Саясат • 28 Ақпан, 2022

«Өңір» депутаттық тобы түйіткілді мәселелерді талқылады

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта «Өңір» депутаттық тобының отырысы болды, деп хабарлайды Egemen.kz палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өңір» депутаттық тобы түйіткілді мәселелерді талқылады

Онда сенаторлар аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу барысында айқындалған проблемаларды талқылады. Депутаттар сонымен қатар билік деңгейлері өкілдерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге қатысты мәселелерді де көтерді.

«Өңір» депутаттық тобының төрағасы Ерік Сұлтанов отырысты аша келіп, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу және өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту азаматтарды жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне тартудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Бұл жұмыс ауылдық округтердің қаржылық дербестігін арттыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, салықтар мен алымдардың 4 түрін осы деңгейге ауыстыру есебінен бжүзеге асады. Әрине, бұл шаралардың барлығы өңірлерді нығайтуды көздейді. Бұл мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі», деді Сұлтанов.

Сенатор Дүйсенғазы Мусин Ақмола облысына сапары барысында депутаттар өңір тұрғындары алдында 4 деңгейдегі бюджетке қатысты проблемалық мәселелерді көтергенін атап өтті. Ең маңыздысының бірі – салық базасы төмен болуы және тиісінше, қаржы түсімдері деңгейінің төмендігі болып отыр. Сенатордың айтуынша, Бюджет кодексіне сәйкес, 4 деңгейдің шығындары 19 бағыт бойынша іске асуы тиіс, алайда бүгінгі күні олар толық көлемде қамтамасыз етілмеген.

«Дербес бюджетке төлем көзінен салық салынатын табыстардан жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықты төлеу туралы мәселені кейінге қалдырмай қарай отырып түпкілікті шешу маңызды деп санаймын. Осындай ауқымды шараларды қабылдау арқылы ғана дербес бюджеттегі өзін-өзі қамтамасыз ету үлесін 2025 жылға қарай жоспарланған 35%-ға дейін арттыруға болады», деді ол.

Отырыс барысында салық аударымдарын әкімшілендіруді одан әрі жетілдірудің маңызы атап өтілді. Қаржы министрінің орынбасары Данияр Жаналиновтың ақпараты бойынша ағымдағы жылы жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне төлемдердің 4 түрі бойынша түсімдер берілетін болады. Олар бойынша түсімдердің болжанған өсімі шамамен 13,5 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрлігі заңнамаға әзірленіп жатқан өзгерістер туралы хабардар етті, оған сәйкес 2024 жылға қарай ауыл бюджеттеріне қосымша 3 салық пен төлем түрін беру жоспарланып отыр.

«Өңір» депутаттық тобы отырыстың қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірледі, ол барлық мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.