Экология • 01 Наурыз, 2022

Жайық өзенінің жағдайы ел басшылығының тұрақты бақылауында

551 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Вице-министр Серік Қожаниязов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесіп, Жайық өзені бассейнінің түйіткілді мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жайық өзенінің жағдайы ел басшылығының тұрақты бақылауында

Кездесу барысында С.С. Қожаниязов ағынның 80% - дан астамы Ресей аумағынан келетінін атап өтті. Жайық өзенінің гидрологиялық ерекшелігі – өзеннің жылдық ағынының 70% - дан астамы су тасқыны кезеңінде қалыптасады. Осыған байланысты, Жайық өзенінің экологиялық жағдайы үшін тасқын суларының көлемі маңызды мәнге ие.

Жайық өзені бассейнінде 2018 жылдан бастап судың азаю кезеңі басталды. 2001-2020 жылдар кезеңінде орташа ұзақмерзімді ағынды су мөлшері 9,58 млрд. м3 болған кезде ағын су орта есеппен 8,14 млрд. м3 құрады, 2019 жылы тарихи минимумға – 3,5 млрд.м3, 2020 жылы 4,3 млрд. м3, 2021 жылы 3,6 млрд. м3 жетті. Судың аз болуының себебі климаттың өзгеруі және антропогендік факторларға байланысты.

Сондықтан, Жайықтың түйіткілді мәселелері ел басшылығының тұрақты бақылауында.

Жайық мәселесі Қазақстан мен Ресей Президенттерінің кездесулерінде үнемі талқыланып келеді. Президенттер деңгейіндегі соңғы талқылаулар 2021 жылғы қыркүйекте өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 17-форумында, сондай-ақ Президеніміздің 2021 жылғы желтоқсандағы Мәскеуге мемлекеттік сапары барысында жүргізілді.

Екі елдің Премьер-Министрлері 2021 жылғы желтоқсанда Мәскеу қаласында және жақын арада өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы шеңберінде Жайық трансшекаралық өзенінің бассейні бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Жайықтың өзекті мәселелері тараптардың тиісті Министрліктері министрлерінің тұрақты бақылауында.

Тараптардың Тең төрағалары мен сарапшылар деңгейінде бірлескен комиссия аясында тұрақты жұмыс жүргізілуде.

Өкінішке қарай, алдын ала гидрологиялық болжам бойынша судың аз айналымы биыл да жалғасуы ықтимал.

Су аз болған кезеңде су тасқынының 85%-ы Ресей мен Қазақстан аумағындағы су қоймаларында ұсталып, антропогендік фактордың әсерін күшейтеді.

Осыған байланысты, су аз болған жылдары Жайық өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту мақсатында 2020 жылғы қазанда Жайық өзенінің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы бірыңғай Жол картасына қол қойылды және ол 2021 жылдан бастап іске асырылуда.

Бірлескен зерттеулердің негізгі мақсаты – су аз жылдары барынша ағынға жақын су тасқынын қамтамасыз ету үшін Қазақстан мен Ресей аумақтарында орналасқан су қоймаларының жұмыс режимін синхрондау бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Сондай-ақ, тараптар 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасын бекітті және іске асыруда.

Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасын орындау үшін Үкімет пен өңірлердің әкімдіктері Жайық-Каспий бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша, оның ішінде Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары шеңберінде шаралар қабылдауда (су түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары, жұмыс істеп тұрған су қоймаларын қайта жаңарту және жаңа су қоймаларын салу, каналдарды тазарту, өзен бассейніндегі су жинау алаңдарын ұлғайту, рұқсат етілмеген үйінділерін жою және өзеннің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шаралар).

2020 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде 98 млрд.теңгеден астам сомаға жұмыстар жүргізілуде. Қаржылық мүмкіндіктер мен жобалық-сметалық құжаттаманың дайындығына қарай сомалар түзетілуі мүмкін. Мұндай шаралар Ресей тарапынан да қолға алынуда.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарлары аясында Ақтөбе облысының аумағында Елек өзенінің (Жайық өзенінің саласы) ағысын беретін Қарғалы және Ақтөбе су қоймаларын қайта жаңарту жүргізілуде.

Батыс Қазақстан облысының аумағында Киров су қоймасын қайта жаңарту басталды және 2 жаңа су қоймасын салу, суару-суландыру жүйелерін тазарту және күрделі жөндеу, Камен топтық су құбырын қайта жаңарту жоспарлануда.

Атырау облысының аумағында Жайық және Қиғаш өзендерінің гидрологиялық режимін жақсарту үшін түбін тереңдету жұмыстары, суға батқан кемелерді және басқа да ірі көлемді заттарды алу, суару-суландыру жүйелерін күрделі жөндеу, магистральдық су құбырлары мен топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жүргізілуде.

Қараөзен және Сарыөзен өзендері бассейндерінің қазақстандық бөлігіне су беруді жақсарту мақсатында Еділ суын жеткізу шығындарын өтеуге 2020 жылы 2 млрд. 96 млн. теңге, 2021 жылы 4 млрд. 16 млн. теңге бөлінді. Биылғы жылы 5 млрд.164 млн. теңге бөлу жоспарлануда.