨКШЕТАУ