Әлем • 27 Ақпан, 2022

Украинадағы отты күндер

423 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, Украинадағы қанды қырғын жалғасуда. Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар Ресейдің «арнайы әскери операциясына» тойтарыс беру үшін бірқатар батыл қадам жасап, экономикалық салдары ауыр санкциялар легін жаудырды. Қарулы қақтығыстар ел астанасы Киевті қоса алғанда, бірнеше өңірде жүріп жатыр.

Украинадағы отты күндер

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «ЕQ»

Украинада тұтанған соғыс өрті әзірге басылар түрі жоқ. Үрейленген халық елдің батыс шекарасына ағылып, көршілес елдерден пана іздеді. Польшаның өзіне екі күнде 100 мыңнан аса адам келген. Румыния Украинадан 43 мың азаматтың елге кіргенін мәлімдеді. Одан бөлек азаматтар Молдова, Мажарстан мен Словакия шекараларынан асқан. Соғыстан қашқандардың көбі – әйелдер мен балалар, өйткені Украина басшылығы 18-60 жас аралығындағы ер адамдарды елде қалып, қолына қару алуға шақырды. БҰҰ үйін тастап қашқан босқындардың көбейетініне алаңдаушылық білдірді.

 

Санкцияға ілікті

Соңғы күндері әлем жұрты, әсіресе Батыс елдері Ресейдің әрекетін қатаң сынға алуда. Бұл агрессияны тоқтату үшін түрлі санкция жарияланды. Алғашқыда АҚШ, Ұлыбритания, Еуроодақ елдері Ресейдің жекелеген тұлғаларына санкция салып, қаржы секторын тежейтін шешімдермен шектелген-ді. Батыс елдерінің бұл әрекеттері «әлсіз» екені айтылып, әлем жұрты Ресеймен таразы басын теңестіріп тұрған мемлекеттерден батылдау шешім талап етті. Байден әкімшілігі бастапқыда Ресейдің екі ірі банкін Сбербанк пен ВТБ-ны, сондай-ақ бірнеше ірі компанияны Батыс қаржы нарықтарынан ажырататынын мәлімдеді. Одан бөлек технологияны импорттауға шектеу қойылып, Ресей элитасының активтерін бұғаттайтын болады.

Еуроодақтың қара тізіміне Путин мен Лавровтан бастап, Ресей шенеунік­тері, депутаттар мен қауіпсіздік қыз­мет­керлері, сондай-ақ Беларусь армия­сының командалық құрамының өкіл­дері кірді. Санкцияға Ресейдің 64 негіз­гі мемлекеттік және өнеркәсіптік құры­лым­дары, атап айтқанда қорғаныс және энер­гетика салалары, сондай-ақ төрт банк ілікті. Осылайша, санкция салын­ған жеке тұлғалардың саны 670-ке, ал заңды тұлғалардың саны 113-ке жеткен.

Сонымен қатар Еуропаның бір­қатар елі Ресей авиакомпаниялары­на әуе кеңістігіне кіруге тыйым сал­ды. Бұл мемлекеттер қатарында Ұлыбритания, Германия, Польша, Болгария, Чехия, Эстония, Литва, Румыния, Латвия және Словения бар. Соңғылардың бірі болып жексенбіде Финляндия, Ирландия да қосылды. Ресей де өз кезегінде аталған елдердің ұшақтарына өз аймағында ұшуға тыйым салды. Ұлыбритания премьер-министрі алғашқылардың бірі болып ресейлік «Аэрофлотқа» санкция салған еді. Ал бұл шешімге жауап ретінде Ресей тарабы British airlines ұшақтарын, кейінірек Ұлыбританияға қатысы бар барлық әуекомпания ұшақтарына өз әуежайларында қонуына тыйым салып, ел аумағында ұшырмайтынын мәлімдеді. Осылайша, Батыстың Ресей әрекетіне қарсылығы түрлі салада көрініс тауып жатыр.

Осыған де­йінгі санк­­ция­­­лар­дың же­т­кіліксіз еке­нін айт­­қан бел­сен­ді­лер Ресей­ді SWIFT (Дүние­жүзілік банк­­аралық қаржылық телекоммуникация ұйымы) жүйесінен ажырату мәсе­лесін көтере бастады. Дегенмен Ресей­дің шикізатына тәуелді кейбір елдер бұл қадамға баруға асықпаған еді. Қарулы қақтығыстың үшінші күні Батыс елдері Ресей экономикасы­на ауыр соққы болатын шешімді тал­­қы­лай бастады. Еурокомиссия төр­ағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропа одағы, Ұлыбритания, Канада және АҚШ жетекшілері Ресейдің бірқатар банктерін SWIFT жүйесінен ажыратуды және Ресей Орталық банкіне сыртқы резервтерін алуға шектеу қою жөнінде уағдаласқанын мәлімдеді. Әлемнің 11 мыңнан астам қаржы ұйымы өзара құжат алмасып, қаржылық операция орындайтын SWIFT жүйесін ресейлік кейбір банк пайдалана алмайтын болады. Ал шетелдік резервтегі ақшасына қол жеткізе алмаса, рубль бағамын ұстап тұру қиынға түспек. Соңғы күндері қарастырылған ең ауыр экономикалық соққылардың бірі осылар болатыны анық.

Сондай-ақ Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ресей Федерациясының Украинаға қарсы агрессиясын қатаң айыптайтын және Ресей әскерлерін Украина аумағынан дереу шығаруды талап ететін қарарына тыйым салды. АҚШ пен Албания бірлесіп дайындаған бұл құжаттың жобасын 25 ақпан, жұма күні Нью-Йоркте өткен отырыста Қауіп­сіздік Кеңесінің 15 мүшесінің 11-і қол­дады. Қытай, Үндістан және Бірік­кен Араб Әмірліктері қалыс қалды. Мәс­­кеу БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­т­ы мүшесі ретінде вето құқығына ие.

Осылайша, Ресейдің әрекетін қатаң айыптаған әлем елдері күн сайын жаңа санкциялар легін жария­лап, осы арқылы Ресей президентін Украи­на аймағынан әскерін шығаруға мәж­бүрлеуге тырысып бағуда.

 

Тойтарыс берді

Украинадағы жағдай күн өткен сайын ушыққанын бүкіл әлем бақы­лауда. В.Зеленскийдің айтуынша, ұрыс ел астанасы Киевте, сон­дай-ақ оңтүстікте Одессада және сол­түс­тік-шығыста Харьковта жүріп жатыр. Харьков әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов, Украина ішкі істер министрінің орынбасары Антон Геращенко Ресей әскерінің жексенбіде Украинаның екінші ірі қаласы Харьковке кіргенін хабар­лады. Қала ішін­де кес­кі­­­лес­­кен ұрыс жүріп жатқаны айты­лып, қа­ла тұр­ғын­дарының сыртқа шық­­пай, үй­де немесе жертөледе отыруы сұралған.

Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков Ресей әскері Херсон мен Бердянскке тосқауыл қойып, Украинаның әскери инфрақұрылымына тағы бір зымыран соққысын тигізгенін хабарлаған. Херсон Украинаның оңтүстігінде, Қырым­ның солтүстік-батысында орна­лас­қан, ал Бердянск – Қырымның шығы­сындағы портты қала.

Дегенмен Украинаның Қорғаныс ми­нистрлігі Украина 72 сағат бойы той­тарыс бергенін және ешқандай ірі қала­ның Ресей әскерінің бақылауына өтпегенін айтты. Ұрыс әлі де тоқтаған жоқ.

НАТО-ға мүше елдер Украинаға әскери көмек жіберуге келісті. Чехия Қорғаныс министрлігі шамамен 8,6 млн доллар көлемінде пулемет, шаб­уыл мылтықтары мен тапаншаларды оқ-дәрілермен бірге жіберетінін мәлімдеді. Ал Нидерланд Украинаға қосымша 200 «Стингер» зениттік зымыранын жеткізетін болды. Соңына дейін қару бермейтінін айтып келген Германия өзге елдерге неміс қару-жарағын беруге рұқсат етті, сондай-ақ танкке қарсы 1000 қару мен 500 «Стингер» зымыранын жіберу туралы шешім қабылдады. Ал АҚШ президенті Джо Байден қару-жараққа, соның ішінде танкке қарсы Javelin зымыранын сатып алуға тағы 350 млн доллар беруді ұйғарды. Украинаға әскери техника мен қару-жарақ беруге келіскендер қатарында Франция, Аустралия және өзге де елдер бар.

Сондай-ақ НАТО Украина аума­ғын­дағы ұрысқа байланысты шығыс бло­гын нығайту туралы шешім қабыл­дағанын айта кеткен жөн.

 

Ұрыс екі майдандажүріп жатыр

Ақпараттық кеңістік жайлы да айта кету керек. Шетелдік басылымдар мен Украинаның ресми тұлғалары ұрыс алаңдарынан жедел ақпарат таратып жатқанын көріп отырмыз. Ресей мен Украинаның ресми деректеріндегі алшақтық өте үлкен. Ресей тарабынан ақпараттық ваккум бар екені анық. Күрделі жағдайда Facebook, Instagram желісіне ие Meta, Twitter, Google секілді алпауыт технологиялық корпорация­лар да сырт қалмады. Олар желіде тараған жалған ақ­паратпен барынша күресетінін айт­­қан. М­ә­се­­лен Instag­ram Ресейдің Sputnik, RT, Риа Новос­ти секілді мемлекеттік басылым­дары­ның парақшаларында «Ресей мемле­кеті басқаратын медиа» деген белгі қойды.

XXI ғасырдағы соғыс әрекеттерінің ерекшелігі ақпараттық технологияның дамуында екені сөзсіз. Ұрыс әрекеттері екі май­данда да жүріп жатыр. Anony­mous тәуелсіз хакерлер тобы Ресейдің мем­лекеттік органдарының сайттарын ша­буылдап, олар уақытша істен шық­қаны хабарланды. Ресейдің цифрлық даму министрлігі мұны Ростелеком желісіндегі ақаулармен байланыстырды. Ал Роскомнадзор Twitter, Facebook әлеуметтік желілерінің жұмысын шектейтіні туралы мәлімдеді.

Десе де, мұндай әскери қақтығыс кезінде жарияланған кез келген ақ­па­ратты ресми деректермен салыс­ты­рып, тексеріп алуға кеңес беріледі.

 

Тараптар келіссөзге дайын, дегенмен...

Келіссөзге келер болсақ, Украина прези­денті Володимир Зеленский бірін­ші болып келіссөз жүргізуге ашық екенін айтқан, алайда Ресей тарабы­ның ұсынысына келіспейтінін, ел қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін тиімді келіс­сөздер керек деген сөзі­нен айнымады. Жексенбіде Ресей прези­дентінің бас­па­сөз хатшысы Д.Пес­ков Ресей делега­циясы украин та­рабы­мен келіссөз жүр­гізу үшін Бела­рус­ьке келгенін хабарлады. Алайда Зелен­ский Ресейге көмек көр­сеткен Бела­русь жерінде кездесуден бас тартты. Жексенбі күнгі үндеуінде ол Ук­раинаға агрессия танытпаған басқа жерлерде сөйлесуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ жексенбідегі үндеуінде В.Путин Ресейдің Украинаға басып кіруін «Донбасс халық республикаларына көмек көрсету үшін жасалған арнайы операция» екенін қайта айтып, шептегі жауынгерлердің ерлігіне алғыс білдірді.

Келіссөз Беларусьтен өзге қайда өтуі мүмкін? Осыған дейін Әзербайжан және Түркия көшбасшылары Илхам Әлиев пен Реджеп Ердоған келіссөздер ұйым­дас­тыруды ұсынғаны белгілі болған еді.

Украинада тұтанған соғыс өрті Еуразия кеңістігінде Екінші дүние­жүзілік соғыстан бері қызғыштай қорғалып келе жатқан халықаралық бейбітшілік келісімдері беретін кепілдікке қауіп төндіре ме? Мұны уақыт көрсетеді.