Әлем • 25 Ақпан, 2022

Ақпаратқа да талғам керек

545 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлем жұрты ақпарат агенттіктерін аңдып, түрлі оқиғалардың қалай өрбіп жатқаны жайлы жедел хабар алғысы келіп отыратыны анық.

Ақпаратқа да талғам керек

Жылт еткен жаңалыққа елең етіп, құлақ түріп отыратындар қатарында қазақстандықтар да бар. Тұрақсыздық ахуалын жақында ғана басынан өткерген Қазақстан дағдарыс кезінде ақпарат кеңістігінде сүрінудің қандай екенін жақсы біледі.

«Кім ақпаратты иеленсе, сол әлемді басқарады». Бұл сөздің айтылғанына 200 жыл болса да, өзектілігін бүгінге дейін жоғалтқан емес. Тіпті, дәл осы уақытқа қарата айтылғандай. Ақпараттың жойқын күшіне жыл басынан бері көз жеткізіп келеміз. Дәл осындай тұрақсыз кезеңде әлеуметтік желіде халық арасына лаң салып, үрей тудыруды көздейтін арнайы арналар мен аккаунттар көбейіп кетеді.

Украина мен Ресей жағдайында екі елдің ресми ақпаратының өзі бір-біріне сәйкес келмей жатқанда, желіде тараған дүрлікпе хабарлар туралы айтудың өзі артық. Мұндай күрделі кезеңде ресми мәліметтен басқасына сенбеу туралы үнемі айтылады.

Ақпараттық соғыс. Бұл жай айтылған сөз емес. Оның мақсаттарының бірі – үрей тудырып, қоғамға «хаос» дәнін себу. Мұндайда Telegram каналдар қақтығыстың алғашқы сәттерінен бастап белсенді жұмыс істей бас­тайды. Оқиғаға дейін де халықты дүрліктіретін хабарлар таратып отырады. Болмаған оқиғаны болды деп, монтаждалған видеолар мен суреттер таралады. Бұл мәлімдемелерді Facebook желісінде бөліскендер де аз болмайды.

Жалған ақпаратпен күрестің жалпыәлемдік жолы мен тәртібі жоқ. Сондықтан әр азамат жеке жауапкершілігін сезініп, саналы шешім қабылдауы керек. Өтірік пен шындықтың, бөспе сөз бен түп мағынаның ара-жігін ажырата алатын қоғам ғана сын сағатта сүрінбейтіні белгілі. Медиа сауаты жоғары қоғам қалыптастыру турасында ойланбайтын мемлекет жоқ.

Жалған ақпарат таратпауға үндеу қолданушының сөз еркіндігін бұзуды көздемейді. Керісінше ол кибербелсенділердің қармағына түсіп қалмауды ескертеді. Ресми мәліметке сүйене отырып, оқиғаға байланысты пікір білдіру кез келген азаматтың өз еркінде.

Дағдарыс кезінде ақпарат тасқынында батып кетпей, жалған ақпарат таратушыға айналмаудың жолдары қандай?

Ең бірінші, оқыған, көрген, естіген хабарды біреумен бөліспес бұрын бірден тексеру керек. Google секілді іздеу жүйесінде бұл туралы қанша ақпарат шыққанын және оны кім таратқанын қараңыз. Дереккөздер сенімді ме? Ол ресми тіркелген басылым ба? Беделі қандай? Осының барлығына көз жеткізіп қана сенімді болуға болады.

Екіншіден, Google жүйесінде суретпен іздеу мүмкіндігі бар. Әдетте сурет пен видеоны тексеру қиын. Осыған дейін кейбір қақтығыстар кезінде өзге өңірлерде түсірілген бейнелердің тарағаны белгілі. Сондықтан толық көз жетпеген ақпаратты әлеуметтік желіде жарияламаған абзал. 

Үшіншіден, күмәнді, радикалды мазмұны бар немесе белгілі бір іс-әрекетке үндейтін хабарларды бөліспестен бұрын, оның жауапкершілігі жайлы ойланған дұрыс. «Бұл жазбаның мақсаты не?», «Соңы немен аяқталуы мүмкін?» деген секілді сұрақтарды қою артық болмайды.

Маңыздысы, мұндай күрделі жағдайда экслюзив ақпаратты бірінші болып таратқаннан гөрі тексеріп алу маңыздырақ. Сонда ұтылмайтыныңыз анық. 

Айқын шекаралар жоғалған жаһандану мен ақпараттық дәуірде өмір сүрудің бүгінгі шындығы мен қарапайым ережесі осы. Гибридтік тәсілдерді ажырата алатын ақпараттық қоғам қажет. Қазақстан қоғамына ақпарат кеңістігінде шыңдалатын кез жетті.

Бұған әлемді жаулаған пандемия, биылғы қаңтар кезінде анық көз жетті. Facebook пен Whatsapp желілері арқылы келген жаңалықтың бәрі шын емес, көз жұмып сене беруге болмайды. Ақпаратқа да талғам керек. Сыни ойлауды қалыптастыру үшін кемінде біржақты пікірден арылып, екінші, үшінші тараптың даусын ести білу маңызды болмақ. Бұл – баз біреулердің амалы емес, заман талабы.