Әдебиет • 28 Ақпан, 2022

«Түрмеде өлеңдерімді сатқаным рас»

686 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Джимми Сантияго Бака 1952 жылы Мексикада туған. Жас­тайынан жетім қалып, ата-әжесінің тәрбиесінде болған. 

«Түрмеде өлеңдерімді сатқаным рас»

Ол 21 жасында есірткі сатты деген айыппен сотталып, түрмеге жабылды. Темір тордың ар жағында алты жарым жыл өлім жазасына кесілген қылмыскерлермен бір камерада отырады. Сонда да рухы сынбаған ақын бостандыққа шыққан соң,   1979 жылдан бастап шығармашылыққа қайта оралады. 

Оның «Арманшыл баланың хикаясы», «Он үш мексикалық», «Ең қараңғы түн», «Өз жеріндегі эмигрант» сияқты көптеген кітабы баспадан шыққан. Ол бізге берген сұхбатында өмірі, шығармашылығы мен қазіргі әдеби үрдіс туралы айтып берді. 

– Сіздің алты жыл те­мір тор­дың ар жағында отырға­ныңызды бі­леміз, сізді ол жерден алып шық­қан өлең бе, үміт пе?

– Үміт арқылы жаңа өмірге оралдым десем де болады. Аме­­ри­ка түр­мелері бейне то­зақ сияқты. Бұ­қа­ра­лық ақпа­рат құралдары оларды мүлде елемейді, үкіметпен күресуге тіптен дәрменсіз, корпорация­лар тұтқындардың мезгілсіз өлімінен ақша жасап, пайда табуға әдеттеніп алған, оларды мағынасыз үкімдермен өмір­лерін аяқтауға мәжбүрлейді. Ең сорақысы, ондағы қызмет­кер­лердің ақылсыздығы саяси мәртебеге ие болды, тіпті де­мократияның іріңді жарасы да солардың іс-әрекеті деуге болады. Сол уақытта мен қатерлі ісік дертімді ойымнан шығарып, үздіксіз өлең жазу арқылы түрмедегі бейнеттен, әділетсіздіктен өзімді қорғадым. Поэзия түрмедегі көрген азаптарды жеңілдетуге көмектесті. Сол үшін мен бұрын-соңды болмаған үлкен еркіндікке қол жеткіздім. Міне, бұл – өлеңнің күші.

– Түрмеде отырғанда өлең жазып, ондағы сотталғандарға сатып­сыз, тас камерада өлеңді сатып ала­тындар кімдер болды? Қаншаға сат­тыңыз? Сол өлеңдеріңіз есіңізде ме?

– Бұны қайдан оқып алдың? Иә, дұрыс айтасың, мен түрмеде көптеген өлеңімді сатып жі­бердім. Кімдер алды дейсің бе, оны әрине сотталғандар алады да. Жүректен шыққан сол жырларымды амалсыз темекіге, кофеге айырбастадым, былайша айтқанда, оларды саудаға салдым. Ол өлеңдер дәл қазір есімде жоқ.

– Алғашқы жыр жинағыңыз «Өз жеріндегі эмигрант» деп аталады, тақырыбы қызық екен, неге бұлай атадыңыз?

– Чиканостар – байырғы халық. Бірақ тарихтан хабарсыз немесе білімсіз, ешқандай тарихи шындықты мойындамайтын, тіпті оны әдейі бүлдіретін америкалықтар бізге эмигранттар сияқты қарайды. Кез келген ақ нәсілді біздің жағалауымызға басып кіргенге дейін біз жүздеген жыл, қала берді одан да көп бұрын осында болғанбыз. Сен сұрап отырған кітаптың атының тарихы осылай. Әрине, қазір біз өз жеріндегі эмигрант болып қалдық.

– Бұл кітабыңызды оқыр­мандар қалай қабылдады? Ақын ретінде айтарыңызды халыққа жеткізе алдым деп ойлайсыз ба?

– Жақсы қабылдады, бұл кітап көп сатылды. Оқырмандарға ұнамаса, кітаптың бақыты қайтады, күні батады. Бірақ бұл кітап әлі де оқылып келеді.

– Қиын күндеріңізді негіз етіп мемуар жазыпсыз, бұған не түрткі болды? Ақын-жазушы қартайса, мемуар жазу үрдіске айналып кетті ме?

– Бұл сұрағың мен үшін қы­зықты болды. Кез келген шығармада, әсіресе романда немесе мемуарда әрқашан шындықтар өз деңгейінде ашық айтылмайды, мүмкін жазып отырған адамның ой жадысы әр оқиғаны, уақытты толық есте сақтай алмайды, сол үшін қиялға ерік береді. Бірақ мен өзімнің «Тұруға тиісті орын» атты мемуарымда басымнан өткен күндердің шындығын бүкпесіз жеткізуге, нені көрсем, соны жазуға құлшындым. Ақын үшін оның жаны, рухы басым. Әне, сол құндылық ме­нің осы шығармамда маңызды рөл ойнайды. Осы арқылы мен оқыр­мандарыма шындықтың не екенін, өмірдің мағынасы мен қымбатын сезіндіре алдым деген үміттемін.

– Америка әдебиетінің бү­гінгі аужайы қалай? Ол жақ­та поэзия әлі де өтімді ме?

– Америка әдебиетінің көп­теген қыры бар, кейбір жаман жақтары да кездесіп отырады. Әсіресе жас ақындарды ақ­шамен қызықтыру, олардың медиалардың құзыреттілік деңгейін құдайлармен салыстырғаны қын­жылтады. Осының бәрі кейде алаңдағы ойын-сауықты елестетеді. Әрине, еңбекшіл, ізденгіш, байыпты ақындар мен керемет романистер де бар. Америкалық әлеу­меттік оқиғаларға деген сүйіс­пеншілігімізді ескере отырып, біз поэзияны әлі де жақсы көреміз. Оның кең таралғанын ескермей тұра алмаймыз. Өлең қашанда – өлең.

– Әлем әдебиетінің қазіргі бет­бұ­рысы туралы не айтасыз? Кей мем­­­­лекеттің оқырманына, қоға­мы­­на поэзияның еш қаже­ті жоқтай сезіледі...

– Шынын айтсам, қазір әлем әде­биеті тек пайда табуды көздейтін баспагерлердің ойынына айналып кетті. Бұл бірінші рет емес. Олар әдебиеттің өз деңгейін түсіріп, әбден саясиландырып жіберді. Өлеңге зә­ру болмай қалған халық жанын жоғал­тады, Құдайға мұқтаж болудан, қиялға берілу қабілетінен айырылады, бұл – қасірет, тар мағынасында айтсақ, ұят.

– Неліктен Хемингуэй мен Фольк­­нерден кейінгі қаламгерлердің атын ұмыта береміз? Бір қызығы, бұл екеуінің шығармалары әлі де оқы­лады, кітаптары сөреде тұр, жақ­сы шығарма мәңгі оқыла береді дегенге мысал осы болар.

– Бұл сөзіңмен келісемін. Көркем шығарманың құны оның өмір сүру ұзақтығымен өлшенеді, мүмкін кезінде бұқаралық ақпарат құралдары сол шығарманың ел арасына таралуына, оқылымды болуына әсер еткен болу керек, бірақ шығарма нашар болса, бәрібір өмір талқысынан, уақыт сынынан өтпей қалады. Мысалы, халықтық маңызға ие фольклорлар кезінде ауыздан-ауызға таралып, санамызда жатталып қалды. Ал ақындар үшін еңбектің шынайы құндылығы оның поэзиясының қуатында. Поэзия жүрекке шынайы әсер еткенде, ол өмір сүреді, өлмейді.

– Ал мен Тони Моррисонды жақсы көремін, өйткені романдарында батылдық, сүйіс­пеншілік пен мейірімділік бар деп ойлаймын, тіпті оның кі­тап­тарында өмірдің өзі сөй­лейді, кейіпкерлері де шынайы. Бұған не дейсіз?

– Әрине, ол өте талантты жазушы. Ол да басынан өткен оқиғаларды көркем шындық арқылы оқырманына жеткізе алды. Қаламгердің мақсаты – осы. Сөз жүректі елжіретсе, шығар­мадағы оқиғалар оқып отырған адам­ды нандыра алса, ерлік пен ма­хаб­бат, ізгілік пен мейірімділік шы­найы­лық­тан алшақтамаса, бұл – үлкен әде­биет.

– Шығармаларыңыз қазақ тіліне аударылуын қалайсыз ба?

– Кітабы өзге тілге аударылуын қаламайтын қаламгер жоқ шығар. Әрине, айтар ойын, қалыбын бұзбай аударып жеткізсе, қуанар едім. Ол елде де мен сияқты қиындық көрген, ертеңнен үміті үзілмеген ақындар көп шығар. Солардың біреуі болмаса біреуіне әсер ете алсам, сөзім зая кетпеген болар еді.

– Кубада демалып жүрген жеріңіз­ден уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет.

– Өзіңе де рахмет.

 

Ағылшын тілінде әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»