«Украина мен Польшаның мемлекеттік органдарымен жасалған келісімге сай, Қазақстанның 80 азаматы визасыз және ПТР тестсіз шекарадан өтті. Олар эвакуациялық рейсті күту үшін Катовице қаласында (Польша) орналастырылды. Бұған қоса 260 отандасымыз қазақстандық дипломаттармен бірге Украина-Польша шекарасында кезекте тұр. Алғашқы репатриациялық рейс Қазақстан азаматтарының негізгі бөлігі Катовице қаласына келгеннен кейін ұшады», делінген хабарламада.
Украинадағы Қазақстан азаматтарының өтініштері үшін еліміздің Киевтегі елшілігінде, сондай-ақ СІМ-де жедел желі ашылды. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Смадияров мәлімдеді. Осы іске Украинаның Днепр, Львов, Одесса және Харьков қалаларындағы құрметті консулдар жұмылдырылған. Бұл кешенді жұмысқа Польша, Молдова мен Беларусьтегі шетелдік мекемелердің де қосылғаны айтылды. «Мемлекет басшылығы біздің азаматтарымызға репатриациялық рейстерді өтеусіз негізде ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Бүгінгі таңда эвакуациялауға көмек көрсету туралы 528 өтініш келіп түсті. Қазақстан азаматтары негізінен Украинаның келесі өңірлерінде тұрады: Киев қаласы мен Киев облысында – 264 адам, Одесса облысында – 30, Харьков облысында – 18, Львов облысында – 17, Днепропетровск облысында – 13, Полтава облысында – 7, Черкасск облысында – 4, Луганск облысында – 2, Ивано-Франковск облысында – 2, Житомир облысында – 2 адам. Біздің азаматтар автокөлікпен қазақстандық дипломаттармен бірге Киев және Львов қалаларынан Польшаның шекарасына қарай жолға шықты. Варшавадағы біздің елшілік жергілікті билікпен бірлесіп, Қазақстан азаматтары үшін шекарадан Катовице қаласының (Польша) әуежайына жету үшін «жасыл дәліз» қамтамасыз етеді», деді СІМ ресми өкілі.
Белгілі болғандай, репатриациялық рейстің жолаушылары Украина-Польша шекарасын кедергісіз (визасыз) кесіп өтеді, сондай-ақ міндетті карантиннен, ПТР тесттерін тапсырудан және вакцинация паспорттарын ұсынудан босатылады.
Алғашқы репатриациялық рейс Катовице қаласының әуежайынан ұшып шығып, Атырау қаласына техникалық қонғаннан кейін Алматы қаласына жетуге тиіс. Алдағы уақытта басқа да репатриациялық рейстер ұйымдастырылады. Осыған байланысты СІМ Украинаның әртүрлі қаласындағы қазақстандықтардан Қазақстан Республикасының Киевтегі елшілігіне хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұрайды. Мүмкіндік болған жағдайда, Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз бетімен баруды ұсынады.
«Жол-көлік жағдайының күрделі болуына және Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты бұл қиындық тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендеріңізде қалуды, Қазақстан елшілігімен және құрметті консулдықтармен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін біздің азаматтарға барлық қажетті көмек көрсетіледі», деді А.Смадияров.
25-26 ақпанға қараған түні Киевтегі Қазақстан елшілігінің ғимаратында 26 адам, оның ішінде 8 қызметкер, 18 азамат, олардың арасында 6 бала болған.